Атаулы әлеуметтік көмек
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек-бұл шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға мемлекет тарапынан ақшалай нысандағы төлем.
Шартсыз ақшалай көмек келесі тұлғаларға көрсетіледі:
1) Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына қатысуға мүмкіндіктері шектеулі жалғыз басты және (немесе) жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға төмендегі себептер бойынша:
- зейнеткерлік жасқа жету;
- бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар;
- екі айдан астам уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар болған кезде.
2) Барлық еңбекке жарамды отбасы мүшелері бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын және (немесе) екі айдан астам уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар, және (немесе) келесілерге күтім жасауды жүзеге асыратын аз қамтылған отбасыларға:
- жеті жасқа дейінгі бала;
- мүгедек-бала;
- бірінші немесе екінші топтағы мүгедек;
- қарттар;
- бөгде адамның күтімі және көмегіне мұқтаж.
Жалғыз басты және/немесе жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға, сондай-ақ құрамында еңбекке жарамды мүшесі (мүшелері) бар аз қамтылған отбасыларға, оның (олардың) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына және (немесе) әлеуметтік бейімделу қажет болған жағдайда шартты ақшалай көмек көрсетіледі.
Кімге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады?
ҚР-да атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын келесі санаттағы тұлғалар ала алады:
- ҚР азаматтары;
- оралмандар;
- босқындар;
- шетелдіктер;
- ҚР-да тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар.
Кедейлік шегі — бұл атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін анықтау үшін критерий ретінде белгіленетін бір адамның ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті табыстардың шегі.
Кім әлеуметтік атаулы көмек ала алмайды?
ҚР «Мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек туралы» заңына сәйкес төмендегілердің әлеуметтік атаулы көмек алуға құқығы жоқ:
- облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астанада белгіленген жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен асатын тұлғалар (отбасылар);
- кәмелеттік жасқа толмаған балаларды, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын, кәмелеттік жасқа толған соң оқу орнын бітірген уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін ғана), балаларды қоспағанда еңбекке жарамды отбасы мүшелері жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына қатысудан бас тартқан отбасылар;
- атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған ақпарат және дәйексіз (жасанды) құжаттар ұсынған тұлғаларға (отбасыларға).
Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері
«Мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек туралы» заңына сәйкес бір адамға немесе отбасына атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін отбасының әрбір мүшесі есебінен орташа жан басына шаққандағы табыс және облыстарда белгіліенген кедейлік шегі арасындағы айырмасы түрінде уәкілетті орган есептейді. Отбасының құрамы және табыстар өзгерген жағдайда тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қайтадан есептеледі. Ал өтініш беруші 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін өзгерту үшін негіз болуы мүмкін мән-жайлар туралы хабарлауға міндетті.
Жан басына шаққандағы орташа табыс қалай есептеледі?
Атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткер тұлғаның жиынтық табысын анықтау атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасалған кезде ұсынылатын құжаттардың және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі.
Отбасының жиынтық табысына белгіленген уақыт кезеңі ішінде ақшалай немесе заттай нысанда алынған тұрғын үй көмегі мен атаулы әлеуметтік көмегінен, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді іс-шараларына қатысу шеңберінде мемлекеттік қолдау іс-шараларынан басқа табыстың барлық түрлері қосылады. Әкімдіктер өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып келесілерді кіріс бермейді деп айқындауға құқылы: үй малы, құсы, жер учаскесі.
Жан басына шаққандағы орташа табыс әлеуметтік көмек тағайындау үшін өтінішті берген тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеледі.