Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымҚоғам

Жас полиция қатары артты

Өткен аптада №24 лицейде еліміздің әрбір азаматының патриоттық рухын асқақтатып, жігерін жанатын, елге, жерге деген сүйіспеншілігімізді арттырып, ұлттық мақтанышымызды оятатын ауқымды іс-шара өткізілді.

Салтанатты іс-шара барысында оқушыларға кадет дәрежесі тағайындалып, лицейде «Жас полиция» кадет сыныбының оқушылары салтанатты түрде ант қабылдады. Кішкентай кеуделеріне Отанға деген үлкен махаббаттарын сыйдырған 5-сынып бүлдіршіндерінің әскери форма киісінің өзі олардың нағыз патриот тұлға боларын білдіріп тұрғандай. Залға бойларын тік ұстаған күйі әр қадамдарын нықтап басып, сап түзеп кіргендерінен бастап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындап, Мемлекеттік Туға қарап түзелгендері, тәртіпке сай жеке-жеке ант бергендері саналы да сапалы білім негізінде ерікжігері мықты, батыл, табанды тұлға өсіп келетіндігін аңғартты.

Кадет сыныбының оқушылары азаматтық ұстанымын қалыптастырып, патриоттық тәрбиені бойына сіңіріп, физиологиялық тұрғыдан шынығып жетілетіндігі анық.

Сондай-ақ лицейдің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы, шебер жаттықтырушы, кіші сержант Эльдар Кұрманұлы Сериковтің басқаруымен жас кадеттер Калашников автоматын жартылай бөлшектеу және құрастыру бойынша өнерлерін көрсетіп, көрерменді тәнті етті.

Қазақстанда Алматы облысы кадет сыныбын ашып, орта мектептерде әскери тәрбие енгізген алғашқы облыс екенін атап өткіміз келеді. Бұл азаматтық қорғау жүйесін құру және дамыту тарихына енетін тағы бір жаңа леп. Мектеп қабырғасынан бастап балалар өз тағдырларын игі іспен байланыстыруды шешкендері қуанышты. Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру өзекті міндеттердің бірі болып табылады.

Сонымен қатар, мұндай жұмысты ерте жастан бастап балалармен жүргізу өте маңызды. Өз кезегінде ауған соғысы және тәжік–ауған соғысы ардагерлері, жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері оқыту процесін ұйымдастыру үшін жан-жақты қолдау көрсете отырып, осы жұмысты жалғастыратын болады.

Тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатып, қауіп төнген жағдайда оны аянбай қорғауға дайын нағыз патриоттарды тәрбиелейтін осындай кадет сыныптарының жұмысы жандана берсін!

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button