Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиЛичностьЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ МОЛ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН
30 Ноября 2017

ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ МОЛ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН

 

Жігітке жеті өнер де аз демекші, менің қалам тербетейін деп отырған тұлғаның бойынан бәрін табуға болады. Ер азаматты еліне, жеріне жасап келе жатқан еңбегіне, ауылының қамын ойлап атқарған қоғамдық жұмысына қарап бағалайсың. Халқына арнаған жұмысы, айналасындағыларға жасаған жақсылығы ер азаматты қашанда абыройға бөлеп, мерейін асқақтатады. Ол қай істі қолға алмасын, жанын сала кіріседі. Атқарған жұмысының нәтижесін көрмей жаны байыз таппайды. Біздің әңгімемізге арқау етіп алған Жарқынбеков Сұлтан Данашұлы Іле аудандық әкімі ішкі саясат бөлімінің басшысы. Мемлекеттік қызметкерге жүктелетін міндеттің де, қойылар талаптың да жүгі ауыр екендігі баршамызға аян. Соған қарамастан Сұлтан Данашұлы педагогика саласында оқулықтар мен әр түрлі тақырыптарда өлең жазуға, мәдени шаралардың сценарийлерін жасауға да уақыт табады.

Жазы қоңыр салқын, шөбі шүйгін, ауасы көкірегіңді ашатын көк майсалы, сулы да, нулы мекен Жалаулы ауылында дүниеге келген Сұлтан жасынан білім мен өнерге жақын болып өсті. Ауылдың оңтүстік шығысындағы Кеген өзенінің суына шомылып, қасиетті Тоғызбұлақтың қайнарына мейлінше шөлін қандырып, бабасы Жарқынбек, Жетен батыр, Шағыл, Майтұйық сайларында ойнап, күліп балалық шақтың бал кездерін өткізді. Соғыс көріп, тілерсегінен қан кешкен әкесі Данаш пен абзал ана Ләсиман жалғыз ұлдарын бетінен қақпады. Қанша ерке болса да жасынан Сұлтан сабаққа зерек, өнерге жақын болды. Мектепішілік шараларда көпшілік алдына шығып, өлең оқып, ән салудан жалықпайтын. Арманы – әртіс болу еді. Алайда, әртістікті ата-анасының жаны қаламады. Сондағылары – өнер жолына түссе жалғыз баламыз бізден алыстап кетер деген қорқыныш. Әкесінің қалауымен Алматы құрылыс техникумының сәулет факультетін техник-архитектор мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Осы мамандық бойынша көптеген қызметтерге шақырулар көп болды. Үйдің кенжесі болғандықтан алысқа ұзағысы келмеді. 1989 жылдан Қызылту орта мектебінде еңбек, сызу пәнінен мұғалім болып, 1990 жылдан бастап туған ауылы – Жалаулы мектебіне ауысты. Мектепте ұстаз бола жүріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін филолог мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Білген адамға ұстаз болу оңай шаруа емес. Сырт көзге ұстаздың жұмысы жеңіл көрінеді. Көпшілік халықтың ойлауынша мұғалім күнделікті сабағын түсіндіреді, сұрайды, бағалайды. Жоқ, оның бәрі керісінше. Сұраудың да, оқытудың да, тәрбиелеудің де өзіндік қиыншылықтары, әрқилы ғылыми педагогикаларға байланысты жаңаша талабы бар. Бұл мамандық ізденімпаздықты, шығармашылықты талап етеді. Бойында өнердің оты маздаған, жалындаған жас жігіт жұмысын бар ынтасымен атқарды. Оқушыларға сапалы білім беру жолында ізденуден, өз білімін жетілдіруден жалықпады. Сонымен қатар, мектептегі маңызы бар мәдени, әдеби шараларды ұйымдастырып, басқа да қоғамдық жұмыстарды атқаруға да уақыт табатын. Еңбекқорлығымен аз уақыттың ішінде өзі еңбек ететін білім мекемесінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлығы қызметіне көтерілді. Кейіннен Нарынқол ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепке директор болып тағайындалды.

Ал, 2000 жылы Іле ауданының Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектепке директор болып ауыстырылды. Білім шаңырағының гүлденіп, өркендеуіне аянбай еңбек етіп, өз үлесін қосады. 2005 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Бүгінде Іле ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшылығы қызметін абыройлы атқарып жүр.

Жауапкершілігі мол, жүктелер міндеті салмақты мемлекеттік қызметті атқарып жүрген Сұлтан Данашұлының қолынан көп нәрсе келеді. Суретшілігімен қоса, ақындығы да бар. Драматургия саласына да қалам тартқан азамат, «Әнің мені ешқашан өлтірмейді» пьесасын жазды. Атаулы туындыны алғаш сахналаған Райымбек ауданындағы аудандық халық театры.

