Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиЛичность​АБЫЗ АҚСАҚАЛ, АҢЫЗ АДАМ
5 Января 2018

​АБЫЗ АҚСАҚАЛ, АҢЫЗ АДАМ

Ел еңсесін көтерер, тәуелсіздігімізді тұғырлы етер, саяси мәні бар жұмыстарға атойлап кеп белсене араласып, хан базардың бел ортасында жүретін, таудан түспей, қайта заңғар биікке қарай құлаш сермейтін дана қарттар, ақылман абыздар ілуде біреу болса, сорының бірі де, бірегейі – Нұрмұханбет Қасымұлы Қасымов! Іле ауданының Әли ауылында туып-өсіп, 14 жасынан еңбекке араласып, соқа айдап, жер жыртып, егін егумен айналысқан Нұрмұханбет ағамыздың мал шаруашылығы саласындағы өмірлік тәжірибесі де бір дастанға арқау боларлықтай дүние. Туған ауылына туын тігіп, кіндік қаны тамған қасиетті жердің ыстығына күйіп, суығына тоңып, еңбегімен құрметтің төріне көтеріліп, 90 атты заңғар биікті бағындырған абыз ақсақалдың аудан үшін аңыз адам екендігі сөзсіз. Өйткені, оның жүріп өткен еңбек жолы, өмір белестері бүгінгі ұрпақ үшін шежірелі тарих, ақиқатқа айналған аңыз. Аудан халқы осындай абыз ақсақалымен, аңыз адамымен мақтанады.

 

ӨМІР АҒЫСЫ НЕМЕСЕ СҮРЛЕУЛІ СОҚПАҚТАР

Әли ауылында туып-өсіп, мектепті бітірген соң, яғни, 1946 жылы Алматы консерваториясының киноактерлік факультетіне оқуға түсті. Қазіргі Республикаға танымал болған өнер қайраткері Нұрмұхан Жантуринмен, марқұм Кенебай Қожабековпен бір топта оқып, студенттік өмірдің дәмін татты. 2-курсты тәмамдаған соң осы топ Тихон Семушкиннің романы бойынша «Мосфильм» студиясы түсіретін «Алитет тауға кетеді» киносына шақырылды. Нұрмұханбетке басты кейіпкер Алитеттің ролі ұсынылды. Түсіру тобының Мәскеуге аттанар сәті жақындағанда ол қош айтпақ болып екі қуанышын ата-анасымен бөліспек мақсатында Әлиге келді. Алайда үйдің көңілсіздігі оның қуанышына су сепкендей болды. Аз ғана уақыттың ішінде анасы аурудан жүдеп кетіпті. Басын төсектен көтере алмай сырқаттанып жатқан анасын көргенде тілін тістеп, өзінің сапарға шыққалы жатқандығы жайлы ләм-мим демеді. Анасы Аралтай сырқатынан әбден сауығып, үй тіршілігіне араласа бастаған соң, Нұрмұханбет енді бағын авиация саласында сынамақ болып, досы Әбілқайыр Райымқұлов екеуі Саратов облысы Краснокут ауданындағы ұшқыштар даярлайтын училищеге жол тартты. Училищеге қабылданып, көп ұзамай сабақ та басталып кетті. Мұндағы темірдей тәртіпке жасынан пысық, қажырлы, шыдамды болып өскен Әлиден келген жас жігіт тез көндікті. Теориялық сабақ, тәжірибемен астасқанда сабақ қызықты бола бастады. Ұлы Отан соғысында жауға қарсы әуеден оқ жаудырған «У-2» самолетіне отырып, ұшудың әдіс-тәсілін үйренді. Бірақ, оқу бітірген соң Сібірге барып жұмыс істейтіндіктерін біліп, ауылға қайта оралды.

