Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиПолитикаЖаңа жолға жаңа бағыт!
26 Января 2018

Жаңа жолға жаңа бағыт!

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

Елбасының әр жылғы Жолдауы — тарихи құжат. Әр жолдау белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталады. Елбасының 2018 жылғы Жолдауы жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды. Бұл жолдауда шешілуі тиіс 10 мәселе көрсетілген.

Жолдаудың сегізінші бөлігінде – тиімді мемлекеттік басқару мәселесінде мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажеттігі және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік беретіндігі айтылған.

Бұл жұмыстар бизнес үшін әкімшілік жүктемені барынша азайту, рәсімдерді жеңілдету және бизнестің мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуін жеңілдету мақсатында жасалмақ.

Соңғы жылдары жүргізілген кешенді және жүйелі реформаларды іске асыру нәтижесінде әкімшілік кедергілер елеулі азайды, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы артуда. Бұдан әрі де мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді толық электрондық нысанда көрсетуге мүмкіндік бермейтін және азаматтарды әртүрлі анықтамаларды алу үшін мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр ететін проблемалардан арылуымыз қажет.

 Сонымен қатар, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық өнімдердің «электрондық үкімет» порталымен жеткілікті ықпалдастырылуын, мемлекеттік қызметтерді толық автоматтандыруды және процестердің үздіксіздігін (өтініш беру мен қызмет нәтижесін алу аралығының ажырамауын) қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізілу қажет.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласы әр адаммен туылған сәтінен бастап өмір бойы тығыз қатынаста болады. Сондықтан қызметтер халықтың мұқтажын шешуді жеңілдетудің құралы болуы тиіс.

Мемлекеттік органдар өздерінің қызметтерін тоқтаусыз жетілдіруге, қызметтерді оңтайландыруға және автоматтындыруға, сапалы қызмет алу үшін азаматтарға барлық қолайлы жағдайды барынша жасауға міндетті.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті бастамасының негізінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, қызметтерді оңтайландыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шараларды қабылдау мақсатында Алматы облысы әкімінің 2017 жылы 30 қазандағы № 468 қаулысына сәйкес мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым мүшелерінің қатысуымен арнайы талдау тобы құрылды.

Бүгінгі күні талдау тобымен Алматы облысында орналасқан 342 мемлекеттік қызметті көрсететін мекемелердегі қызмет алушыға жасалған жағдайларға талдау жүргізілді.

Талдау барысында қызмет көрсетушілердің жұмысындағы оң көрсеткіштер мен кемшілік тұстары анықталды.

 Оң көрсеткіштер:

·           15 ХҚКО үлгілік талаптарға сай (Ақсу, Алакөл Көксу, Ұйғыр аудандарынан басқа);

·           Мемлекеттік кірістер басқармаларында қызмет алушыларға арналған талапқа сай жағдайлар жасалған;

·           Ауылдық округ әкімдіктерінде электрондық мемлекеттік қызметтерді көрсету орындары ұйымдастырылған.

 Ал анықталған кемшіліктер төмендегідей:

Қызмет көрсетушілердің 90%-мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған қолайлы жағдайлар жасалмаған;

Қызмет көрсетушілердің 70%-мен қызмет алушыларға жайлы жағдайлар жасалмаған;

Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында құзырлы мемлекеттік органдарға келесі ұсыныстар берілді:

Аудан/қалаларда «Сервистік әкімдік» құру бойынша жобасы (аудан/қала аумағында орналасқан қызмет берушілермен құжаттарды қабылдау және орындалған құжаттарды қызмет алушыға қайтару жұмысын «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастыру; қызмет алушыларға үлгілік талаптарға сәйкес жайлы жағдайлар ұйымдастыру);

Талдау барысында анықталған кемшіліктерді толығымен жойып, алдағы уақытта болдырмауға бағытталған кешенді іс-шаралар қабылдансын. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, аудан/қала маслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелерінің қатысуымен «мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау мақсатында» аудан/қала көлемінде талдау тобын құру қажет.

 «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып Алматы облысының Көрме орталығы ғимаратында «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» құрылып, аталған залда коммуналдық қызметті түрлендіру, тұрғындарға консультативтік көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде, коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің кассалары орнатылды және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ» кәсіпкерлерге қызмет көрсетуге арналған секторы жұмыс жүргізуде.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Алматы облысы бойынша филиалында 2018 жылға арналған мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинарының Жоспар-кестесіне мемлекеттік қызметтер көрсету саласы бойынша «Ерекше қажеттіліктері бар адамдармен дұрыс жұмыс істеуді қалыптастыру методологиясы», «Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру» және «Электронды Үкімет Порталы арқылы қызмет көрсету» бойынша мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру курстары енгізілді.

Бүгінгі күні Департаменттің бастамасымен Алматы облысының «Жастар ресурстық орталығының филиалы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен «Электронды Үкімет Порталы» арқылы мемлекеттік қызмет алу бойынша жастар арасында оқу курстары жүргізілуде.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес жоғарыда аталған жұмыстарды 2018 жылы жүзеге асыру үшін барынша атсалысуымыз қажет.

Автор: Б. СЕИТОВ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының бас маманы