«Әрекет» жобасы аясында Алматы облысында әлеуметтік кәсіпкерлік дамуда
Алматы облысында әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша бірден екі жоба басталды: олардың бірі-аутизмі бар балаларға арналған бейімделген дене шынықтыру залы, екіншісі-есту қабілеті бұзылған студенттер жұмыс істейтін стоматологиялық ортопедия кабинеті, деп хабарлайды «Jetisy Media» КММ.
Екі жоба да «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорымен жүзеге асырылатын «ӘREKET» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында іске қосылды.
Солардың бірі облыс орталығында алғаш рет ашылған стоматологиялық ортопедия кабинеті. Бұл жерде Талдықорған қаласының жоғары медициналық колледжінде оқитын есту қабілеті бұзылған студенттер тіс протездерін дайындайтын болады.
«Есту қабілеті бұзылған адамдарға жұмысқа орналасу оңай емес, себебі жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдауға асықпайды. Өткен жылы Қазақстанда алғаш рет есту қабілеті бұзылған студенттерге арналған «стоматолог-ортопед» мамандығы ашылды. Осыдан медициналық колледждің түлектері жұмыс істейтін стоматологиялық кабинетті ашу идеясы пайда болды»,- деді саңыраулар қоғамы «ҚБ Болашақ» корпоративтік қорының жетекшісі Раушан Бексұлтанова.
Стоматологиялық кабинетте жұмыс істейтін жастар күрделі тіс протездерін дайындайтын болады. Айта кетерлігі, кабинеттің Талдықорғанның жеке стоматологиялық клиникаларымен, соның ішінде орталық стоматологиямен, сондай-ақ «Smile», «Маржан тіс» және т.б. клиникаларымен ынтымақтастық туралы келісімі бар.
Раушан Бексұлтанованың айтуынша, баға нарық бағасынан төмен болады, ал зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жеңілдік қарастырылған.
Ол сондай-ақ, «Болашақ» Қорына ойын іске асыруда үлкен көмек көрсеткен «ӘREKET» жобасы арқасында грант алып қана қоймай, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін қажетті білім алғанын айта кетті.
Аутизмі бар балаларға арналған бейімделген дене шынықтыру залын ашу бастамашысы «Другая жизнь» қоғамдық қоры болды. Қордың мәліметінше, бүгінгі таңда Талдықорғанда аутистік спектрі бұзылған балалар спортпен айналыса алатын осындай орталықтар жоқ. Залда жаттығудан өткен және тиісті сертификаттар алған білікті жаттықтырушылар дене шынықтырудан сабақ береді. Аптасына 3 рет спортпен шұғылданатын 6 баладан 4 топ құрылды.
«Другая жизнь» ҚҚ директоры Камилла Ситосманованың айтуынша, бейімделу спорты ерекше қажеттіліктері бар балалардың қимыл-қозғалыс бұзылыстарын түзетудің, физикалық және моторлы дамуын ынталандырудың қажетті құралы болып табылады.
«Аутизмі бар төрт жасар баланың анасы бола тұрып мен де өзім осы тақырыптарға тап болдым, себебі, біздің қалада жоқ мұндай орталықтардың,
мұндай балаларға көмек мүлдем көрсетілмейді. Сондықтан алдымен қоғамдық қор құру идеясы келді, ал биыл біз «ӘREKET» жобасына қатысудың арқасында толыққанды зал ашуға мүмкіндік алдық. Қажетті жабдықтар сатып алып, жаттықтырушыларды оқытып, енді «ерекше» балаларға көмектесуге дайынбыз», — деді Камилла Ситосманова.
«Екі жоба да, біздің ойымызша, әлеуметтік кәсіпкерліктің тамаша мысалдары. Олар қоғамның әлеуметтік мәселелерін өз тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып шешеді. «ӘREKET «жобасы арқылы біз осы мақсатқа бағыттадық. Алматы облысындағы екі жобадан басқа, Қазақстан бойынша жақын арада әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша 23 жоба өз жұмысын бастады», — деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.