Ауылға келген соң екі қолға бір жұмыс – колхозда қамбашы-кассир болды. Жап-жақсы еңбек етіп жүргенде тоқсан сайын әскери комиссариаттан шақыру келеді. Комиссия болған кезде анасының жалғыз асыраушысы ретінде кейінге қалдырылады. Ақыры 1949 жылы әскерге алынып, Қиыр Шығысқа, теңіз флотына жіберілді. Осылайша Нұрмұханбет теңізші жөніндегі курстың тыңдаушысы болып шыға келді.

Жас кезінен алғыр да батыл болып өскен Нұрмұханбет өзіне бұрыннан таныс емес кәсіп – теңізшілікті жаңадан бастаса да команда құрамының алдында беделі зор еді. Тіптен матростардың өзі Әлилік жігіт алдында да сыпайы, жіптіктей болып жүретін. Оның аз ғана уақыт ішінде осындай атақ, абыройға бөленуі біріншіден, теңізшілік оқуды үздік окығандығынан, екіншіден, жаңадан өндірісте пайдаланыла бастаған аппаратураны оңай меңгеріп алғандығынан және орыс тіліне сауатты болғандығынан еді. Соның арқасында небір дауылды, бұрқасынды, тұманды су асты бедерін, ойлы-қырлы жерлерді ешбір қиындықсыз тауып отыратын. Кәнігі теңізші сияқты кеменің жүрер жолына белгіні дұрыс қоюдан жаңылған емес. Өз ісін мұқият атқаратындығынан да командир кейбір кезде оған жауапты міндеттерді жүктеп, қажет болса ақыл да сұрайтын. Ал бос уақыттарын ол зая кетірмеді. Білімін одан әрі жетілдіру үшін ғылыми-көпшілік журналдарды Қиыр Шығыстың тарихына байланысты зерттеулерді, әдебиеттерді көп оқыды. Шексіз де шетсіз айдынның тылсым құпиясын білуге, теңіз астындағы тіршіліктен хабардар болуға ұмтылатын.

Оның теңіз флотында әскери қызметі осылайша 5 жылға созылды. Жылдан жыл асқан сайын мінез-құлқы қатайып, жауапкершілігі артып, батыл да, өткір болып, тәжірбиесі барынша молайды. Қасымовтың іс-әрекетін, қарым-қабілетін назарынан тыс қалдырмайтын кеме командирі бірде:

– Осы сен партияға өтсең қалай болар еді, – деп оған сынай қарады. Коммунистік партияның қатарында болуды армандағанымен де, ол туралы батылы жетіп, әңгіме бастай қоймаған ол қуанып кетіп, бірден өтініш жазды. Партия жиналысында әріптестері оны бірден коммунистік партия мүшелігіне қабылдады. Ол заманда партия мүшесі болу ең үлкен бақыт, зор құрмет еді.

 

АУЫЛҒА ОРАЛУ

Бақандай бес жыл Қиыр Шығыста болып, ондағы теңіз біткенді түгел шарлап, теңізшіге тән соқпақты жолдарды, бұрқасынды дауылдарды басынан өткерген ол туған ауылына ой-өрісі жан-жақты жетілген білікті де, білімді, көрікті де көрегенді азамат болып оралды. Өмірге деген көзқарасы да өзгерген. Салмақты да сабырлы, мейірімді де ақкөңіл. Әскерден абыроймен оралдым деп, шәниіп жатып алмай, келе ұжымшарға жұмысқа кірді. Көп ұзамай өзінің сүйгені Айманмен көңіл қосып, шаңырақ көтерді.

