Іле таңы қоғамдық -саяси газетінің жаңалық порталы
Басты бет
Басты бет
ru kz
Іле аудандық қоғамдық – саяси апталық
Басты бетЖаңалықОбществоЖЕТІГЕННІҢ ЖЕТІСТІГІ ЖЕТЕРЛІК
5 Қазан 2018

ЖЕТІГЕННІҢ ЖЕТІСТІГІ ЖЕТЕРЛІК

Жетіген дегенде көз көрген егде жастағылар «Южанка», «Мелитополь», «Черный туман» сияқты дөңгеленген дәмі тіл үйірер қарбыздарын сағыныса еске алысады. Еске алмау үлкен күнә да шығар. Өйткені, ол кездегі қара жұмыс қара халықтың жігерін жанитын. Кеше ғана осы еселенген еңбекпен етене араласқан, Жетігендегі «Рассвет» сүт және бау-бақша саласы бойынша ТМД-ға танымал совхозында жәй мал дәргерліктен бастап үлкен қызметке дейін көтерілген ауданымыздың «Құрметті азаматы», қазір ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Юсупов және «Еңбек Ері» 50 жыл ғұмырын ветеринарлық салаға жұмсаған Құрманжан Атчиев ағаларымызбен өткен өмір іздерін еске алысып, сыр алысқан едік. Совхоз туралы айтары көп азаматтар бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, Кеңес заманындағы «Рассветтің» гүлденген дәуірін жарыса жеткізді. Барлығын қамтуға том-том кітаптың беті қажет. Біз оқырмандарға Іле ауданының 90 жылдық мерейтойына орай аздаған мағлұмат бере кетуді жөн көрдік.

1931 жылы бұл шаруашылықтың төрағасы болып Максим Петрович Дьяченко сайланады. Колхоз адал еңбекшілердің арқасында күннен-күнге көркейіп, аудандағы ірі колхоздардың біріне айналды. Тұрғындардың саны көбейіп, көптеген ұжымдар құрыла бастады. Мектеп, дәрігерлік бөлім, балабақша, дүкендер, байланыс бөлімшелері, кітапханалар, Мәдениет үйі бой көтерді. Колхоз төрағалары ауысып отырды. Бірақ, олардың әрқайсысы Жетіген (бұрыңғы Николаевка) ауылының дамуына өз іздерін қалдырды. Осы орайда ауылдық Советтің төрағасы, «Социалистік Еңбек Ері» халқына адал азамат Жексенбек Құдайбердіұлын айтуға болады. Күн санап Николаевка өсе түсті. Түркісіб теміржол магистралі бірыңғай теміржол жүйесіне қосылып, 1931 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Жетіген станциясы арқылы өтетін болды. Қазақстан Республикасының ономастикалық комиссиясының шешімімен Николаевка 1993 жылдың 22 шілдесінен бастап, Жетіген ауылы деп аталатын болды.

Жетіген елді мекеніне қарасты екі авиациялық ұшқыштар әскери бөлімі жұмыс жасайды. Онда офицерлермен солдаттар азаматтық міндеттерін өтейді. Оны Асқар аға мен Құрманжан ағаларымызда растап отыр.

 

ҚҰРМАНЖАН АҒАНЫҢ АЙТАРЫ БАР

Мысалы, Құрманжан Атчиев ағамыз Алматы қаласының зоовет институтын сәтті аяқтап, 1968 жылдан бастап осы «Рассвет» сүт және бау-бақша совхозында жұмыс жасаған. Ол кезде совхозды Маруп Қасымов басқарып тұрған. Ол кісі осы совхозда жақсы жұмыс жасап, кейіннен «Ленин» орденін алды. 1969 жылы Іле Талғардан бөлініп, орталығы – Жетіген болғанда аудандық партияның бірінші хатшысы болып, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Нұрмаханбетұлы келіп басқарды. Ол кезде «Рассвет» совхозында 40 000 қой, 2 сүт тауарын өндіретін ферма, 136 бас жылқы, 63 түйе болды. Өйткені, әр шопанға қыстақтан жайлауға көшу үшін 1 түйе беретін еді. Ол кезде шопандар 120 шақырымнан аса Сарытауқұм қыстағынан Ойжайлаудан ары Асы жайлауына баратын еді. Көш он күнге созылатын. Сарытауқұмда тұрғанда малшыларға Қапшағай су қоймасынан ауыз су тартылатын. 10-15 күнде автомонша, автодүкендер малшыларды аралап, тауарлармен қамтамасыз ететін. Мал шаруашылығын С. Қастеков басқарды. Ол кісі ұқыпты қысы-жазы осы мал шарушылығының қасынан табылатын.

