Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМерекелерТұлға

КІТАПХАНА ТҮНІ – 2022

Өткен аптада Іле аудандық кітапханасында «Кітапхана түні – 2022» әдеби-жұлдызды кеш өтті. Кітапхана аудан тұрғындарына құшағын  кеңінен ашып, түн ортасына дейін оқырмандарды қызықты да тылсым әлеміне тартты. Кітапхана өзінің сүйікті түнгі оқырмандарына дәруменді жақсы көңіл-күй, минералды-позитивтік қарым-қатынас, микроэлементтік шығармашылық және тез меңгеретін пайдалы білім көздерін ұсынды.

Кітапхана түні кітапхана фойесінде дайындалған «Әдеби-библио бар» алаңынан басталды. Әдеби-библио бардан тәттілер ақшаға емес, білімге сатылды. Оқырмандарға түрлі интеллектуалды «Кітаптар деликатесы», «Библиовикторина» сұрақтары қойылып, балалар ертегілер туралы сұрақтарға және жұмбақтарға жауап беру арқылы тәттілер мен мәмпәсилерден дәм татты.

Сондай-ақ, бұл кеште оқырмандар үшін «Библио турнир» алаңы да қызмет етті. Оқырмандар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, «Теңіз шайқасы» секілді ойындарды қызыға ойнады.

Шара барысында кітапхана оқырмандары балаларға арналған «Библио-феерия» алаңында британдық жазушы Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» шығармасынан көрініс қойды. Сондай-ақ, бұл алаңда «Күлбикенің шеберханасында» балалар шебер қолдарымен түрлі оригами жасап, суреттер салып, мозайка құрастырып,  «Ғажайып-маркет «шарлар әлемінде» тақырыбында шарлардан мүсіндер жасады. Фотосалон «Стоп-кадр» барлық іс-шаралар бойы жұмыс істеді. Балалар әдеби кейіпкер костюміндегі аниматорлық аватарда  селфи жасады.

Кеш «Әдеби шаңырақ» алаңында жалғасын тауып, «Ақындар жырлайды» атты әдеби кеш өтті. Кешке аудан және округтік әкімшіліктің бөлімдерінде қызмет ететін мамандар, жергілікті ақындар, «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығы, зиялы қауым өкілдері, ауданымыздың ардагерлер ұйымы мен қоғамдық ұйымдардың белсенді мүшелері, аудан тұрғындары және кітапханашылар қатысты. Кешті аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Ж. Қасымханова ашты. Ол өз сөзінде «Бүгін рухани ордаға келіп, ойымыз сергіп, жанымыз жадырап, рухымыз дүр сілкініп, жақсы отырыс, әдемі рухани сырласу, жан дүниені байытатын сырлы да сазды кеш өтеді деп ойлаймын» — дей келе, мәдени шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ж.Қасымханованың сөзінен кейін ауыл ақсақалдары сөз алып, жастарға өз өмірлерінен үлгі болар келелі әңгіме қозғап, ақыл-кеңестерін де айтып өтті. «Информбюро» алаңынан  «Түнгі кітапхана әлемі» ақпараты тыңдалып, кітапхананың 2022 жылы жеткен жетістіктері туралы сөз қозғалып, жыл жаңалықтарымен бөлісті. Сондай-ақ, іс-шарада ақындар тебірене жыр оқып, күміс көмей әнші оқырмандар әуелете ән салды. Бұл шарада «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығының мүшелері де тосырқап қалмай, мәнерлеп өлең оқып, әсем ән шырқады.

Қатысушылардың көңілін көтеріп, сергіту үшін «Ойын-күлкі витамин» айдары ұйымдастырылып, кітапханашылар ел арасындағы түрлі әзілдерден  қысқа сахналық көріністер  қойып, кеш  қонақтарымен «Әдеби аукцион»,  блиц-турнир, «Тапқырлар әлемі» интеллектуалды ойындары ойнатылды. Кеш соңында қонақтарға  фуршет ұйымдастырылды.

«Кітапхана түні» әдеби-танымдық кешінің негізгі аудиториясы жастар болды. Ел ертеңі болып, халықты ізгілік пен мейірімге, даналыққа шақыратын жастар кітапханадан тамаша шығармашылық-демалыс аумағын көріп, қазіргі заманауи кітапхана – тек кітап қоймасы ғана емес, нағыз білім беру және ойын-сауық орталықтары екеніне тағы да көз жеткізді.

А. ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button