Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиКультураСАРЫТАУҚҰМ ДҮР ЖЫРЫМЕН ДҮРЛІКТІРГЕН
1 Января 2018

САРЫТАУҚҰМ ДҮР ЖЫРЫМЕН ДҮРЛІКТІРГЕН

Ауданымыздағы «Сарытауқұм» ән--би ансамблі – жер жәннаты Жетісу мәдениетінің тарихының бір бөлшегі десек артық айтпаймыз. Іле ауданындағы көптеген аға буын өнерпаздарының өмірбаянын қарайтын болсақ, өнер әлеміндегі жолдары «Сартауқұм» ән-би ансамблінің құрамына қабылданғаннан кейін ашыла бастағанын байқауға болады. Әлбетте, бір сахнада эстрадалық орындаушылар да, бишілер де, сонымен бірге ерекше жанр әртістері де өнер көрсеткен жалғыз құрамның облыс көлемінде теңдесі жоқ. Сонау 1980 жылдардың басында құрылған «Сартауқұм» ән-би ансамблінің атағы сол кездері аудан көлемінде ғана емес, облысқа таралған атағын әлі қорғап келеді. Өзінің қырық жылға жуық шығармашылық жолында ән-би ансамблі өзінің репертуарын халықтық музыкамен және заманауи эстрадалық ән-би жобаларымен толықтыра отырып, үнемі өсу үстіндегі үлкен шығармашылық жолдан сәтті өтуде. Ізгі істің жалғасы болып өткен жылы желтоқсан айында «Сарытауқұм» ән-би ансамблі Алматы қаласындағы Қазақконцерт ұжымы ұйымдастырған «Ұлттық дәстүрлі өнер байқауы – 2017» конкурсынан «Ең үздік ансамбль – 2017» номинациясын жеңіп алып, арнайы шақыртумен гастрольдік сапармен Түркия елінің Сахария шаһарының сахнасында өнер көрсетіп келді. Барлық ансамбль мүшелері TEŞEKKÜR BELGESI-дің алғыс хатымен марапатталды. Әр елге барған сайын ауданымыздың есімін тасқа басқандай етіп өз өнерлерімен есте қалып жатыр.

Ансамбль түрлене түсуден жаңылмаған. Жас әншілер келіп өз орындауларындағы репертуарларын жаңартты. Жас өнерпаздарды айтар болсақ дәстүрлі әнші, облыста өткен Тұңғыш Президент күніне орай өткен «Елім деп соққан жүрегі» патриоттық әндер байқауынан І-орын иегері Ақылбек Жаңабаев, әнші Нұрлан Әділшеев, эстрадалық әншілер Даниял Оңдасын, Перизат Шәпиевалар бар. Жақында ғана Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министр-лігінен арнайы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін әнші, аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ержан Исатаевқа аудан әкімі Қ. Медеуов өз қолымен табыстады. Осылай олар «Сарытауқұм» ән-би ансамблінің негізін құраған ардагер әншілеріміз Қалнияз Жанжігітов пен ансамбль солисті болған ауданымыздың құрметті азаматы Гүлнар Ахметбаева, дирижер Нұрлан Керімбаевтардың сара жолын жалғастырып келеді.

Мәдениетіміздің тарихының бір бөлшегі болып саналатын «Сарытау-құм» ғұмыры ұзақ болып, аға буынның жетістігін қайталайды деп сенеміз. Осы тұста айта кететініміз, игі істердің басы-қасында жүрген жаңадан тағайындалған аудандық Мәдениет үйінің директоры Арай Кенжетаеваның еңбегі зор. Ол алғаш болып латын әліпбиін Чапай ауылындағы Мәдениет үйіне қолданды. Қазір акт залында барлық мағлұматтар латынша жазылған. Әрине жаңғырудың жолындағы оң өзгерістер аудандық Мәдениет бөлімінің тікелей араласуымен болып жатқанын да айта кеткен жөн. Аудан көлеміндегі барлық маңызды қоғамдық жиындар мен іс-шараларды өткізуде заманауи технологияларды қолдануда. Жақында ғана LED экранын қолданысқа енгізді.

Жалпы өнерді құрметтеу, өнер адамдарына қалыпты жағдай жасау жағынан ауданымыз ежелден қалыптасқан дәстүрі бар. Бұл жағынан ілелік өнерпаздар ешкімнен кенде қалып жатқан жоқ. Сондықтан да, мәдениет саласының қызметкерлері Елбасымыздың мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруды» зор қолдау білдіре отырып, өркениет шеңберінде ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің жаңартып, жасартып жарыққа ұсыну үшін болашақта аянбай еңбек ете беретін болады.

Автор: Бағдат ЧОЙБАСОВ