Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиЛичностьБІР КІТАПТЫҢ ІЗІМЕН
26 Января 2018

БІР КІТАПТЫҢ ІЗІМЕН

Кітапханаға барып керек кітабыңды қиналмастан табуыңа көмектесетін кітапханашының жұмысы да оңай емесін көбіміз аңғара бермейміз. Таңның атысы мен күннің батысына дейін кітапқа үңілген бұл мамандықтың да қиыны мен қызығы қатар жүреді. Кішкентай күнінен қызығып, кітаптарды ақтарған Қуаныш Қаматаева да бүгінде өз ісінің маманы. Жарты ғұмырын өзі сүйген ісіне арнаған және бұл таңдауына еш өкінбейтінін айтты.

Ақмола облысының тумасы, қазір Іле аудандық кітапханада жұмыс жасап жүр. Меңгеруші қызметін атқарып, кейін келе жастар үйренсін деп кітапханалыққа ауысыпты. Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орта. Осындай жерде жұмыс жасап жүрген Қуаныш апайдың еңбегі ерен.

Бұл мамандыққа қызығушылығы анасының Шолпан Абилова деген кітапханашы кітаптың ортасында отырғанын көріп, не деген керемет жұмыс деп баға беруінен басталған. Содан келе ертегі кітаптар оқыған. Заманына қарай ата-анасы орыс сыныбына берген, кейін Тәуелсіздік алған соң қазақ тілінің беделі артып, қажеттілігі туған. Отбасында 7 ағайынды, үлкені мен кішісі ғана қазақша оқыған, қалғаны орысша. Сол кездері «Неге бізді қазақша оқытпадыңдар?» деген өкпесі де болғанын жасырмады.

Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Бір ғажабы, осы заманғы ақпарат тасымалдаушы технология жүйесінде де «кітапханашы» маңызды буын болып саналауда. Бұл мамандық бағаланбай келуде. Өзге қызметкерлер қызығып жатады. Бірақ, кітаптарды орналастыру, қорды көшіру, қағаздармен жұмыс, мұның бәрі оңайлықпен жасала қоймайды.

Кітаптар алтын қор, ал кітапханашы – сол теңдессіз қазынаның шырақшысы іспеттес. Кітаптың қасиеті мәңгілік. Ол қасиет қалам ұстаған сөз зергерлерінің ғана емес, өзінің қоғамның беделді мүшесімін деген әрбір адамның бойына дарығанда ғана нұрлы болмақ. Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отырған, отбасындағы некенің бұзылуы да, осы сауатсыздықтан деуге болады. Бұрынғы әйел теңсіздігіне байланысты жазылған кітаптар осы отбасындағы кикілжіңдерді жоюдың, қиыншылыққа төтеп берудің жолдарын үйрететінін Қуаныш апай сөзге тиек етті. Өкінішке орай, қазір көбінесе зейнеткерлер кітап алып оқиды екен. Үйде отырып, зерігіп, уақытын бос өткізбейін деп келеді. Былтыр 100-ден аса эссе жазуы керек болып 10-11 сыныптар келіп дайындалған. Бұдан да көп жастар оқуға тартылса, кітапханашыларды қуантары анық. Бүгінде жастарға арналған кітаптар сөрелерді толтыруда. Мысалға, фантастика, фентези, детектив жанрларын және бизнесті үйренуге арналған кітаптар.

Заманымыздың әр кезеңінде кітапханашы қызметі туралы ұғым жоғары болуын көрсете білуі қажет. Кітапханашы кітапханада тек кітап қана береді деген тар ұғым орнына, қоғамда бұл мамандықтың қажеттілігін мойындататын оң пікірлер мен көзқарастар қалыптастырған жөн. Қазіргі таңда, жастар бұл мамандыққа тартылып жатыр.

«Әр саланы жақсы білуіміз керек, олардың жазған кітаптарын ақтарып, көреміз. Келген кітаптарды зерттеп, оқып шығамыз. Хронологияны жатқа білуге міндеттіміз. Шәкірт тәрбиелеуден ешқашан бас тартқан емеспіз, керісінше үлгі болуға тырысамыз», – деп ерінбеген апайымыз, классиктерді жатқа біліп, кітаптың атын айтсаң болды жүгіріп жүріп тауып беруге дайын.

Кітапты көзінің қарашығындай сақтай білген Қуаныш апай бұл қордың жиналуының өзі бір тарих екенін айтты. Басында орыс тілінде жазылған кітаптар кейін қазақ тіліне аударылып, жаңартылған. Өз тіліміздегі әдебиеттер саны жағынан күннен күнге өсуде. Бұл оларды қуантады. Себебі, келген әрбір оқырманның сұранысын қабылдау арқылы өз тәжірибелерін көбейтеді. Кітапхананың маңыздылығы оның кітабының көптігінде емес, оқырманының көптігінде екенін тағы бір мәрте мойындатады.

Қуаныш Қаматаева биыл 60 жас мерейтойын атап өтуде. Мамандығында ғана емес, отбасында да табысты бола білген ана. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, қатарға қосты. Олардан 3 немере сүйген жайы бар. Балаларына жақсы тәрбие беріп, құтты орындарына қондырған. Адалдықты жақсы көретін, тік мінезді болып өскен, өз мамандығын қиын күндерде де тастап кетпеген. «Жұмыс болғанымен жалақы алмай қалған кездеріміз де болған, сол үшін де басқа салаға, саудаға кетіп қалғандар болды» деп еске алды.

Қорытындылай келе, «Болат Атабаев: «Мен білем деген адам, ол өзін өлтірген адам» дейді, сол сияқты менің де білетінім әлі алда»,– деп түйді. Қазіргі абонемент залына кітап алуға барсаңыз, жайдарлы жүзбен, ерекше қамқорлықпен күтіп алып, кітап деген құнды қазынаны ұсынатын өмірі бір кітапқа айналған Қуаныш апай күтіп алары анық.

Автор: Айжан САТЫМХАН