Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБілім және ғылымҚоғамЭнергетический ауылдық округі

Іле ауданында ұрпақтар сабақтастығына арналған әлеуметтік клуб ашылды

Бағдат ШОЙБАСОВ

Алматы облысы, Іле ауданының Өтеген батыр ауылында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылық қолдауымен «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы салтанатты түрде ашылды. Игілікті іс шараға аудан әкімі Б. Қарасаев, «Samruk-Kazyna» акционерлік қоғамы, қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қолдау басқарушы директоры Ғ. Ауғанов, аудан белсенділері, аудандық ардагерлер кеңесі, аналар кеңесі, ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында сөз алған аудан басшысы Б. Қарасаев, ілеліктерге аудан көлемінде жас жеткіншектердің, әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан бүлдіршіндердің емін еркін білім алатын жаңа ошағы пайда болғанын қуана жеткізді.

Алматы шаһарынан кейін «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубының бұл жобасы ең алғаш Іле ауданында ашылғанын айта кеткеніміз жөн. Енді Өтеген батыр ауылындағы төрт мектептің әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларынан шыққан балалар осы клубта ақысыз білім алады. Білім беру саласы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып саналады. Мысалы, 2022 жылы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының Қамқоршылық кеңесі бұл бағытта 1,35 миллиард теңгеге 9 жобаны мақұлдап, іске асырылды.

«Шыңға өрлеу» жобасы барысында аға буын өкілдерінің арасынан жұмыспен қамтылған 20 мұғалім-тәлімгер тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 1-4 сыныптың 120-дан астам оқушысына күнделікті тегін сабақ береді. Осылайша ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып, өзін жалғыз сезінуден арылуға мүмкіндік алған зейнеткер қариялар балаларға қамқорлық танытып, жылуын сыйлайды, тәжірибесімен, даналығымен бөліседі.

«Аға буын өкілдерін ардақтау, оларға барынша қолдау көрсету мәселесі біздің үнемі назарымызда. Оған «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жәрдемдесуге арналған, бүкіл ел бойынша 1400 қарияны қамтитын «Жеңіс» сынды жобаларымыз дәлел. Көргені көп, өмірден түйген даналығы мол егде жастағы педагог аға-апаларымыздың зейнетке шыққанына, шау тартқанына қарамастан, жас буынды тәрбиелеп, сауатын ашуда белсенділік танытып жатқаны қуантады. Осылайша тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленуші жеткіншектердің тұлғалық дамуына ден қойылып жатыр», – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Жаңа клуб ішінде керек жарақтың барлығы бар. Бір мезгіл тамақ беретін шағын асхана да орыналасқан. Клубта балаларға барлық негізгі мектеп пәндері математика, қазақ, орыс, ағылшын тілдері, IT-технологиялар бойынша үй тапсырмасын дайындауда кәсіби көмек көрсетіліп қоймай, сонымен қатар жеткіншектер дене шынықтыру, сәндік-қолданбалы өнер, шахмат, хореография, музыка, домбыра, үй шаруашылығы және спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қатысады.

«Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы екінші тынысымызды ашып, осыған дейін жинаған бай білім-тәжірибемнің қоғамға әлі де керек екенін сездірді. Жұмысқа келгеннен кейін біз педагог-тәлімгерлер әр баламен бірге балдәурен шаққа саяхат жасаймыз, әлемге оның көзімен қарауға тырысамыз. Мұнда жұмыс істеу маған қуаныш пен ризашылық сезімін сыйлайды. «Samruk-Kazyna Trust» және «Шыңға өрлеу» – биіктерге бірге!», – деп әсерімен бөлісті 42 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты мұғалім, Қазақстан Білім беру ісінің үздігі Сәуле Ботабаева.

Жобаға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» КҚ арқылы 101,6 миллион теңге бөлінді.

Бағдат ШОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button