Жас ветеринар Құрманжан Атчиев ағамыз еңбектегі алғашқы ұстаздары Ұлы Отан соғысының ардагері, бас зоотехник, директордың орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген зоотехнигі Х. Ишкеновтен және С. Қастековтен көп тәжірбие алған. Малдың ақ-қарасын танытқан кісілер осы жаны жайсаң адамдар. Совхозды 4 бөлімше құрды. Шамамен 2000 жуық адам жұмыс жасады. 1-2-3 бөлімшелер бау-бақшаны өсірумен айналысты. Онда жүгері, қауын-қарбыз, егін алқаптары, малдың жемі үшін арпа өсірілді. 1-2 бөлімшеде қарбыз өсірілді. Атақты «Рассвет» совхозының қарбызын білмейтін жан болмады. ТМД мемлекеттеріне жіберілетін. Жылына мыңдаған тонна қарбыз өндірілетін. 2-бөлімшеде пияз өсірілді. 300 гектардай жүгері егіліп, кем дегенде 25 мың тонна сүрлем дайындалатын. Ал, 4 бөлімше қой шаруашылығымен айналысатын. 4-бөлімшеде 40 000 мың қой өсірілсе, 14 мыңы саулық қой, қалғаны тоқты-қозылар болды. Жылына 12-13 бас қозы алса, 10 000 бас қойды ет комбинатына өткізетін еді. Қырықтықта 120-130 тонна меринос қойдың жүнін өндірді.

Алғы шептегі малшылар «Қызыл Ту», Құрмет орденінің иегері Алматай Әшімбеков, Ә. Дүйсенбеков, Ж.Есімбаев, С. Нүсіпжанов, Н.Сыдық 100 бас қойдан 120-130-дан қозы алатын. Жетігеніміз қой шаруашылығы бойынша Еңбек ардагерлері, кезінде елін баққан атамыз А.Әлменбаев, қызылшасы А.Нұрғисаева сынды ерте жасынан еңбекке араласып елдің қамын жеп, ауданның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Айта кетейік, Құманжан Атчиев ағамыздың жары Бақыт Атчиева апамызда 50 жыл ауылдық ауруханада педиатр болып қызмет істеді. Жарты ғасыр бойы ауыл балаларының ауырмай-сырқамай көшені шаңдатып шауып жүргені Бақыт апамыздың ерен еңбегі деп бағалау керек. Қазір екі қыз, бір ұлдарын жетілдіріп, жеткізіп, өз алдарына бір-бір шаңырақтың иесі болып отырған жайы бар.

 

