Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиРухани ЖаңғыруТАТУЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ
8 Декабря 2017

ТАТУЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ

 

Алты қанат киіз үйдің іші қазақи дәстүрге сай шебер жабдықталған. Керегеге өте талғампаздықпен ілінген түс киіз, кілем, бұрыштағы кебеже, сандық, едендегі алаша, сырмақ көздің жауын алғандай. Үйдің іші абыр-сабыр. Әулеттің атасы Сәбит ақсақал (Сәбит Панжазов мен Сақыш апа (Сақыш Қорабаева) балаларымен бүгінгі келетін қонақты қарсы алудың жайын сөйлесіп отыр.

– Шырақтарым, жаңа шыққан жастардың отауына құтты болсын айтып келу бұрынғыдан қалған дәстүр, – деп бастады өзінің әңгімесін Сәбит ақсақал, көршілер-ден ұят болмасын, дұрыстап күтіп алайық. Кемпір, Шынар (Ш.Сапарғалиева) келін екеуің дастархан мәзірін ұқыптаңдар. Біз мал союды ыңғайластырайық. Соның арасында есіктес отырған көршілердің келіндері де көмекке келе қалды. Бірі дастарханды реттесе, енді бірі күбі пісіп қымыз дайындауда. Біреулері ыстық бауырсақты тегенеге салып алып кірді. Көп ұзамай бір топ адам «құтты болсын» айтып, шашуларын есіктен төрге дейін шашып кіріп келді. Амандасып, қал-жағдай сұрасып, үлкендері төрге, одан жастаулары төменге жайғасты. «Аман-есенсіздер ме», «Бала-шаға, мал-жан аман ба?», «Өз алдыларыңа отау көтергендерің дұрыс болыпты», «үйдің іші ырысқа толсын» дегендей күбір-күбір әңгіме басталып, арасында әзіл-қалжың айтылып келген қонақтар мен үй иелері арасында жарасымды қарым-қатынас орнады. Бата беріліп, қонақтар дастарханнан дәм тата бастады. Бір кезде Мұрат нағашысы (М.Мықышев) орнынан тұрып үй иесі Сәбит ақсақалға «Сәке өзіңіз білесіз қазақта «ат байлар» деген дәстүр бар. Нағашысы ретінде бір ат алып келіп едім. Соны қабыл ал», – деп далаға беттеді. Басқалары да қарап қалмай өздерінің жаңа отауға әкелген сый-сияпаттарын, тарту-таралғыларын үй иелері Ерболат пен Шынарға тапсырып, әңгімені қыздырып,  арасында қонақ кәде ретінде ауылдың «алты ауызын» айтып ортаны әнге бөледі. Туыстардан басқа, келген көршілердің ішінде орыс, түрік, ұйғыр, татар ұлтының өкілі болғандықтан әр ұлттың әні айтылып, биі биленіп жатты. Сый ретінде байланған жылқыны көріп келгендер де бір бұрышта өзара кеңесіп жатыр:

– Біздің міндет жаңа отаудың босағасына ат байлау. Мініс көлігі етесіз бе, әлде соғымға сойып аласыздар ма, қажеттеріңізге қарай көресіздер, – деп Мұрат ақсақал жөнін айтса, әулеттің үлкені Сәбит ақсақал:

