Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиМедицинаМАМАНДЫҒЫНА АДАЛДЫҚ ТАНЫТҚАН АЗАМАТ
6 Октября 2017

МАМАНДЫҒЫНА АДАЛДЫҚ ТАНЫТҚАН АЗАМАТ

 

 

Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздерімен олардың табысқа жету тарихына мән беріп, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырған болатын. Осы мақсатта елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы құрылған болатын.

Жобаның басты мақсаты – Тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту.

«100 жаңа есім» жобасының алғашқы кейіпкерлері Іле аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімі меңгерушісі, 2017 жылы Алматы облысы бойынша жыл дәрігері атанған Айдын Молдашұлы Елікбаев пен ауданымыздың құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тәңірберген Толғанбаев атамызды мақтан тұтып айта аламыз.

Кезінде философ ақын Шәкәрім Құдайберді «Мейірім, нысап, ақпейіл, адал еңбек»  – осы төртеуі кімнің бойында болса сол шын адам болады», – деген екен. Осы төрт қасиет те бойында бар, ойланып сөйлейтін, білімі мен біліктілігі бекем, батыл қимылдайтын тас түйін азамат хирург-дәрігер Айдын Молдашұлы Елікбаев аз ғана жылдың ішінде ілелік тұрғындардың абыройы мен құрметіне бөленіп үлгерді. Өзінің тағдырымен қамшыдай қатар өрілген дәрігер мамандығын таңдап алған Айдын Молдашұлы үшін атқаратын қызметі ең бірінші орында тұрады. Себебі ол қай уақытта, қандай жағдайда болмасын алдына келген сырқаттардың жанын аман сақтап, өлім мен өмірдің арасына араша түседі. Қу жанын шүперекке түйіп келген адамдардың басындағы қара бұлтты сейілтіп, олардың кеудесіне үміт отын жаға алатын дәрігерлік мамандықтың қаншалықты жауапты қызмет екендігін жақсы білетін Айдын Молдашұлы бұл салаға кездейсоқ келген жоқ.

Жазиралы Жаркент өңірінде дүниеге келген Айдын жасынан жауапкершіліктің не екенін біліп өсті. Әкесі Елікбаев Молдаш есеп қызметкері, анасы Орманова Марха қазақ тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан олардың отбасында әрбір атқарылған іске есеп беруге, жұмысыңның нәтижесін дұрыс қорытындылауға мән берілетін. Үйдің кенжесі әрі ұл бала деп Айдынға жеңілдік берілмеді. Алдындағы үш әпкесіне қандай талап қойылса ерке ұл Айдынға да жүктелетін міндет аз болмады. Бұл отбасында балаларға қатаң талап қойылумен қатар ата-анасы оларды бауырмалдылық пен қайырымдылыққа, ізгілік пен инабаттылыққа тәрбиелей білді.

Дей тұрғанмен бала Айдын ата-анасынан гөрі әкесінің жақын досы Жаркент өңіріне белгілі дәрігер Әлпейісов Тұрысбекке ұқсағысы келді. Т.Әлпейсовтың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, атқарған қызметі жас баланы үлкен арманға жетеледі. Өскенде Тұрысбек аға сияқты дәрігер-хирург болсам ғой деген ой оған бала кезінен маза бермеді. Мақсатына жету үшін жақсы оқып, жауапкершілік жүгін ерте сезінді. Осы арман мақсаты оны С.Ж.Аспандияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетіне алып келді. Университетті үздік бітіріп, осында бір жыл хирургия бойынша интернатурадан өткен жігерлі де, алғыр, сөзі мен ісі астасып жатқан жас жігітті бірден аталмыш университеттің №3 «Хирургиялық аурулар» кафедрасына аға лаборант ретінде қабылдады. Осы қызметімен қатар Айдын Медициналық Апат Орталығында аға дәрігерлік міндетті де абыройлы атқарды. Бұдан кейін 2004 жылы әскер қатарына алынып, Батыс Қазақстан облысы Бейнеу ауылында, одан соң Ақтаудағы ҚР Шекара Қызметінің Әскери Госпиталында бөлім меңгерушісі болды. Үш жыл әскерде азаматтық борышын өтеп қайтқан соң яғни, 2007 жылы туған жері - Жаркент қаласындағы аудандық ауруханада дәрігер-хирург болып жұмыс жасады. Ал, 2008 жылы қайтадан С.Ж.Аспандияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің №1 «Хирургиялық аурулар» кафедрасына ассистент қызметіне шақырылды.  Сонымен бірге №4 Қалалық клиникалық ауруханасында жауапты дәрігер ретінде еңбек етті. Осылайша ол өзінің білімін одан әрі шыңдап, тәжірибесін байытып отырды. Ізденуден жалықпады. Емдеудің жаңа тәсілдерін меңгеріп, шеберлігін жетілдіре білді. Өйткені дәрігер оның ішінде хирург мамандығы өте сақтықты, асқан ептілікті, шыдамдылық пен төзімділікті, ең бастысы білім мен біліктілікті талап ететін мамандық. Бұған ота жасау барысында темірдей қаталдықтың да болуы қажет. Өйтпесең пышақ үстінде жатқан адамның өміріне қауіп төндіресің, көңіліне қаяу түсіресің.

