Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамТұлға

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүниеде пайдалы үш нәрсе бар, біріншісі халқыңа адал қызмет ету, екіншісі әділдік, үшіншісі ар-ұят. Адам осы үш қағида арқылы бақытын табады» – десе, бұл қағида шариғатта да айтылады. Өткенсіз бүгін жоқ. Сәл шегініс жасасақ, бабалардан «Мың қосшыға бір басшы» деп топ бастай алатын, соңынан елді ерте алатын жанның басшылық қасиетін бағаласа, басшының өзі ізінен ерген халқымен ақылдасып әрекет етуі керектігін «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген өнегелі сөз арқылы білдірген. Шынын айтсақ,  2017 жылы «Энергетический» ауылдық округінің ардагерлер ұйымы әр түрлі себептермен тараудың аз-ақ алдында тұрған еді. Дер кезінде ардагерлер ұйымы мүшелеріне білімді де білікті, парасатты, зерделі, патриоттық сезімдері жоғары ардагерлерді тарта білдік. Олардың қатарына Сейдалиев Мақсат, Назарбаев Мұхтар, Барлыбаев Бақытжан, Түймелеев Нұрлан, Сүйіндіков Ғафуржан сияқты қоғам белсенділерін жатқызуға болады. Ауыл, аудан көлеміндегі барлық мәдени іс-шараларға белсене атсалыссақ, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек беру де назардан тыс қалған  жоқ. Барлық атқарылатын істің жоспарын ауыл әкімдігімен  ақылдасып құрып, аянбай еңбек еттік. Нәтиже жаман емес. Ақырындап ел сеніміне ие бола бастадық.

Сөзім дәлелді болу үшін соңғы 4 жылда атқарылған игі істерді саралап көрейік. Мұндағы мақсат мақтаныш үшін емес, кейінгі ұрпаққа рухани азық, үлгі болу үшін, қалталы азаматтарға ой салу үшін жазып отырмын. Оқырмандарға түсінікті болу үшін өткен оқиғаларды ретімен баяндайын.

Атамыз қазақ «Көп түкірсе – көл» демей ме? 2017 жылы бас аяғы 3 айда Өтеген батырға арналған ескерткішке ардагерлер  ұйымының ұйымдастырумен ауылдық округ бойынша 5 миллион теңге қаржы жиналды. Соның ішінде,  Ауған соғы-сының ардагері, жеке кәсіпкер – Нұрлан Түймелеев  Өтеген батыр қорына 300000 теңге, ал халық  қалаулысы, зейнеткер Төрткен Кененқызы 50000 теңге аударып, мәрттік танытқанын жеке атап өткенім жөн болар. Нәтижесінде 2017 жылдың аяғында Өтеген батыр бабаның тоғыз жолдың торабы Қапшағай трассасы бойында керемет талғаммен салынған алып ескерткіш орнады. Ал, 2019 жылы Арыс қаласында болған жарылыс салдарынан зардап шеккендерге көмек үшін округтегі 10 ардагер 150000 теңге аудардық. Бұл біреудің жыртығын жамайтын керемет көп қаржы  болмаса да, адамгершілік тұрғыдан қарағанда, қарлығаштың қанатымен су сепкендей игі бастама болатын. Енді сөз кезегін аталған жылдарда ардагерлер ұйы-мының ұйымдастырумен материалдық жағынан аз қамтылған  отбасыларға берілген қайырымдылыққа бұрайық.

Дана халқымызда «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген сөз бар. Ол өзге жандарға жасаған қайырымдылық ісіңді бұлдап, не болмаса кімге не бергеніңді айтып, жариялауға болмайтынының белгісі. Қасиетті дінімізде де жасаған сауапты ісіңді жария етсең, оның сауабы болмайтынын айтады. Біз де ақ сақалымыз желбіреп, самайымызды ақ шалған кезде ісімізді бұлдау үшін емес, жастарға үлгі, ұрпаққа өнеге болсын деген оймен айтамыз. Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 2019 жылы 10 қазан күні 5 тұрмысы төмен отбасыға 10 000 теңгеден тегін азық-түлік пакеті берілді. Ал 2020 жылы «Құрбан айт» мерекесі қарсаңында 20 отбасыға 170 кг ет тегін таратылып, 3 отбасыға тегін киім-кешек, 20 отбасыға тегін азық-түлік пакеті беріліп, жалпы сомасы 894 000 теңге көлеміндегі қаржыға тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Мұндай қайырымдылық іс келесі жылдары да өз жалғасын тауып, 2021 жыл «Құрбан айт» мерекесіне орай, 11 отбасыға 74 кг ет, 2 отбасыға коммуналдық қарыздарын төлеу үшін ақшалай   210 000 теңге көмек, 11 отбасыға тегін азық-түлік пакеті берілді.

