Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратДін және қоғамҚоғамМерекелер

ҚАДІРЛІ МЕРЕКЕМІЗ ХОШ КЕЛДІҢ!

Еліміздің тұғыры бекіп, халқымыздың әл-ауқаты оңалып келе жатқан бүгінгі уақытта руханиятымыздың да бүтінделе түскені көңілге қуаныш ұялатады. Қазақстан әлемдік қауымдастыққа бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде ғана емес, әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің толеранттылығы мен диалогын жарастырушы ел ретінде де танылды.

Қасиетті Құрбан айтта республика жұртшылығына бір күн мерекелеу мүмкіндігі берілгені де елдегі тұрақтылық пен мамыражай тіршіліктің арқасы екені баршаға аян. Оның үстіне биылғы жылғы Құрбан айт мерекесі 11-шілде, яғни жексенбі күніне сәйкес келіп тұр.

Жыл сайын әлем мұсылмандарын қуанта жететін Құрбан айт мерекесімен биыл да аман-есен қауышып отырмыз. «Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіретінін ескерсек, осынау қасиетті мереке бізді Аллаға да, халыққа да жақындата түсері хақ. Жаратушыға жақындауының себебі әл-ауқаты келетін мұсылмандар құрбан шалудың міндеттілігін мойындап, дін талабын өз еріктерімен орындауында болар.

Анығында, Ибраһим пайғамбардың (а.с.) адалдығымен Алланы тәнті еткен құрбан шалу дәстүрінде кейінгі мұсылмандардың алар сабағы мен өнегесі мол болмақ. Мереке адамдарды жақсылыққа, бауырмалдыққа бастайды. Бір-бірімен араластырып, ақжарқын пейіл сыйлайды. Көп ұлтты елімізде бұл мереке тек ұлтаралық әрі түрлі дін өкілдері арасындағы татулыққа қызмет етері сөзсіз.

Бүгінгі күні Ислам дінінің мейірімге толы, қайырымдылық діні екенін паш етудің мәні бұрынғыдан гөрі артып отыр. Осы орайда мешіттердің ұйытқы болуымен азаматтарымыздың сауапты істерінен Исламның қоғамға деген жанашыр қатынасы айқындала түсуде. Бұл қуантарлық жағдай. Ал таң сәріден Айт намазына жиылған аудан халқының көтеріңкі көңіл күйі айт мерекесінің ажарын тіптен аша түскендей.

Құдайға шүкір елімізде мешіт медреселер қала берді БАҚ арқылы діни насихаттар қарқынды жүргізілуде. Бұл құптарлық іс. Өйткені халықтың діни сауаты ашылған сайын ел ішінде жақсылық пен қайырымды істерге деген ынта-ықылас та артып келеді. Құрбан шалу секілді әр жылғы сауапты істерде азаматтарымыз өзара жақсылықта жарысқа түскендей әсер қалдыруда.

Ылайым, елімізде тыныштық болғай! Құрбандыққа шалған малдарыңыз ақыретте қылыштан өткір, қылдан жіңішке қыл көпірден алып өтер көліктеріңізге жарасын!

Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын ағайын. Бүгінгі Құрбан айт мерекесі баршаларыңызға құтты болсын.

 

АБСАМАТОВ Мұхтар Сардарбекұлы, Іле аудандық Сәбденұлы

Өтеген батыр» мешітінің бас имамы

Басқа жаңалықтар

Back to top button