– Соғымнан гөрі мінуге ыңғайлы екен. Ұлым – Ерболатқа (Е.Сейлханов) мініске ат қажет еді. Білгендей әкепсіз. Көп рахмет, сізге! Өзіңізге жақсылықпен қайтсын, – деп ағынан жарылды. Отырыстың  көрі қызып, дастархан басындағылар әндетіп, думандатып жатыр. Әзіл-қалжыңдары да жараса кеткен. Туыстардың рөлін ойнаған О.Тоқымбаев, М. Қадірбердиева, Р.Шопышева, түрік көршілері Б.Ахметов, С. Гасанова, орыс көршілері Ф. Кусаенова, ұйғыр қоңсылары Р. Ушурова, Д. Зунунов, татар және өзбек қоныстастары Н.Ишекенов пен А. Бозжанқызы жерлестерін өз өнерлерімен тәнті етті. Қарапайым ауыл тұрғындарының образға кіргендері соншалық көрермендер өздерін үлкен бір театрда отырғандай сезінді. Басқаларын қайдам біздің көз алдымызға қарапайым ауылдағы көршілер арасындағы әдемі   барыс-келіс, жарасымды қарым-қатынас елестеді. Сахна төріндегі  алты қанат киіз үйдің ішіндегі келген қонақтар кәдімгі көршілерінің үйінде отырғандай өздерін емін-еркін ұстап, рөлдерін тамаша ойнауда. Бірінің жүзінен жасандылық байқалмайды. Өздерін сахнаның патшасындай сезінуде. Соңында келген қонақтар отау иелеріне ақ баталарын беріп, ас қайырып орындарынан тұрғандығы да сондай нанымды. Шынайы өмірді бейнелеген. Білген адамға  қонақтар мен үй иелерінің арасындағы мағаналы әңгіме, орнымен айтылған әзіл, келіннің дастархан жаюы, туыстары мен көршілерін  ибалықпен күтіп алуы барлығы да қазақи тәрбиге, тағлымға тұнып тұр.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы Алматы облыстық Ақсақалдар ұйымының «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты бастамасы негізінде ауданда өтіп жатқан «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты акцияның тізгінін ұстаған жетігендік ақсақалдар қойған «Жаңа отаудың қоныс тойы» қойылымы шын мәнінде тамаша орындалды. Алды сексеннен асқан, арты алпысқа иек артқан аталар мен апалар бүгінгі тақырыпты толық ашу үшін кәсіби өнер шеберлері сияқты образдарын нанымды көрсетіп, бірден көрермендердің көңілін жаулап алды. Залдан «Бәркелді! Дайын театр ауылымызда бар екен ғой», – деген дауыстар да шығып жатты. 

Шын мәнінде бұл шараға жиналған халық, әсіресе жастар атадан келе жатқан жаңа отаудың қоныс тойының жаңғырған түрін көріп, көңілдеріне ой түйіп, қазақи тәрбие-тағылымның көкейлеріне тоқып алғандығы сөзсіз. Шараның жоғары деңгейде өтуіне ауыл ақсақалдарының жұмыла атсалысуы осындағы жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы тығыз қарым-қатынастың нәтижесі. Айналып келгенде ол Жетіген ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әбілұлы Әбілевтің халықпен қоян-қолтық араласып жұмыс істейтіндігін көрсетеді. Ауданның «Құрметті азаматы», ауылдың қадірменді ақсақалы Асқар Махмудұлы Юсупов та әкімнің барлық бастамаларын кеңінен қолдап, ардагерлердің белсенділігін арттыруда барлық мүмкіндікті жасап отыр.

Шара соңында осы акцияны қорытындылаған ауыл әкімі Н.Әбілев жерлестеріне үлкен ризашылығын білдіре келе қазақтың бұрыннан келе жатқан дәстүріне сай әр округтен ат арылтып келген ақсақалдарға шапан жауып, аяулы аналарға камзол кигізді. Қонақтарды кәсіпкер А.Розахуновтың мейрамханасына ерулікке шақырды. Әрине, алған-бергенде тұрған түк жоқ. Мәселе, ата-баба дәстүріне сай келген қонақты үйден құры шығармау. Бұл да болса сыйластықтың, үлкендерге деген құрметтің белгісі.

Жетіген ауылдық округі мен Ақсақалдар ұйымы бірігіп өткізген  «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» акциясы шын мәнінде осы тақырыпты толығымен ашты. Көршіңмен татулық адамдардың бір-бірімен сыйластығын, бауырмашылдығы мен ағайынгершілігін нығайтады. Ендеше, жетігендіктер бір ғана жаңа отаудың қоныс тойы арқылы жастарға ел өмірі, тіл – өнер туралы сабақ, салт-дәстүр, әдеп-инабат тағылымы берілді. Тіршіліктің нәрін, көңілдің әрін, өмірдің сәнін келтіріп, көрермендерге шуақты сезім сыйлады. 

 

 

Автор: Роза АЙДАРБЕКОВА