2022  жылы «Құрбан айт» қарсаңында 20 отбасыға 106,5 кг ет таратылса, жеке кәсіпкер Рамазанқызы  Динара 2022 жылдың желтоқсан айында 6 отбасыға  30 кг ет тегін таратып берді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Ержанұлы Данияр  1 отбасыға  30 000 теңге көлемінде тегін азық-түлік  пакетін берді. Сонымен, 2019-2022 жылдары ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен тұрмысы төмен отбасыларға «Энергетический» ауыл округі бойынша 1 966 050 теңге шамасында  қайырымдылық көмек берілді. Бұл аз қаржы ма, жоқ әлде көп пе, бағасын кейінгі ұрпақ бере жатар. Қалай болғанда да біздің атқарған ісіміз ауыл округі тарихында қалары сөзсіз.

Ұлы Абай «Адам ел құрметіне тек қана адал еңбекпен ғана бөленеді» — десе, осы тұста жеке кәсіпкер Нұрлан Түймелеевтің Атымтай жомарттығын ерекше құрметпен атап өткім келеді. Қазақ «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» — деген екен. Ол адами қасиеттері, кішіпейілділігі, еңбекқорлығы, іскерлігі арқасында үлкен табыстарға қол жеткізіп жүрген кәсіпкер. Елге сыйлы азамат болса, аудан, облыс көлемінде танымал тұлға. 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай Нұрлан Президент Қ.Қ.Тоқаевтың қолынан ауданда бірінші болып жылда озық кәсіпкерлерге берілетін «Жомарт жүрек»  сыйлығын жеңіп алып, алтын мүсіннің иегері атанды. Нұрлан – жан-жүрегі мейірімге толы жомарт азамат. Оның жомарттығы мен азаматқа тән мәрттігінің бір белгісі «Желтоқсан көтерілісі» қозғалысының төрайымы, Өтеген батыр ауылының тұрғыны Бағдат Қашқынбаеваға көлемі 120 шаршы метр болатын тұрғын үй салып беруде. Жақын күндері пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл бастама аудан көлемінде сенсация тудырған айтулы оқиға болды десек, артық емес.

2022 жылы 19 қазан күні  Нұрлан ауыл тұрғындарына тосынсый жасады. Сүйікті Пайғамбардың туған күніне (Мәуліт) орай 200 адамға «Жұлдыз» дәмханасынан ас берді. Елдің алғысын, Алланың разылығын алды.

Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің  бірі. Құран-Кәрімде Алла Тағала  «Жақсылық жасасаңдар, оның игілігі өздеріңдікі, жамандық жасасаңдар, оның обалы өздеріңді табады» – десе (Исра сүресі 7-ші аят), сүйікті Пайғамбарымыз әр кез сахабаларына «Бір-біріңмен жақсылық жасауда жарысыңдар. Алланың сыйы мен нығметінен құр қалмаңдар» деп ескертіп отырған. Қайырымдылық – кіріптар, көмекке мұқтаж жандарға жақсылық жасау екенін айтып кеткен.

Қорыта айтқанда қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, ту еткен, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жаны жаралы жандарға жылы сөзі мен нақты ісімен көмек беріп жүрген жүрегінде иманы бар мейірімді жандарға алғысымыз шексіз.

Қайырымдылық жаса, қайырымын өзің көресің.

Қабылан КӨРПЕБАЕВ,

Энергетический ауылдық округі бойынша ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары

Басқа жаңалықтар

Back to top button