Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиЛичностьБІЛІКТІ МАМАН, БІЛГІР ДӘРІГЕР
10 Марта 2018

БІЛІКТІ МАМАН, БІЛГІР ДӘРІГЕР

Жаныңда жүр жақсы адам

 

Адам денсаулығының бір кепілі тістің саулығы. Бүгінде табыс пен жоғары әлеуметтік абырой дегенді ойлайтын адам ақмаржан тістердің адамның беделіне қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Сонымен қатар, тіс саулығы жалпы ағзаның саулығымен тікелей байланысты. Әдемі жымиыстың да қаншалықты маңызды екенін айтпаса да түсінікті. Осындай маржандай күлкіні сыйлап жүрген Іле ауданының тіс дәрігері – Бейсенқұлова Жайық Жүргенқызы.

Жамбыл ауданы, Еңбекшіарал ауылында 1968 жылы 14 наурызда туылған. Бала кезі осы ауылда өткенімен бастауыш сыныбын бітіргенде, Жәпек батыр ауылына көшіп келген. Кішкене күнінде анасы тіс дәрігеріне жиі алып барған. Сондықтан осы мамандықты жаны сүйіп таңдапты. 8 сыныпты бітірген кезде Алматы медучилищесіне түскісі келген. Бірақ, анасы қарсы болғандықтан мектептегі оқуын жалғастырады. Кейін Алматы медициналық университетінде оқып, 1989 жылы бітіріп шығады. «Студент кезімізде көп қызықтар болды», – деп еске алды:

– Адам сүйектерін түгелдей жаттайтынбыз. Жатақханада бір бас сүйекке таласқан күндер де болған. Тіпті, түнде құшақтап ұйықтап та қалатынбыз, – деп күлісті. Еңбек жолын 1-Алматыда қызмет істеп бастаған. Ұзақ жылдар аралығында Іле аудандық ауруханасында тіс дәрігері болып еңбек етті. Кейіннен жеке кәсібін ашты. Әріптестерінің арасында беделді де білгір маман иесі.

Жолдасы Араби Исахметовпен туған күн кешінде танысып, 1987 жылы отбасын құрған. «Небары 19 жаста болатынмын» дейді. Қазіргі таңда жолдасы екеуі ұл, қыз тәрбиелеп өсірген. 5 немересінің қызығын көруде.

Аузын ашса жүрегі көрінетін кеңпейілді, ақ көңілді ибалы да, иманды Жайық Жүргенқызы білікті маман, еңбекқор жан. Ол сүттей ұйып отырған үлкен бір әулеттің қадірменді келіні. Жетісуға ақындығымен танылған марқұм Нүсіпбек Исахметов атамыздың сүйікті жары Райхан анамызды алақанына салып бағып отыр. Сондықтан да ол қайын жұртына сыйлы да абыройлы. Бүгінде өзі немере сүйіп, апа атанып отырса да, Райхан ананы үлгі тұтады. Ол өзінің үлкен бір қасиетті қара шаңырақтың келіні екендігін әрдайым мақтан етеді.

Тіс дәрігері болу үшін көп оқып, білім алу қажет. Бұл саланы меңгерудің өз қиындықтары бар. Дәрігердің қайсысы болмасын адам өміріне жауапты. Сол үшін де Жайық Бейсенқұлова адамдардың денсаулығын сақтауда ерінбей еңбек етіп келеді.

Сізді адам өмірінің айтулы белесі 50 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Әрқашан жүзіңізден мейірім нышаны кетпей, айналаңызға нұрыңызды шашып, аналық бақытқа кенеліп жүре беріңіз!

 

 

Автор: А.САТЫМХАН