Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиЛичностьЕҢБЕГІ ЕРЕН АЗАМАТ
16 Февраля 2018

ЕҢБЕГІ ЕРЕН АЗАМАТ

Өнегелі өмір

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Осындай үлгілі ұстаздардың қатарында бүгінде 70 атты биік асуға көтерілген Құрманжан Жұмабай ағамыз да бар.

Нарынқол ауданының Қожманбет ауылында дүниеге келген. Жасынан мектепте үлгілі оқып, өзіне тапсырылған істі ұқыпты орындауға дағдыланып өсті. Заман талабы болса керек, кезінде «мұғалім» дегенде оқушы емес, ата-ана да безек қағатын. Беделі мен билігі жүріп тұрған мамандыққа кімнің де болмасын қызығары анық. Сондықтан болар Құрманжан ағамыз да осы соқтықпалы-соқпалы қиындығы көп болғанымен болашаққа қалдырар ізі мол  ұстаздықты оқушы кезінен жүрегімен қалап алды.

Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Оқушыларға білім беру үшін мұғалімнің де білгені көп болуы керек. Сол себепті де болар, институтты ойдағыдай бітірген Құрманжан Жұмабай бос уақытында көп ізденеді. Әр елдің карталары, қызықты суреттерін көрнекі құрал ретінде пайдаланып сабақтың қызықты, мазмұнды өтуіне көңіл бөле білді. Табиғатта кездесетін құбылыстар, әлемнің ғажайыптары туралы мағлұматтарды жинастыруды әдетке айналдырды. Еңбек жолын Нарынқолда бастап, кейіннен көп жылдар М.Мақатаев атындағы №13 орта мектепте мұғалім болды. Оның алдынан өткен көптеген шәкірттері бүгінде республикамыздың әр саласында табысты еңбек етуде. Тәлімді ұстаз өзі еңбек еткен жылдары жинақтаған қызықты мәліметтерінен  болашақта кітап шығарсам ба деген жоспарларын да бізден жасыра алмады. Өзінің мамандығына адалдық танытқан азамат, сірә осындай болса керек.

Қазір ойлап отырса Құрманжан ағаның балалық шағының көбі Қаратоған ауылында өтіпті. Зейнетке шықса да Қаратоғанның суына шомылып, көгалына аунаған алаңсыз күндерін жиі-жиі есіне алады. Әсіресе, мектептен темір, сүйек жинаңдар деп бұйрық түскенде, ауылдың шетінде қасқыр жеп кеткен бір малдың бас сүйегін сым темірге орап, ауылға сүйреп алып келгені оның болашақтағы жарын таңдап алуға себеп болғандығын ұмытпайды. Сол кезде ұшығып қатты ауырып қалып, ата-анасының ем-дом жасайтын бір кісіге алып келгені бар. Денсаулығы оңалып, сол үйдің ұлдарымен жақсы достасып кетеді. Кейін сол үйдің бойжеткен қызы өзіне жар да болады.

Отбасында бес ағайынды, үйдің кенжесі болған соң ерке өскен. Өзі қатты ақкөңіл, қолында барды таратып жүре береді екен. Ата-анасы қайтқан соң, нағашы апасымен бірге тұрған. Сонда достары, жақын туыстары, тіпті, апасы да бұл кісіні үйлендіруге бар күштерін салыпты. Ана қойшының қызы, мына қойшының қызы деп жүрсе, бәрімен кездесуге барады да, кейін айнып шыға келеді. Бұны түсінбей шала бүлінген апасы ашуланып сұраса, былай депті:

– Бекеттің қарындасы үйленіп кетсін, содан соң үйленем, – деген екен. Ол қазіргі жары – Биғайша апай. Бұл кісі Құрманжан ағаны емдеп, аяғынан тік тұрғызған Бесір атаның қызы. Кейін «Әй, осы кісі сенің өзіне күйеу бала болатыныңды білді-ау деймін!», – деп қалжыңдасқандар көп болыпты.

Бүгінде аяулы жары, ұстаз, ақын Биғайша Бесірқызы екеуі 4 баланы тәрбиелеп, қатарға қосты. 2 қыз, 2 ұлы да мектепті алтын белгіге бітірген. Сондықтан оларды «Таланттылар отбасы» деп атайды екен. Үлкен ұлы Ерніс 12 жыл тергеуші болып, қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Тоғжаны «Қазақстан» телеарнасында «Дара жолдың» режиссеры, алғаш өз қызметін «Бармысың бауырымнан» бастаған Камал Смайловтың шәкірті, Мақпалы «Балапан» арнасында редактор, Сәкені ҚазГУ-дің халықаралық байланыс факультетін бітірген. Немерелері асыр салып ойнап жүр. «Жалғыз құдайдан сұраған қыз немерем бар. Өзі өте жүлік болып өсіп келеді», деп бір күліп алды аға сөз арасында.

Құрманжан аға коньки тебуді қатты ұнатады. Әлі күнге дейін коньки тепкенде балаларын басып озады. «Бізде қалыптасып қалған коньки тебетін күн де пайда болды. Құдалар да, туысқандар да осы күнді біліп қонаққа келеді болмаса, қонаққа шақырады», – деді ол .

Құрманжан аға ұстаздық ете жүріп, үйде мал ұстап, шаруаны да дөңгелете білді. Отбасын ештеңеден тарықтырмау, оларды табиғи азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін уақытпен санаспай еңбек етті. Өткенді еске алғанда балалары «Әке, біз осы 90 жылдардағы қиындықтардан сенің арқаңда қиналмай өттік қой», – деп қуанып, рахмет те айтқан.

Бүгінде құрметті зейнетте жүрсе де  тыным таппайды. Малын бағып, шаруасын реттеп, арасында немерелеріне қарауға да уақыт табады. Кешкілікте олармен «Ертегілер әлемінде» саяхаттап, бүлдіршіндеріне «Тыру-тыру» деп бастағаннан неше түрлі қиял-ғажайыптарды ерінбей әңгімелейді. Кішкентайлары ертегінің қызығына маужырап ұйықтап қалады да ертесі тұрып «Ана тырналар жетті ме, ата?» деп сұрайтынының өзі бір қызық.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.

Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Құрманжан ағамыз да осы жолда жанын салып еңбек еткен ел азаматы. Бүгінде тағлымды еңбегінің жемісін теріп жеп, жерлестерінің құрметіне бөленіп жүрген атпал азаматты 70 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтап, отбасына береке-бірлік тілейміз!

 

 

Автор: Айжан САТЫМХАН