ТАМЫРЫМЫЗДЫ ІЗДЕУГЕ ТӨТЕ ЖОЛ
Атамекен… Кең дала… Туған жердің әрбір тауы мен тасы, қаласы мен даласы көненің көзіндей. Жерде жатқан қайсыбір тасын төңкере қалсаң, тарих жайында сыр шертеді. Ескірген дүниенің құндылығы қай уақытта да алтын емес пе?! Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарыққа шығып, «Рухани жаңғырдық». Артынша осы мақаланың жалғасы ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарыққа шықты.
«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы, – деп жазды Елбасы мақаласында. Жалпы, бұл еңбек, меніңше, біздің алтын ұямыз – ұлы кеңістігіміз Ұлы далаға қатысты үлкен саяси құжат, яғни еліміздің жаһандық деңгейде өз орнын алуға деген саяси-рухани идеологиялық талпынысы жөніндегі бастама деп ойлаймын.
Бұл мақаланы тарихи-мәдени, өнер жағынан, жалпы гуманитарлық сала бойынша қарауға болады және осы сала бойынша біздің елдің дамуына үлкен бағдарламалық, тұжырымдамалық алғышарт болып отыр. Осыған байланысты сіз бен біз «Ұлы дала деген не?», «Ол қашан пайда болды?», «Ол әлемдік тарихқа, саясатқан қандай ықпал жасады?», «Әлемдік мәдениетке өзінің қандай ізін қалдырды?» деген сұрақтар аясында жұмыс істеуіміз керек. Жалпы, тарихымызға тереңдеу бойынша үлкен деңгейдегі зерттеулер еліміз егемендік алған уақытта басталған. Ал мына мақала оны енді жаңа сапаға көтеруіміз қажет екенін көрсетеді. Шын мәнінде, Еуразиялық кеңістік деп отырмыз ғой, бұл кеңістік бұдан бірнеше мың жыл бұрын ата-бабаларымыздың салып кеткен ұлы кеңістігі болатын. Былай айтсақ, 6 мың жыл бұрын Ботай мәдениетіне байланысты адамзаттың атқа мінуімен көшпелі өмір салты пайда болды. Алайда мен атқа мінуден бастап ата-бабамыз көшпелілік өмір салтын қалыптастырды деп ойламаймын. Оның арғы жағында үлкен адамзаттық деңгейдегі тарих бар. Оның бір шеті Қытайда жатса, бір шеті Америкадағы үндістермен, ал оның тағы бір шеті оңтүстіктегі Үнді түбегімен де байланысты. Осы жерлерде біздің үлкен ата-бабаларымыздың салып кеткен ізі бар, оның картасы да бар. Соны біз қарауымыз керек. «Біз кімнің ұрпағымыз?», «Біздің тіліміз қашан қалыптасты?», «Біз өзіміз қалай қалыптастық?», «Неге көшпелі өмір салтын таңдадық?» деген үлкен ізденіске баруымыз керек. Біршама уақыт отар елдің тепкісін, теперішін көрген халықтың ұлттық санасы аз уақытта жаңғырып кете алмайды, бәлки?! Алайда, азаттық аренасына жасындай жарқылдап шыққан ширек ғасыр ішінде рухани жаңғырудың жаңа белесіне өтетін кез келді. Түркі әлемінің алтын бесігі қасиетті Қазақ елі азаттықтың ақ таңын атырғалы тарихын ұмытқан емес. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы болмақ.
Н.БӨПЕТАЕВ, №39 орта мектептің ДТЖӨ