Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиОбществоАМАНАТҚА АБЫРОЙМЕН ҚАРАҒАН
5 Октября 2018

АМАНАТҚА АБЫРОЙМЕН ҚАРАҒАН

Шығармашыл адам жаңашыл, ізденімпаз болады, өмірі қызық, мақсаттарын жүзеге асыру барысында өз жолын өзі ашып, кедергілерді жеңеді, үздіксіз алға жылжып отырады. Тұлғаның іс-әрекетінің, мақсатының бағыты тікелей әлеуметтік жағдайға байланысты. Әрбір бөлік бірін-бірі дамытып отырады да, жан-жақты дамыған әлеуметтік тұлғаны қалыптастырады. Ондай адам ешқашан ерінбейді, діттеген мақсатына жетеді. Осындай қасиеттерді бойына жиған КСРО және ҚР Халық ағарту ісінің үздігі, «Еңбек ардагері»  атағының иегері Бәйгібала Әскенқызы.

Жаңадәуір ауылы осыдан 2000 жыл бұрын Бектерек ауылы деп аталған. Себебі, мұндағы көпшілік тұрғындар Шу қаласынан көшіп келген Ысты, Бектерек руынан болған. Олар Есентай өзені жағасына қоныстанған. Есентай, Бектерек руының басшысы болған. 1917 жылғы азамат соғысынан кейін, бұл жерге қайтадан жан-жақтан он шақты жанұя көшіп келіп, жаңа өмір бастаған. Сол кездегі ауыл ақсақалдары ұйымдасып, барлық ауыртпашылықтарды жеңіп шыққандығына тәубе етіп, жаңадан өмір бастайық деген ниетпен Жаңадәуір деп атаған. Аштық, колхоздастыру жылдары бұл өңірге Қазақстанның басқа аймақтарынан бұрынғы кеңес өкіметінің құрамындағы республикалардан біртіндеп көшіп келіп, жаңа өмір бастайды. Тарихы тереңге жайылған ауылдың тумасы Бәйгібала апамыз өз елінің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Ардагер ұстаз Бәйгібала Әскенқызы 1942 жылы 13 ақпан күні Жаңа-дәуір ауылында дүниеге келеді. 1949 жылы Жаңадәуір ауылындағы 7 жылдық мектебінде оқиды. 1955 жылы Алматы қаласында Киров атындағы мектеп-интернатына түсіп, 1959 жылы 10 сыныпты бітіріп шығады. 1961 жылы Киров атындағы университетіне (қазіргі әл-Фараби атындағы) «филология» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын Жаңадәуір ауылында аға пионер жетекшілігінен бастайды. Қарасудағы №49 мектебіне бастауыш сынып мұғалімі ретінде жұмысқа орналасады. Кейін осы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүріп,  оқу ісінің меңгерушісі болады. 1971-1976 жылдары облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында әдіскер болып қызмет атқарады. 1976 жылы Жаңаталап мектебіне директор болып тағайындалады. Жұмысымен қатар, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетін «тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқып, 1984 жылы бітіреді. Осы мектепте 16 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлік демалысқа шығады. Бүгінде қоғамдық жұмысқа белсене араласып отырады. Ақсақалдар кеңесіне алғаш мүше болғандардың қатарында болады.

Еңбек жолындағы алған тәжірибелері нәтижесінде, өз қызығушылығы болғандықтан Жаңадәуір ауылының тарихын архивтен қазбалап, көптеген мәліметтерді жинақтайды. Жаңадәуір, Жаңаталап ауылдарындағы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынды болған өзгерістерді қарайды. Колхоз болып ұйымдасқан 1928 жыл екенін анықтайды. Мектептер туралы мәліметтерден 1928 жылы Ынтымақ мектебі болғанын оқып, бұл жылы мәліметте басқа да мектептердің бары анықталады: Дмитриевка, Николаевка, Жәпек батыр ауылының мектебі, Күрті, Талдыбұлақ, Шамалған мектептері. Жаңадәуірде шала сауаттыларды оқытқан 1936 жыл болған.

Шамамен, 1933-1934 жылдары Іле ауданында 33 мектеп орналасқан. Оның ішінде Ынтымақ, Жаңаталап мектептері бар екені жазылған. Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі Нарымбетов деп көрсетілген. Жаңа-дәуір мектебі 1937 жылы ашылады. Жаңадәуір мектебінде Қоянқұс, Ынтымақ, Жаңаталап, Винсовхоздан оқушылар келіп білім алған. Себебі, тек Жаңадәуір ауылында ғана 7 жылдық мектеп болып, қалған ауылдарда 4 жылдық бастауыш мектептер болған екен.

Алғаш ауыл кеңестері әр ауылда өткізілсе, кейіннен 2-3 ауыл бірігіп кеңес өткізіп отырған. 1924 жылдары артельдерге бөлінсе, колхоз 1929 жылы құрылады. Сол кездерде колхозда 10 бригада болады. Олар: Покровка, Первомайка, Ынтымақ, Коянқұс, Жаңадәуір, Жаңаталап, Көк-терек, Әли, Жаңаарна, 10 бригада (Көкөніс өсіретін бригада деп те аталған). Ең алғаш Жаңадәуір артеліннен бастап, колхоз құрылған кезде де Д.Тоқпақбаев басқарады. Кейін С. Бапов, Т. Әбдікәрімов, Ә. Ысбаев, Гаркопенко, Коптелов, Потапов, Құдайбергенов сынды азаматтар басқарған.

Жалпылама алатын болсақ, Іле ауданында мал бағу кәсібі, сүт өнеркәсібі, егін жақсы дамыған. Сиыр фермасы Покровка, Первомайка, Жаңадәуір, Байсерке, Әли ауылдарында болған. Тіпті, құс шаруашылығы  да болғандығы мәлім. Ал, 1930 жылдары орталық трактор станциясы құрылған. Бұл станция Первомайкада орналасып, онда барлық техника шоғырланады.

Әр жылдардағы айшықты оқиғалар ел жадында сақталатындығы, тарихи зерттеулер әлі де болса жалғасатындығы ақиқат. Олай болса осы игі істің жүгін келешек ұрпақ көтереді.

Автор: Айжан САТЫМХАН