Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамРухани Жаңғыру

ӘН КЕМЕҢГЕРІ – КЕНЕН

Іле аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен 1 қазан қарттар күніне және қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар және Композиторлар Одағының мүшесі Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толуына орай «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» атты ән мұрагері, асылдың сынығы, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Төрткен Кененқызымен кездесу кеші өтті.

Іс-шараның мақсаты оқырмандарға еліміздің дара, талантты тұлғасы, жезтаңдай әнші, жырау, ақын, композитор К.Әзірбаев туралы мағлұмат беру, шығармашылығы арқылы жас оқырмандарды отан сүйгіштікке, адалдыққа, еңбек сүйгіштікке шақыру.

Шараға К. Әзірбаевтің қызы Төрткен Кененқызы, Іле ауданы әкімінің орынбасары А. Сатибаев, Энергетический ауылдық округінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Сейдалиев, М. Назарбаев – аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы,Ә. Нұрқожа атындағы «Ардагерлер» Халық ансамблі мүшелері, №13 орта мектептің 10 сынып оқушылары, Экономика және құқық колледжінің студенттері, ауыл және аудан кітапханашылары қатысты.

Кездесу кеші барысында «Ән кемеңгері – Кенен» атты кітап көрмесі таныстырылып, «Ұлт мақтанышы: Кенен Әзірбаев» атты тақырыпта видео шолу көрсетілді және Іле ауданының мәдениет үйінің әншілері У.Заханқызы, А.Жаңабаев, А.Нураковтың орындауында К. Әзірбаевтің : «Көкшолақ», «Ой жайлау», «Бастау» әндері шырқалып, Жалдыбайдың «Қаражорға» күйі орындалды. №13 орта мектептің 10 сынып оқушылары Кенен атаның өлеңдерін жатқа оқып, Кенен атаның өз дауысымен шырқалған әндері CD дискіден тыңдалды.

Төрткен Кененқызы өзінің жеке кітапханасынан аудандық кітапхана қорына кітаптар, CD-диск жинақтарын және ең құндысы – Фирдоусидің «Шаһнама» дастанының Т. Ізтілеуов аударған нұсқасының антологиясын тарту етті.

Шара соңында Іле ауданы әкімінің орынбасары А. Сатибаев Төрткен Кененқызына бүгінгі кештен алған әсерін, жылы лебізін өлең жолдары арқылы білдіріп, гүл шоғын сыйлады.

 

А. МУКАШЕВА

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button