Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиОбществоКӨГІЛДІР ОТЫН АҚШИГЕ ҮЛКЕН СЫЙ
12 Февраля 2018

КӨГІЛДІР ОТЫН АҚШИГЕ ҮЛКЕН СЫЙ

Ақши ауылдық округі

26 қаңтар күні Ақши тұрғындары алдында аудан әкімінің есепті кездесуі өтті. Онда аудан әкімінің орынбасары Н.Құматаев пен Ақши ауылдық округінің әкімі Д. Өгізбаев тұрғындарға есеп берді. Олар, ауылдастарының алдында жыл бойы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Кездесуде тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Қазір Ақши ауылында 6 мыңнан астам тұрғын бар. Өткен жылы округте әлеуметтік-экономикалық даму қарқынды жүргізілген. Мысалға, ауылға жаңа балабақша, көгілдір отын тартылып, спорттық, қоғамдық іс-шараларды өткізген. Көпшілікті осындай былтырғы жылдың жетістіктерімен таныстырған аудан әкімінің орынбасары өткен жылғы есеп беру кезіндегі халықтың ұсынысы орындалғанын да атап өтті.

Округ әкімі Д. Өгізбаев өз есебінде ауылдағы әлеуметтік жағдайын тізбектеп келіп былай деді. Осы жылдың 10 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялағанын білесіздер. Орта және кіші бизнеспен айналасып, өздерін-өздері жұмыспен қамтамасыз еткендер саны 1643 адамға жетті. Олар әр салада жұмыс жасайды. Округ негізінен ауыл шаруашылық саласына бейімделгендіктен иелігінде 281729 гектер ауыл шаруашылық жерлері бар. Егістік – 6446 гектар. Суармалы жер көлемі – 2414 га. Шаруа қожалық иелігіндегі жер көлемі – 275351 гектер. Шаруа қожалықтарының 74-і малмен, 150-і егістікпен айналысады. Елбасымыздың ауыл шаруашылық саласына байланысты оның өнімін, егістік алқабын ұлғайту, егін түсімін арттыру, суды үнемді пайдалану жаңа интенсивті технологиялар енгізу, мал басын көбейтуге байланысты ұсынысы кең қолдау табуда.

Айта кететін жәйт, кейінгі кезде мал ұрлығының жиілеуі тұрғындарды алаңдатып отыр. Оның ашылуы да төмен 35-40 пайыз Жақында учаскелік инспекторлар ауыстырылды. Енді бұл жұмысты жолға қойып, жұмысты жандандыру қажеттігі баса айтылды.

Аудан әкімінің орынбасары Н.Құматаев өз сөзінде: – Ауылдағы ауылшаруашылығы бойынша мал басын көбейтуді тоқтатпауды ұсынамын. Өйткені, ауданымызда «Гейт сити» қалашығы маңына индустриялды жасыл аймақ орын тебеді. Сол жерге ет қабылдайтын жаңа өнеркәсіп ашылмақ. Ақши малды аймақ болғаннан кейін тиімді деп ойлаймын. «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» партиялық жобасының шеңберінде ауыл тұрғындарына отбасылық бизнесті дамыту және мал шаруашылығымен шұғылдануға кеңес беремін. Ауылшаруашылық кооперативтерін құру үшін шағын несиелер беру жалғастырылсын. Бұл ауыл тұрғындарына қосымша табыс табуға мүмкіндік береді, – деді.

Округте жұмыссыздық бойынша тіркелген адамдар саны өткен жылмен салыстырғанда бірқалыпты. Осы олқылықты жою мақсатында аудан әкімінің орынбасары да әлі де жұмыс атқару қажеттігін атап өтті. Кездесуде ауыл тұрғындары көкейтесті сұрақтарын қойды. Сауалдардың көбісі ауылға келген газдың бағасын төмендету туралы болды.

Кездесу соңында аудан басшысы ауыл әкіміне алдағы уақытта да жоспарлы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, Елбасы жүктеген міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Жарыссөзге шыққан ардагерлер ұйымының мүшесі Қ.Рахимов, №8 орта мектептің ұстазы Г. Волошина, ауыл тұрғыны А.Бапанов, жергілікті ақын, ауданның құрметті азаматы Ш. Мұқанов бірауыздан «қанағаттанарлық» деген баға берді.