Сол жылдары Нұрмұханбет бұрын өз алдарында жеке-жеке шаруашылық болған Дмитриевка, Жаңаталап, Әли ауылдарының басы біріктіріліп, құрылған «Новый Путь» атты жаңа ұжымшардың егіс бригадасының есепшісі еді. Әрі коммунист ретінде жаңа шаруашылықтың тексеру комиссиясын басқаратын. Арасында кассирлік, қоймашылық жұмыстарды да қоса атқарып жүрді. Өз ісін ұқыпты, әрі адал атқаратын жас жігітке шаруашылық төрағасы Михаил Котляров үлкен сенім арта білді. Қандай іс тапсырса да жауап-кершілікпен атқаратынына көзі жетіп, 1957 жылы оны тауарлы-сүт фермасының меңгерушісі етіп тағайындады. Сол жылы Нұрмұханбет Қасымов халық депутаттары селолық Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Ұжымшар төрағасы да ферма меңгерушісіне ақыл-кеңесін айтып, басшылық қабілетіне күш-жігер беріп отырды. Үш жылдан соң «Красный Путиловец», «1 Мая» және «Новый Путь» ұжымшарлары біріктіріліп үлкен бір «Қазақстанның 40 жылдығы» атты ұжымшар құрылды. Колхоз басшылығына «Мичурин» колхозында бас зоотехник болып қызмет атқарған Горкопенко тағайындалды. Жаңадан құрылған ұжымшар бастығы келісімен жұмысты мықтап қолға алды. Ол әсіресе қой шаруашылығына қатты көңіл бөлді. Өйткені бұрын үш шаруашылықтың қарамағында жүрген шопандардың басын бір жерге біріктіріп, қой отарларын топтастыру бірден оңай болған жоқ. Горкопенко осы жауапты учаскеге тыңғылықты, іскер, білікті басшы іздегенде, бұрын «Новый Путь» ұжымшарында төрағаның қой шаруашылығы жөніндегі орынбасары болған Әтір Жаңабергенов Нұрмұханбет Қасымовты алға тартады. Сөйтіп, ол ойда жоқта жаңа ұжымшардың қой шаруашылығы бөлімшесінің басқарушысы болып шыға келді.

Жұмысына құлшына кірісті. Мал басын арттыру бағытында жатпай-тұрмай еңбектеніп, көп ізденді. Ізденісінің нәтижесінде төлді көбейтудің ең тиімді жолы отарларын әр топқа қарай іріктеуде екендігіне көз жеткізді. Кепе қозыларды саулықтардан дұрыс әрі сауатты бөлу үшін қаншама мазасыз күндер мен түндерді басынан өткерді десеңізші. Өнімділігіне қарай қоңды саулықтарды іріктеп алуда қате кетсең, тағы қиын. Олай етпейін десе, мал басының көбеюі екі талай. Оның үстіне бұрын-соңды ешкімнің батылы жетіп бастай қоймаған бұл жаңа әдіс. Ертеңгі күні нәтижесіз болып шықса тағы жаман. Не де болса, нар тәуекел деп, мамандар мен шопандарды жинап алып, оларға жаңа әдіс жайлы түсіндірді де, істі бастап жіберді. Отарларды бөліп, малды іріктеп, шопандардың қалай орналасатындығын белгілеп берді.

Қасымов мал саны көбейген сайын саулықтарды сұрыптап, жүні қалыңдарын биязы жүнді қойға ауыстырып, отарларды іріктеуден жалықпады. Арада 7-8 жыл өткенде ұжымшардағы баяғы 28 мың қой, 52 мыңға жетіп, қырқылатын биязы жүн көлемі едәуір ұлғайды. Оның ішінде 52 мың қойдың 26 мыңы саулық болды. 1968 жылы ұжымшарда әр жүзден 110 төл алынып, бұрын-соңды болмаған үлкен жетістікке қол жеткізілді.

