Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамРухани Жаңғыру

ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ…

Аудандық ардагерлер ұйымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық код пен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру арқылы, қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту мақсатындағы аудандағы бастауыш ұйымдар арасында байқау жариялаған еді. Сол байқаудың шымылдығын Өтеген батыр ауылы бастауыш ардагерлер ұйымы ашты. Бұл кешке Өтеген батыр ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымымен қоса, Н.Әлқожа атындағы әжелер ансамблінің мүшелері, М.Мақатав атындағы №13 орта мектеп ұжым мүшелері отбасы құндылығын дәріптеу, ұлттың қалыптасуының негізі – жанұяда болатындығын айқындайтын: «Ұяда не көрсең…» атты танымдық қойылым қойды.  Мектеп ауласында мерекелік көңілді күй ойнап, болашаққа үлгі боларлықтай әр мекемелер мен мектеп оқушылары өз шығармашылықтарынан көрме ұйымдастырыпты. Мектеп ауласының бір бұрышында әжелер жүн түтіп, ою ойып отырса, енді бір шетінде көңілді күй шерткен оқушылар ауланың сәнін келтіріп тұрды.

Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі, — деген екен әл-Фараби бабамыз. Ал, сол рухани тұрғыдан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, әдебиетіміз бен мәдениетіміз, мақал-мәтелдеріміз, жаңылтпаштарымыз, шешендік өнер, айтыс, жыр-дастан, өсиет термелерімізді тағы басқа да құндылықтарымызбен мақтанатын елміз. Біздің халқымызда «не ексең, сонны орасың» деген асыл сөз бар. Осы бір ауыз сөздің ішіне бар тәрбиені сыйдыра білген ата-бабаларымыз қандай данышпан десеңізші! Ендеше ізгі ұрпақ тәрбиелеуде рухани, имани, адамгершілік қасиеттеріне үлкен мән бере отырып, ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықтарды ұлықтайық. Тәрбие мен мағынаға толы кеште аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Әмзе Әлдибекұлы сөз сөйлеп, болашақ ұрпаққа қарттардың берер тәрбиесінің мол екендігін сөз етті. Одан әрі сөз кезегін округ әкімі Бауыржан Жұмабаев алып, абыз деп айтуға келетін қариялардың бүгінгі еңбегіне алғысын білдіріп, болашақ ұрпаққа өз жүрекжарды тілегін жеткізді. Мейір мен мерекеге ұласқан көңілді кеш қойылымдар мен әсем әнге ұласты.

Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың саналы боп өсуіне берекелі отбасының әсері мол екені сөзсіз. «Әке – асқар тау, ана–бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп табиғаттың тамаша құбылысына теңеген екен. Олай болса ата-анамыз аман болып, бірі-бірімізге жанашыр болып жүре берейік дегіміз келеді.

 

А. АБИРОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button