Іле таңы қоғамдық -саяси газетінің жаңалық порталы
Басты бет
Басты бет
ru kz
Іле аудандық қоғамдық – саяси апталық
Басты бетЖаңалықОбществоСАҒЫНТЫП ЖЕТКЕН ҰЛЫ ЖЕҢІС!
11 Мамыр 2018

САҒЫНТЫП ЖЕТКЕН ҰЛЫ ЖЕҢІС!

Жалғыз ауыз сөзде қаншама терең мағына жатыр. Кез келген істің, қандай күрестің де басты мақсаты жеңіске жету болғанымен, кешегі Ұлы Отан соғысындағы үлкен Жеңістің орны айрықша бөлек. Оған жету үшін қаншама халық жан алып, жан беріскен шайқастарға толы ұзақ та ауыр жолдан өтіп келді. Зарықтырып, сағынтып жеткен ол Жеңісті жақындата түсуге майданның алдыңғы шебінде от пен оқтың ортасында болған майдангерлермен бірге тыл еңбеккерлері де, майдан даласынан шалғайдағы қарттар мен әйелдер де, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар да үлес қосқан. Ол сонысымен де қастерлі, қасиетті саналады. Биыл міне, сол Жеңіс күні елімізде тағы бір мәрте аталып өтіп жатыр.

Ауданымыздың орталығы Өтеген батыр кентінде, орталық алаңда 9 мамыр батылдық пен ерліктің, қаһармандықтың символы болған Жеңіс күнін қатарда сап түзеп тұрған еліміздің жауынгерлік шеруімен қарсы алды. Мерекелік шараға аудан әкімі Қ. Медеуов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы Р. Абилова және кеуделеріне сыңғырлата таққан медальдарымен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері қатысты. Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Қ. Медеуов: «Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі. Сіздерге шын жүректен бақыт пен татулық, әрбір отбасына ізгіліктер мен игіліктер тілеймін. Ардагерлеріміздің дені сау болып, солдаттар мен офицерлеріміз табысты қызмет ете берсін!» -деп елімізге бейбітшілік тіледі.

Отан қорғаушылар мерекесіне орай Отан қорғау қызметіндегі табандылығы мен қажырлы еңбегі үшін сарбаздарды құрмет грамоталарымен марапаттады. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұйрығымен бірінші дәрежелі шекара қызметінің үздігі төс белгісі подполковник Акбаев Ержан Әбуұлына берілді.

Аудан өнерпаздары одан әрі Жеңіс күніне арналған «Ерлікке тағзым!» атты мерекелік шарамен жалғады. Бүкіл әлемді күйзелте келген сол бір сұрапыл жылдардағы оқиға, ел арасынан шыққан батыр да, батыл қазақ қызы Әлияның ерлігі сияқты көріністерден тұратын жүректі жылатар қойылымдарын көрсетті. Әншілер әнін шырқап, бишілер мың бұрала биледі. Елім деп соққан жүректердің шексіз ерлігі бүгінгі күні ашық аспан астында дүбірлетіп мереке өткізуімізге жағдай туғызды. Жанын құрбан еткен аталарымыз бен апаларымыздың батылдығы мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз.

Бұл мереке әр кезде де, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі, ал құрметті ардагерлер, болашақ ұрпақтар үшін, егемен еліміздің тәуелсіздігін қоғаушылардың бәрі үшін жарқын үлгі болып қала бересіздер. Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіздің, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы келісіммен бейбіт өмір сүруде. Сіздердің ерен ерліктеріңіз, қажырлы еңбектеріңіз бен табандылықтарыңыз үшін , құрметті ардагерлер, сіздерге мың алғыс!

Келешек еліміздің дархан даласы кең, аспаны ашық болсын! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елі жасасын!

 

Автор: А. САТЫМХАН