Айдын Молдашұлының жұмыс барсында мұндай сындарлы сәттер, қауіпті кезеңдер аз болмады. Бірегей біліктілігінің, сауысқандай сақтығының, қолындағы скальпелді шебер қолданудың, батылдықтың арқасында қаншама рет адамдарды ажал тырнағынан арашалап қалды. Әлі есінде 2012 жылы №4 ауруханасына ішек жолдарынан қан кетіп, ішкі ағзасы әлсіреген 50 жастағы ер адам жедел жәрдем арқылы әкелінді. Айдын Молдашұлы бастаған хирургиялық бригада дереу ота жасауға кірісті. Пышақ астында жатқан адамның құр сүлдері ғана. Барлық нәрсе жылдам атқарылуы керек. Бір сәтте жаңағы адамның жүрегі тоқтап қалды. Оған дереу қолдан демалдыру жасалды. Өлім мен өмір арпалыса бастады. Айдын қара терге түсті. Тіптен өзін о дүниеге кетіп бара жатқандай сезінді. Ешкімде үн жоқ. Скальпелдің жылдам қимылы мен аппараттың жұмысы ғана естіліп жатыр. Мұндайда қас-қағым сәттегі қимылдың өзі үлкен роль атқарады. Жіті қимылдаудың, асқан ептіліктің, тиянақтылықтың арқасында жүректің қағысы қалыпқа түсті. Ажалдың ауылы алыстап, өмірдің сәулесі молая түсті. Үш сағатқа созылған ота ең соңында өзінің жақсы нәтижесін берді. Осы үш сағаттағы қимыл-қозғалыс, дамылсыз жұмыс Айдынға 30 сағатқа, тіптен 30 күнге татыды десек қателеспеспіз. Мұндай сәтті ойласа осы күнге дейін Айдынның жаны түршігеді. Сол ер адам аман-сау жазылып, отбасына қуана оралғанын ойласа, еңбегінің зая кетпегендігіне шүкіршілік айтады. Міне, осылайша хирургтің жұмысында қауіп пен қатер, қуаныш пен ризашылық қатар жүреді.

Осыны түйсігімен жақсы түсінетін Айдын Молдашұлы алыс, жақын шетелдердегі түрлі медициналық конгрестерге, семинарларға қатысып, ота жасаудың заманауй тәсілдерін ерінбей үйренуді әдетке айналдырған. Мәселен,  Минск қаласында өткен ТМД елдері хирургтерінің ХХІІІ халықаралық конгресіне, басқа да түрлі семинарларға қатысып тұрады. 2003 жылы «Шұғыл медициналық көмек», 2006 жылы «Ішек инфекциясы, инвазия және жұқпалы инфекция», 2007 жылы «Кеуде және іш қуысының кезек күттірмейтін хирургиясы», 2010 жылы «Абдоминалды хирургияда эндовидиеохирургиялық араласулар», «Медициналық оқудағы инновациалық технология», 2016 жылы «Апатты жағдайдағы кезек күттірмес жәрдем» атты тақырыптарда кәсіптік біліктілігін жетілдіру курстарынан өтті. Соның нәтижесінде 2011 жылы бірінші санаттағы, ал 2016 жылы жоғары санаттағы дәрігер сертификатын алды. Бұдан басқа Айдын Молдашұлы «Лапароскопиялық аппендэктомия мен дәстүрлі аппендэктомия арасындағы салыстырмалы талдау» тақырыбындағы ғылыми мақаланың қосымша авторы болып табылады. Өткен жылы Кореяда бір ай оқып, кіші инвазиялық әдістермен емдеудің жаңа тәсілдерін зерттеп қайтты. Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Аудандық орталық аурухана жағдайында жедел аппендицит кезінде эндовидеохирургиялық ота жасаудың дуальды принціпі» және «Аудандық орталық аурухана жағдайында жедел холецистит кезінде дуальды эндовидеохирургия» тақырыптарында баяндама жасады.