2011 жылы І-ІІ-ІІІ Бүкілодақтық халық театрлары байқауының лауреаты. Кеген халық театры М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арнап жазған «Астанама көктем келді» музыкалы драмасын сахналап, сахна шеберлерінің жоғарғы бағасын алды. Сұлтан Данашұлы қызмет жасаған орындарында тек ұжымды шығармашылық тұтастыққа бағыттап, әрқашан жеңіс шебіне жетуге жол ашты. Ол басқарған мекеме мен ұжымдар облыстық, республикалық, халықаралық биіктерді бағындырды.

Ұзақ жыл білім мекемесінде жемісті еңбек еткен ол уақытының тығыздығына қарамастан қайта-қайта педагогика саласына бет бұрып, өзінің ойында жүрген дүниелерді жарыққа шығарып жүр. Атап айтқанда, «Халықтық педагогиканы қазақ тілі мен әдебиет сабағында пайдалану», «Қазақ тілін оқытудағы ауыз әдебиеті деректерін пайдалану», Тәрбие жолы сан тарау», «Сабақ – шығармашылық үрдіс», «ХХІ ғасыр мұғалімі», «Жаңа технология қазақ тілі мен әдебиет сабағында», «Жалаулытану», «Ілетану» атты мұғалімдерге арналған ғылыми-әдістемелік оқу құралдары, саясат саласында «Жасампаздық жолдауына – бүкілхалықтық қолдау», «Ішкі саясат: құрылым және технология», «Пришло время конкретных дел», «Қазақстан туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты», «Діни бір-лестіктерге мониторинг жүргізу әдістемесі», «Қазақстан – 2030», «Өрге басқан он жыл», «Жастар кеші көңілді» сияқты еңбектері жарық көрді.

Жазушылықпен қатар ақындық таланты бар дарынды азамат. Ол мемлекеттік тіл саясатының жанашыры. Білім мен өнер тақырыбында өткен облыстық, республикалық сайыстардың лауреаты. Жауапты қызметті атқарып жүріп, шығармашылықтан қол үзген жоқ. Республикаға танымал сазгер Владимир Питерцевпен тығыз шығармашылық әріптестікте жұмыс жасауда. Ұлты басқа болса да, жүрегі қазақ деп соққан талант иесімен Сұлтан Данашұлы бірнеше әндер жазды

Оны жерлестері патриот ретінде құрметтейді. Жетісу өлкесі жайлы қалам тербеп, бірнеше әндерге сөз жазады. Сұлтан Данашұлының «Жалаулы – жұмақ мекенім», «Мен сүйемін», «Жетіген, әнімнің тірегі сен», «Сағынамын мен сені», «Ынтымақ, сен менің жүрегімсің», «Әкеме», «Кегенім бір өзіңе болдым ғашық», «Ауылым – жыр әнім», «Жаңа жыл» тағы да басқа әндері бүгінде қалың жұртшылық аузында. Атаулы туындыларды Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Халықаралық байқаудың жүлдегерлері Н.Әділшеев, Нұршат Данаш, «Эллегия» тобы тағы басқалар орындайды. «Кегенім бір өзіңе болдым ғашық» әніне бейнебаян түсіріліп, ОРТ-1 телеканалдың қорына енгізілді. Ер жігітке жарасар сегіз өнер дегендей ер көңілді, от мінезді Сұлтан Данашұлы өз отбасының алтын қазығы. Жасы тоқсаннан асқан анасы – Ләсиманы, сүйікті жары – Айгүл екеуі аялап бағып отыр. «Анасы бар адамдар қартаймайды», – деген нақыл бекер емес қой. Анасы Ләсима үшін Сұлтан әлі бала болса. Оның өз балалары Сағыныш, Бауыржан, Фараби, Нұршаттың қамын ойлап, олардың бар жағдайын жасап, қатарларынан кем қылмай өсіруде. Балалары да ата-анасын жерге қаратқан емес. Сағынышы өз мамандығы бойынша еңбек етсе, Бауыржаны мен Фарабиі студент. Нұршаты 11 сынып оқушысы. Қазірдің өзінде сүйікті қыздары әншілігімен, үздік оқуымен ата-анасын қуантып жүр.

Әр саланың өз бағыты-бағдары, қиыншылығы мен қызығы еңбек тынысы, жүрек дүрсілі болады. Соның бәрін дер кезінде сезініп, атқарар міндетіңді алдын ала межелеп, соңына дейін жеткізе білсең еш ұтылмайсың. Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің, Алматы облысы білім басқармасының, Алматы облысы және аудан әкімінің қаншама Құрмет грамоталары, сансыз мадақтама марапаттары, 2002 жылы облыс бойынша «Үздік директор» атағын алуы, төсіне қадаған «Астана қаласының 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Ассамблеясының 20 жылдығына» алған мерекелік медальдары оның өлшеусіз еңбегінің дәлелі іспеттес. Алдағы кезеңде берері де мол болмақ. Өткен өміріне ой тоқтатып, зер салса, өкінетін ештеңе жоқ сияқты. Болашақта да бағындырар асулары да, шығар биігі де заңғар болғай!

 

 

Автор: Р. АЙДАРБЕКОВА