Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиІле таңыБАҚУАТТЫ ҚОҒАМДА – БЕЛСЕНДІ БОЛА БІЛЕЙІК!
19 Апреля 2019

БАҚУАТТЫ ҚОҒАМДА – БЕЛСЕНДІ БОЛА БІЛЕЙІК!

2019 жылғы 15 сәуір күні Өтеген батыр ауылы, аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Nur Otan» партиясы Іле аудандық филиалының кезектен тыс ХXV конференциясы өтті. Конференция жұмысына «Nur Otan» партиясы Іле аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Б.Қарасаев, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық Саяси кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Ж.Телпек-баева, аудандық партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Е.Тұрым-бетов, белгіленген өкілеттік нормасына сәйкес жергілікті бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар қатысты.

Күн тәртібіндегі 1-ші мәселе – Партия Төрағасы Н. Назарбаевтың партияның кезекті XVIII съезінде берген тапсырмаларына сәйкес «Nur Otan» партиясы Іле аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Қарасаев Бағдат Әбілмәжінұлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде: «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларын іске асыруымыз керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып бағытындағы тапсырмалары ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Себебі ауданымыз көпбалалы аналар саны бойынша облыс бойынша алдыңғы қатарда тұр. Әр балаға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілуі жерлестерімізге оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Біз осы әлеуметтік көмектің берілу шарты мен мерзімі толық жүйеленгенше әлеуметтік зерттеу жүргізіп, көмекке мұқтаж отбасыларды анықтауымыз керек. Әрбір округ әкімдері өздері басқаратын аумақтағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды анықтасын. Сол тұрғындарды көмекпен және жұмыспен қамту шаралары күшейтілсін. Жұмыс тобына «Nur Otan» партиясының өкілдерімен қатар жастар да кірісіп, тізімнің әділ жасалуын қадағалауы қажет. Тұрғындар әлеуметтік көмек алу үшін мекемелердің табалдырығын тоздырмай, жәрдемақыны уақтылы алуы тиіс – деді.

Жарыссөзде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, партия тобының жетекшісі Әйтенова Жұмакүл Смайылқызы сөз сөйлеп, «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы» ұлттық жобаларын іске асыру бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы тоқталды. Көп балалы аналарға әлеуметтік төлемдерді арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру, соның ішінде тұрғын үй бөлу мәселесі, жыл басынан 2 823 отбасына қайырымдық көмек көрсетілгені, оның ішінде 2 031 – көп балалы отбасыларының мектеп қабырғасындағы балалары тегін тамақпен қамтамасыз етілгені, 707 көп балалы және аз қамтылған отбасы қайырымдылық акциясы аясында қажетті азық-түлік пакеттерімен, 15 отбасы киім кешекпен, 10 отбасы 12,5 тонна көмірмен қамтылғаны жайлы айтты. Бұдан соң «Жетіген» БПҰ төрағасы, округ әкімі Абилев Нұрлан Абилұлы сөз сөйледі. Ол өз сөзінде БПҰ-дағы, партия топтарындағы партиялық жаңа жобалар, оның ішінде «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларын іске асыру барысы жайлы, алдағы саяси науқанға белсенді атсалысуы керектігі жайлы айтты. «Жас Отан» Жастар Қанатының белсенді мүшесі Рақыш Темірлан сөз сөйледі. «2019 жыл – Жастар жылы» деп аталып, жастарға үлкен сенім мен жауапкершілік жүктеліп отырғаны, сол себепті әр іске жауапкершілікпен қарау, іс-шараларды, берілген тапсырмаларды уақытылы сапалы өткізу керектігі, жастар әр бастаманың жалынды жастары болатыны жайлы айтты. Күн тәртібіндегі 2-ші мәселе – 2019 жылғы 17 сәуір күні «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс ХXVI конференциясының шақырылуына байланысты аудандық филиал атынан конференцияға қатысатын делегаттар тізімімен «Іле аудандық орталық ауруханасы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Тлеуімбетова Күнсая Бейсембайқызы таныстырды. Дауыс беру нәтижесінде «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс ХXVI конференциясына Іле аудандық партия ұйымынан ұсынылған 4 делегат бірауыздан сайланды.

Күн тәртібіндегі келесі ұйымдастыру мәселесі қаралды. «Nur Otan» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып  Садыр Тұрсынжанұлы Зәкіржанов тағайындалды.