Жас та болса білімді, лапароскопиялық ота жасауда мол тәжірибе жинақтаған Айдын Молдашұлы 2015 жылдың соңында Іле аудандық ауруханасының бас дәрігері Майра Әбдіхалыққызы Егембердиеваның шақыртуымен осындағы хирургия бөлімінің меңгерушілік қызметіне тағайындалды. Басқару ісінде талай жылғы тәжірибесі бар білікті басшы Майра Әбдіхалыққызы жас жігіттің бойындағы лаулаған жалынды, іске деген құлшынысты, ең бастысы міндетіне деген жауапкершілікті дөп басып тани алды. Майра Әбдіхалыққызын түйсігі алдамапты. Айдын Молдашұлы мұнда келісімен ол осы бөлімшенің жұмысын дұрыс жолға қойып, лапорскопиялық ота жасауды, кіші инвазиялық технологияны жүзеге асырып, бойындағы теориялық білімі мен кәсіптік шеберлігін жүйелі қолдана білді. Ол сонымен қатар кеудеге және іш қуысына шұғыл және жоспарлы ота жасаудың, холецистэктомиялық, аппендэктомиялық, цистоэктомиялық отаның орындалу технологясын шебер меңгерген. 2016 жылдың өзінде аудандық ауруханада 200 ден астам жоғарыдағыдай әдіспен ота жасалып, бұл жөніндегі көрсеткіш алға ілгерледі. Лапароскопия дегеніміздің өзі кіші тілімдермен үлкен оталарды жасау. Бұл мақсатта Айдын Молдашұлы үлкен жетістіктерге жете алды. Мәселен, 2017 жылы медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында Айдын Молдашұлы Елікбаевтың Алматы облысы бойынша жыл дәрігері атанып, сыйлыққа жеңіл автокөлік алуы осының айқын дәлелі. Бұдан басқа оның облыс, аудан әкімі тарапынан, Алматы қалалық және облыстық медицина басқармасы атынан бірнеше мәрте мақтау, марапаттау қағаздарын алуы да оның тынбай ізденісінің нәтижелі өтеуі.

Жас та болса білікті хирург атанып, жұрттың шапағаты мен ризашылығына бөленіп жүрген Айдын Молдашұлы отбасының тірлігіне де уақыт табады. Ата-анасын қадірлеп күтумен қатар желкілдеп өсіп келе жатқан ұлы Әлихан мен қызы Ділдәнің тәрбиесіне де көңіл бөледі. Бұл ретте оның отын жағып, шамын жарқыратып отырған жан жары Дана Шығанбаева да зайыбының бір жағына шығысып, отбасының беріктігін сақтай білуде. Мамандығы акушер-гинеголог Дана Айдын Молдашұлының үйдегі бар жағдайын жасап отыр. Бала кезінен таңдап алған мамандығына адалдық танытқан Айдын Молдашұлы Елікбаев талай жандардың жүректегі үміт отын ұялатып, оларға сенімділік пен серпінділік, өмірге деген құлшыныс пен талпыныс сыйлаудан жалыққан емес. Жалықпайды да. Өйткені, ол әлі талай биіктікті бағындырып, өз ісінде заңғар шыңдарға қол жеткізуі тиіс. Ол оның өмірлік кредосы.

 

 

Автор:  Роза АЙДАРБЕКОВА