АСҚАРДЫҢ АСУЫ

1976 жыл «Рассвет» сүт және бау-бақша совхозына Асқар Юсупов сияқты жап жас мал дәрігері келеді. Жас маман кейін тәуелсіз елде мәуелі ағаштай өсіп-өнетінін сезбеді. Өзінің өмірдегі ұстазын әкесі Махмұд Юсупов деп санайды. Совхозды Қ.Есімбеков басқарды. Бас зоотехник Н.Аманжолов еді. Ол кезде Құйғанда 4 бөлімше болды. Көбіне мал шаруашылығында болған Асқар аға 4 бөлімшенің алғашқы үшеуі аралас және ірі қара мал, ал төртіншісі қой шаруашылығы болды. Құйған фермасында мал дәрігері болып жұмысты бастайды. Құрманжан ағамен сол жерде танысады. Құйған ауылында екі ғана қазақ отбасы, ал қалғаны өзге ұлттан құралды. Жылдан жылға тәжірибе алып, жұмыста озық көрінген Асқар аға 1981 жылы Жаңаарна ауылындағы тауарлы-сүт фермасына меңгеруші болып тағайындалады. Бұл ферма жаңадан ғана ашылған болатын. 1200 бас ірі қара мал заманауи сүт комплексінде бағылды. Алғашында комплексте 300 бас сиыр бар еді, аз уақыттың ішінде Асқар аға оны 900 бас сауын сиырға жеткізеді. Күніне 12-13 тонна сүтті Алматы қаласындағы сүт зауытына жіберетін. Комплексте сауыншыларға барлық жағдай жасалған. Онда дүкен, медициналық пункт сияқты тұрмыстық жағдайға қажеттінің бәрі болған. Кейін сол жердегі жұмысшыларға бір жарым көшеге үй салынып, берілді. Есімбековтың тұсында ауыл дамудың даңғыл жолында еді. Прибалтикадан «Черный-пестрый, голштинофриз» сауын сиыр тұқымын алдыртып, мал басын көбейтеді. Сонау Қызылорда облысынан келіп арнайы сатып алған уақыттары болған. 1991 жылы Жанаарна сүт комплексіне сол кездегі инженер, кейіннен 1994-1995 жылдары Іле ауданының әкімі болған Владимир Татаркин алғаш рет «сенажная башня» орнатады. Сенажная башня жоңышқаны турап, сақтайды. Сол жылы Президентіміз Н.Назарбаев өзі келіп, «сенажная башняның» жұмысымен танысып, оң бағасын беріп кетеді.

Сүт фермаларын еске алғанда онда тер төгіп, таңның атысы күннің батысына қарамай тонналап сүт өндіретін сауыншыларды атап кетпесек болмас. Сонау 1976 жылдан бері облыстық партия комитетінің мүшесі М.Руднева, Н. Сутенкова, Ж.Дүйсембекова, А. Светковская, малшы Қ.Нүсіпов, А. Құрманбаев, Қ.Наурызбаев, А. Омаров, механизаторлар С. еріқұлов, И. Бекмырзаев сияқты мамандар тер төкті. Комплексте «АДЭМ-8» сүт сауатын аппараты болған, тек қана 1 сортты сүт өндіріп, Алматы сүт зауыты-2 сапалы өнім үшін үстеме қаржы төлеп отырған. Талай рет совхоз, бау-бақшадан және сүтті жоспардан аса орындаудан «Ауыспалы Қызыл Тумен» марапатталды.

«Рассвет» сүт және бау-бақша совхозына қарасты Еңбек ауылында мал бордақылау комплексі болған. Онда мамырда туылған қозыларды жайлаудан түскеннен кейін алып қалып, бағып-қағып ақпанда тоқты-қозыны етке өткізетін. Жылына 10 000 тонна ет комбинатына еңбек ауылынан жөнелтілетін. Міне, алақандай Жетігеннің ауылдары Кеңес заманында бір елді асырайтындай өнім өндірген. Көптеген мықты кадрлар жұмыс істеді. Жұмысшылар комитетіне Цхай деген азамат жетекшілік етіп, 1972 жылдан бастап 1991 жылдарға дейін совхозда жас мамандарға үй салынып тұрды. Ауылға жұмысқа келген жас маманның баспаналы болуға құқығы болатын. Ауданды басқарған Қ.Ұлтарақов пен ауылшаруашылығы басқармасының сол кездегі бастығы Т.Тоқсейітовты Асқар аға ерекше атап өтті. Қазір Асқар аға мен Патыгүл анамыздың балалары еліне қызмет етіп жүр.

Тәуелсіздік таңы атқанда да Жетігеннің гүлденуіне өз үлестерін қосқан Асқар аға мен Құрманжан ағалар зейнет жасына шықса да қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүр.

Жетіген ауылына 2009 жылы тамыз айында Елбасымыз Н.Назарбаевтың арнайы келуімен «Жетіген-Қорғас» теміржол желісінің салтанатты ашылуы болды. 25 тұрғын үй салынып, Күрті округінен 25 жас семьялар көшіріліп әкелінді. Қазір 20 мыңнан аса тұрғыны бар Жетіген ауылында өзге ұлттар аралас-құралас, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Автор: Бағдат ЧОЙБАСОВ