Журналистер күніне орай, Текелі қаласында «Шұғыла» жас журналистер шығармашылық слеті өтті. Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған шараға қаламды қару еткен ақпарат қызметкрелері қатысты,-деп taldykorgan-online.kz
БАҚ өкілдерін шаһар басшысы Бақтияр Әлтайұлы қарсы алып, қонақтарға ілтипат көрсетті. Қаланың көрікті жерлерін аралатып, атқарылған жұмыстарды да атап өтті.
Журналистерді әуелі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке апарып, Қора мен Шажа өзендерін көрсетті. Қосылған қос өзеннің тоғысқан торабына алдағы уақытта ғашықтар көпірін салатынын айтты. Ол үшін қаржыда қарастырылып қойыпты. Бұл аймаққа көпір салам деуі де тегін емес. Текелі тұрғындары Қора өзенін ұлға, Шажа өзенін қызға теңеуімен тікелей байланыстырды.
«Біздің өлкенің табиғаты ерекше. Туризмді дамытуға өте қолайлы жер. Себебі, жаз мезгілінде мұнда қатты ыстық болмайды. Ал, қыста керсінше, қатты аяз жоқ. Жанға жайлы ауарайын көруге болады»,-дейді Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев.
Журналистер мұнан соң Текелінің Көктөбесіне айналған жотаға шықты. Етекте қалған шуақты қаланың келбетіне көз жүгіртті. Күнде кездесе бермес көркем табиғат аясында суретке түсіп, таза ауамен еркін тыныстады. Шара барысында жасы да, жасамысы да алтыбақан теуіп бой сергітті. Жетісу өлкесінің аға буын журналистері Айдын Кәлімхан, Жұматай Оспанұлы, Данияр Сейсенбаев сынды азаматтар өлең оқып, көпшіліктің көңілін көтерді.
Осыдан кейін әсерлі кездесу концерттік бағдарламаға ұласты. Журналистер өзара монолог, өлең оқудан, ән айтып, қойлым қоюдан бәсекеге түсті. Алты топ өнер көрсеткен сайыста Талдықорған газеті 3-ші, Алматы облыстық «Огни Алатау» газеті 2-ші орынды иеленді. Ал, қазылар алқасының шешімімен облыстық «Жетісу» телеарнасының журналистері 1-ші орынға шықты.
«Барлық әріптестерімді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Айтарлары, жазарлары таусылмасын. Бізге осындай керемет табиғат аясында демалыс ұйымдастырып берген облыстық ішкі саясат басқармасына және Текелі қаласының әкімдігіне алғысымыз шексіз. Жастарды бір шабыттандырып тастады»,-дейді «Жетісу» телеарнасының тілшісі Алмат Хамит.
Мерекелік дастархан басында сөз алған қала әкімі Б.Өнебаев та журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақ тілеген ақтарды. Қолына гитара алып, тілшілер қауымына ән шырқап берді.
Жалпы, салтанатты шара жиналған қауымға ерекше қуаныш сыйлады. Облыста алғаш ұйымдастырылған «Шұғыла» шығармашылық жас журналистер слеті келер жылы да жалғасын таппақ.
Данияр Сағындық