Әр қойдан 4 килограмнан жүн қырқыла бастады. Осы жылы ерен еңбегі үшін Нұрмұханбет Қасымов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Арада бір-екі жыл өткен соң Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғары Кеңесі Президиумының Төрағасы Бәйкен Әшімовтың қолынан Алғыс хатты салтанатты түрде алды. Еңбегі жанып, тасы жоғары өрлеген сайын Нұрмұханбет Қасымовтың тек ұжымшарда ғана емес, ауданда да беделі көтеріліп, елдің сый-құрметіне бөленді. Бірақ, адамның өмірі әрдайым бірқалыпты жайдары да жарқын бола бермейді екен. Кей кезде заманның талабына сай немесе айналаңдағы адамдардың тікелей араласуымен өзгеріп отырады. Жастайынан өмірдің небір қиын соқпақтарын басынан өткерген Нұрмұханбет Қасымовты тағдыр тағы да сын тезіне алып, қиырлы-шиырлы жолдан, тастақты таудан өткізді. Теңізші болып, небір қауіп-қатерге бойындағы қайраты мен жігерін қарсы қойып, азынаған дауылды, бұрқасынды боранды жеңіп шығып, кез-келген қиындыққа төселіп үйренген Қасымов әлдекімдердің қолымен жасалған сынаққа төтеп берді. Сөйтіп уақытша басына түскен өмірдің қиындығына қарсы тұрып, қайтадан сүт фермасына меңгеруші болып қайтып келді.

Ол бірден фермадағы тәртіпті қолға алды. Әркімнің өз міндетімен айналысуын қадағалап, жұмысқа еңбеккерлердің ерте келіп, уақтысында кетуіне үлкен мән берді. Кешіккендерді аямай жазалады. Өйткені, бір адам кешіксе болды, жұмыс тұрып қалады. Ең бастысы сауыншылар бөлмесінің, мал қораларының тазалығына көңіл аударды. Ферма еңбеккерлеріне қолайлы жағдай туғызуды да ұмыт қалдырмады. Қажырлы еңбектің, табандылықтың арқасында бірер жылда фермада темірдей тәртіп орнап, малдың қоңдылығы артып, сауылатын сүт мөлшері көбейді.

1970 жылдардан бастап Қазақстанда ғылыми-техникалық прогресс кеңінен өркен жая бастаған еді. Дәл осы кездерде фермаға Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келді. Ферма жұмысымен әбден танысып болған соң Д. Қонаев осында заман талабына сай жарақталған үлкен тауарлы-сүт кешенін ашу керек деген ұсыныс жасады. Бағалы ұсыныс тез шешімін тауып Алматы облысы бойынша ең үлкен 1200 бас сиырға арналған тауарлы-сүт кешені осы Дмитриевкада (қазіргі Байсерке ауылы) бой көтерді. Сүт өндірудің жаңа технологиясын меңгеру де осы фермадан бастау алды.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында ферма адам танымастай өзгерді. Ғылыми-техникалық прогрестің жетістігі осы сүт кешенінен анық байқалып тұрды. Жұмыстың бәрі механикаландырылған. Уақыт үрдісіне сай жабдықталған Нұрмұханбет Қасымовтың фермасында тек сүт сауу ғана емес, мал тұқымын асылдандыру, оның қоңдылығын жақсарту жұмыстары үнемі қатар жүргізілетін. Жүргізілген әрбір іске мұқият көңіл бөліп, соңы нәтижелі болатынына көз жеткізіп үйренген Қасымов қашан да жаңалыққа, тиімді әдіс-тәсілге жақын болды. Қалай болғанда да уақыт керуеніне ілесіп отырғанынан зиян жоқ екендігін ол дер кезінде болжап, бағамдай алды.

