Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамСпорт

ПАЛУАНДАР БАТЫРДЫҢ МЕРЕЙІН АСЫРДЫ

Өткен аптада Өтеген батыр кентіндегі жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінде Өтеген батыр Өтеғұлұлының 320 жыл толуына орай  джиу-джитсу күресінен облыстық ашық турнир өтті. Осымен 4-рет байрағы желбіреген ашық турнирге Алматы қаласы мен облысынан 300-ге тарта жас палуандар қатысты.

Бір күн бойы татами үстінде тартысқа түсті. 2005-2015 жылдары туған ұлдар мен қыздар 20 салмақ бойынша ақ белбеу, сары белбеу, сұр белбеуге бөлініп белдесті. Бұл үлкен доданы аудандық «Nur Otan» партиясы мен «Sagadat QTT» спорттық клубы ұйымдастырды.

Нұрсұлтан Орынбасаров, турнир ұйымдастырушысы: «Шәкірттеріміздің жылдан жылға шеберліктері артып келеді. Қазіргі күні арамызда әлем чемпиондары бар. Осындай ауқымды түрде ұйымдастырылған жарыстардың нәтижесінде жаңа жас джитсерлердің есімдерін анықтайтын боламыз», — деді.

Жылдан жылға джиу-джитсу күресінің турнирі ауқымы кеңейіп, атағы асқақтап барады. Қатысушылардың да саны артқан. Үлкен спортқа жаңадан бой үйретіп, татамиге енді шығып жүрген жастарға бұндай турнирлер үлкен тәжірибе.

Нұржан Елекеев, Қазақстан Джиу-джитсу қауымдастығының вице-президенті: «Дәл осы жерде күресіп жатқан балалар ертең міндетті түрде ел намысын қорғайтын мықты азамат болып өсетініне сенімдімін. Джиу-джитсу күрделі күрес. Оған айла-тәсілің жақсы болмаса қара күшпен ештеңе өндіре алмайсың. Осындай ауқымды жарыстар әрбір чемпионның тұсаукесері ғой. Ұйымдастырушыларға мың алғыс білдіремін», — деп ағынан жарылды.

Бексұлтан Мадамин, турнирге қатысушы: «Мен Алматы облысы, Ащыбұлақ ауылдық округінен келдім. Күресті екі жыл бұрын бастадым. Қарсыластарым, жартылай күрескендерім бар. Жартылай танымайтындар. Осы жолы жеңіс тұғырынан көрінемін деген сенімім бар. Болашақта еліміздің көк туын әлемдік аренада желбіретемін деген мақсатым бар», — деп жарысқа тас түйін дайын екенін көрсетті.

2 жыл бойы джиу-джитсумен айналысып жүрген Ащыбұлақ округінің жас спортшысы Б. Мадамин, бұған дейін де белдесіпті. Ол Абу-Дабиде өткен Әлем чемпионатында екінші орын, Мәскеуде өткен Әлем чемпионатында бірінші орынды иеленіп үлгерген.

Жалпы есеп бойынша джиу-джитсу күресінен бірінші орынды «Sagadat QTT», екінші «ZЕ Radiola», үшінші орынды «Samurai» спорт клубтары алды. Ал жекелей жеңіске жеткен джитсерлерге алтын алқа мен мақтау қағаздары табыс етілді.

 

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button