Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиЛичностьЕЛІН СҮЙГЕН ЕР АЗАМАТ
27 Февраля 2018

ЕЛІН СҮЙГЕН ЕР АЗАМАТ

Қазақ қашанда батырын биікке көтерген халық. Елін қорғаған азамат қай халықта болмасын аты тайға таңба басқандай болып қалады. Батыр болу үшін міндетті түрде қолға найза алып, болмаса қару алып соғысқа аттану емес. Отанын сүйген, қорғай білген азамат қайда болмасын құрметті. Осындай азаматтардың бірі Тазабеков Күмісбек Рысбекұлы.

Талдықорған қаласында Сарыбұлақ колхозында 1928 жылы ақпанның 23 күні дүние есігін ашқан. Полковник шеніне дейін көтерілген атамыз, өз жолын 1948 жылы МГБ (Министерство государственной безопасности СССР) бастаған. Кейін Алматыдағы 3 жылдық дайындық мектебінен өткен. Жоғарғы оқу орнын ҚазҰУ-ды 1963 жылы бітірген. Тіпті, 1970 жылы Мәскеуге барып біліктілігін арттырып та келген. 1949 жылдан бастап КОКП(КПСС) мүшесі.

Патриотизм – сонау ерте замандардан қалыптасып келе жатқан қасиетті сезім. Қазақтың патриоттық-отансүйгіштік тәрбиесі – тереңнен тамырын тартқан, халқымыздың сан ғасырлық болмысының, дүниетаным – көзқарасының, ақыл-ойы мен салт-дәстүр мәдениетінің көрінісі. Осыларды бойға дарытып өскен Күмісбек Тазабеков 1951 жылдан 1977 жылдар аралығында, туған жері Сары-бұлақ колхозында, Текелі қаласында, Іле, Панфилов аудандарында кіші лейтенант қызметінен бастап, полковник дәрежесіне дейін көтерілген.

Балалық шағы қатыгез қара соғыс пен Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадағы ашаршылықпен тұспа-тұс келеді.

– Аман қалу үшін құрт-құмырсқаны жинап, алақаныма салып жеген күндерім болған. 3 жыл осылай күн көрдім, – деп есіне алды. Әкесі Рысбек ертерек өмірден қайтқан, ал анасы 86 жасқа келіп өмірден озған. Көп қиыншылық көргенімен ешнәрсеге мойымай, бар күш-жігерін қызметке арнаған. Соғыстан кейінгі жылдары қызмет еткендіктен тыңшыларды әшкерелеу, бүлікшілерді іздеу сияқты жұмыстармен айналысқан. Ол үшін не түрлі тактикаларды, этиканы үйренгенін қызықтап айта отырды.

Ардагер атамыздың бүгінде 15 медальмен марапатталған. «Қылмыспен күреске белсенді қатысқаны үшін» және «Мінсіз қызмет үшін» бірнеше рет Алғыс хат, дипломдармен, сондай-ақ 1968 жылы «Совет милициясының 50 жылдығы» мерейтойлық медальмен, 1970 жылы «В. И. Смитовтың туғанына 100 жыл толуына орай адал еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен, 1970 жылы «Мінсіз қызмет үшін» медалімен, «КГБ-нің 40 жылдығы» медалімен, «Желдің ВЭБ тең» белгісі, 2018 жылы «Милицияның 100 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған.

Марқұм жұбайы Магярова Ғайша Әбдірахманқызы екеуі Алик, Талғат, Малик, есімді ұлдар мен Майра есімді қызды өсіріп, қатарға қосқан. Бәрі жоғарғы оқу орындарын бітірген, бір-бір отбасының атасы мен апасы болып отыр. Күмісбек ата немерелері мен шөберелерінің ортасында қызықтағанды жаны сүйеді.

Жас кезінен коньки мен басқа да спорт түрлерімен айналысқан. Өз мамандығы да сергектікті талап етсе керек. Бүгінде аулада серуендеп, ауданымызда өтетін футбол ойынының тұрақты көрерменіне айналған. Өзі жанкүйерлік ететін «Жетісу» деген командасы да бар.

Бұл дүниеде біздің Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Бұл туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге міндеттіміз. Ол үшін әрбір азамат еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жақсы жан-тәнімен сезіну керек. Күмісбек Тазабеков атамыз осы жолда жанын сала қызмет еткен. Қазір зейнеткерлік демалыста болса да елін ойлайтын азамат. Осындай батырлар әрқашан көп болсын дей келе, атамызды 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, көрер қуанышыңыз молынан болсын деп тілейміз!

Автор: Айжан САТЫМХАН