Нарықтық реформа жүйесі өмірімізге енген сәтте ел-жұрт кәдімгідей есеңгіреп қалды. Жеке тіршілік жасауға бейімделмеген халық істі неден бастарын білмей дал болды. Ал, ол өтпелі кезеңді қасқайып тұрып қарсы алды. Шаруашылықтар тарап, жылдар бойы жиналған халық игілігі кім көрінгеннің қолында кетіп жатқан тұста, ферманы сақтап қалу үшін аянып қалған жоқ. 1997 жылы фермадағы бұрыннан қалған 1400 бас ірі қараның санын қысқартпас үшін өзі де, бақташылар мен сауыншылар да тер төге еңбек етті. Өйткені, бұрынғыдай емес, бұл кезде малға берілетін азық тәулігіне едәуір азайып, оның жұғымдылығы да төмендеді. Кезінде үш мыңға жуық малы бар, әр жүз саулықтан 101-ден бұзау алынатын ірі кешеннің аз ғана уақыт ішінде құлдырап бара жатқанын көру Қасымовқа оңай соқпады. Сонда да сыр бермей, тәртіпті қатаң ұстап, тазалыққа бұрынғыдан да көбірек көңіл бөліп, сүт сапасын төмендетпеді. Жұмысшылардың жұмыс орнын сақтап қалу үшін айқасатындармен айқасып, шайқасып, өзінің және басқалардың мақсат-мүддесін қорғады. Алайда ұжымшар басқармасы тарапынан ешқандай көмек қолдау болмады. Жалпы Қазақстан бойынша экономиканың артқа кетіп бара жатқанын сылтауратып, фермаға бөлінетін азық мөлшері қысқартылып, малшылардың еңбекақылары төленбей әріптестері азып-тозуға шақ қалғанда, өмір бойы тәуекелді жанына ту етіп ұстаған небір сын кезеңдерден өткен Нұрағаң, ферманы жекешелендіруге шешім қабылдады. Сөйткенде ғана мал да аман, малшылар да орындарында қалатынын ол дәл уақытында болжай білді. Біраз тер төгіп, табан тоздырып, есіктен-есікті қағып жүріп, үкіметтен несие алып, ферманы жекешелендіріп, «Нұрай» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрды.

Ферманы жекешелендірген алғашқы күннен-ақ барлық жайды еңбеккерлерге түсіндіріп, алдағы іс-жоспарларын талқыға салды. Ең бастысы малдың қоңдылығын арттыру үшін жем-шөп базасын жасауға көңіл бөлді. Кетігі кеткен көп дүниені қайта қалпына келтірді. Тәжірибе алу үшін Америкаға барып, сүт өнімділігін арттырудың шетелдік технологиясымен танысып қайтты. Шетелден үйренген, алған тәжірибесін өзінің фермасында өндіріске тиімді енгізе білді. Несиені уақытында қайтару үшін мазасыз күндер мен түндерді бастан кешіп, уақытпен санаспай еңбек етті. Қасымовтың бастаған ісінен нәтиже шығармай қоймайтынын білген қарамағындағы еңбеккерлер де оған зор сеніммен қарап, төзімділік таныта білді. Аз уақыт өтпей оның ісі оңға басып, еңбегі жеңісті болды. «Нұрай» серіктестігінің нәтижелі еңбегі аудан асып, облысқа аян болды. Үкімет тарапынан еленіп-ескерілді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты Нұрмұханбет Қасымов «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.

ОТБАСЫ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Әрине, ағамыздың қанша еңбеккер болып, жоғары жетістікке жетіп жүргенінің өзі айналып келгенде отбасындағы береке-бірліктің, жарасымды ынтымақтың, сыйласымдықтың арқасы. Күн кел, түн кел алдыңнан жайдары кабақпен қарсы алып, бір шыны шайын мейірлене құя білген марқұм Айман апамыздың еңбегі де ұлан-асыр, еш өлшеусіз! Құдай қосқан қосағы Айман апамен алпыс жылдан астам тату-тәтті өмір сүріп, алты баланы өмірге әкеліп, оларды тік тұрғызып, қатарға қосты. Бүгінде алты баласынан тараған үлкен бір әулетті құрайды. Бір өкініштісі 90-ға жеткен мерейлі жасында қасында аяулы жары Айманы мен сүйікті ұлы Досмұханбетінің болмағандығы. Тағдырға кім қарсы келіп көрген. Ол да болса жаратқан иеміздің ісі. Олар да атамыздың мерейлі жасқа толуына орай орындарынан бір аунап жатқан шығар. Бір қуаныш, бір өкініш деген осы да. Қуаныш пен өкініш қатар өрілмесе, өмір бола ма...

