Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
5 Мая 2018

ҰЛЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҮЛКЕН МОНУМЕНТІ

«Қазақ елі» - Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында орналасқан мәдени-архитектуралық монумент. Монумент 2009 жылы ашылды. Монументтің авторлары - Сәрсенбек Жүнісов және Жаңбыршы Нұркенов. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр, бұл – Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың белгісі. Ал оның басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып құс – Самұрық Қазақстанның тыныштығын «күзетіп» тұр. Монументтің түсі – ақ. Ол қазақстандықтардың достыққа адал, бауырмал, ақ ниетін паш етсе керек.

Орталық барельеф – «Халық және Президент» деп аталады. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның сыртында халықтың бейнесі көрінеді. Алдыңғы фигураның биіктігі – 5 м, онда Н. Назарбаевтың Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті бейнеленген. Бұл – біздің тәуелсіз, демократиялық елімізде заңның үстемдік құратынын айғақтайтын нышан. Президенттің сыртындағы халық –

қазақстандықтар, олардың бейбіт, мейірімді көңілін ұшып жүрген қарлығаштар дәйектейді.

Монументтің оң жағындағы екінші барельеф – «Қаһармандық» деп аталады. Онда Отан қорғау қазақ ұлдарының ежелден қасиетті борышы болғанын көрсететін бейнелер шоғырланған. Соның ішінде ерлік пен елдікке үндеген жыраудың, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен бейнелері орналастырылған.

Батыс жақ бетке орналастырылатын «Жасампаздық» атты барельефте авторлар Қазақстанның көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолын бейнелемек болған. Сондағы жасампаздықты туғызған ғалымдар мен инженерлер, металлургтер мен диқандар бейнесі көрінеді.

Ал монументтің шығыс жағындағы «Болашақ» атты барельефте тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары бейнеленген.

Осы идеялардың бәрі Қазақстан халқының тәуелсіздік алғандағы шаттанған сезімдерін бейнелеген «Бірлік» атты мүсіндік композициямен аяқталады.