Атамыздың жарық жұлдызы – Қалмұханбеті Республика көлемінде лауазымды қызмет атқарады. ҚР Ішкі істер министрі. Тұла бойы тұңғышы, отының алды, суының тұнығы Зәмзәгүлі саналы ғұмырын, мемлекеттік қызметке арнап, ауданда ұзақ жыл жауапты қызмет атқарды. Бүгінде «Ай-Нұр» гимназиясын басқарады. Нұрмұханбет ата мен марқұм Айман ападан тараған  Баймұханбеті, Ермұханбеті іс тетігін жақсы білетін кәсіпкерлер. Жанаргүлі де абыройлы да беделді жан, аяулы ана.

Күйеу балалары Тоқтығали мен Сағатбек баяғыда-ақ өз балаларындай осы шаңырақпен біте қайнасып кетсе, келіндері Дина, Ләйлә, Зәуре, Райхан өнегелі істерімен, инабаттылықпен Қасымовтар әулетін көгертіп-көктетіп отыр. Шүкіршілік, бүгінде ақылман Нұрмұханбет ақсақал ұл-қыздарынан немере, шөбере көріп отыр.

Зымырап уақыт өтеді, соған қарай заман да өзгереді. Әр заманның өз тіршілік-тынысы, өмір сүру салты, мінез-құлқы, қимыл-әрекеті болады. Бұл табиғи заңдылық. Дегенмен адам өзі таңдаған бір істің шебері болып кемелденуі үшін жетістіктің биік нысанын көздейтіні анық. Бай болу, басыңа бақыт қону, дәулетіңнің тасуы көктен түсе бермейді. Ол сенің іс-әрекетіңнің, тірлік-тіршілігіңнің ақыл-ойыңның жемісі. Адам қаншама кемеліне келіп, ақылы толысса да, өмір бойы өз-өзін тәрбиелеуге дағдыланса, жігеріне жігер қосса ғана мақсат-мұратына жетеді. Мақсат-мұратың өрелі болса, сенің басқаларға да, қоғамға да тигізер пайдаң жоғары болмақ. Ендеше, өмірде өз қабілетінің қайнар көзін аша білген, бағыты мен бағдарын айқындап алған, бақытын еңбектен тапқан, туған жерге туын тіккен азамат бар болса, ол 50 жыл халық аманатын арқалап, алдымен халық депутаттары жергілікті Кеңестің, одан соң аудандық мәслихаттың депутаты болған Нұрмұханбет Қасымов деп мақтанышпен айтуға болады.

Таудың ақ сәукелелі биік шыңдары күн көзіне шағылысып жақұт таққандай жылтырайды. Күннің шапақ нұры ақ шәлісін бүркене жамылған қарағай, талдың, неше түрлі ағаштардың басына қиғаштай құйылып, жерге сіңіп жатыр. Ақ көрпе жамылған жер жарықтық, мүлгіп тұрған асқақ тау бір сәт байыз тапқандай. Ақ мамықты аппақ бұлттар аспанда асқақ келбет танытады. Бір-бірінің артынан кейде оза, кейде байсалды ақырын жылжиды.

Бір сәт өткен өміріне көз жүгіртіп, оның жақсысы мен жаманын, қуанышы мен жұбанышын ой таразысына салған Нұрмұханбет Қасымов Алатаудан, бүгінгі дала дидарынан ерекше бір сұлулықты танып тұр. Өзі де асқақ Алатауға ұқсап тұрғандай ма, қалай?

Иә, бүгін де тоқсанның төріне шыққан парасатты, ақылман да абыз ақсақал Нұрмұханбет Қасымовты көргенде, көз алдымызға әрдайым Алатаудың асқар шыңдары елестейді. Елестеген сайын ғасырлар бойы талай-талай аумалы-төкпелі оқиғаларға куә болып, сырын ішке бүккен алып тау тәрізді Нұрмұханбет аға бұрынғыдан да асқақтай, биіктей түскендей болады.

 

 

 

Автор: Роза АЙДАРБЕКОВА