МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАЛАЙ ОРНАЛАСУҒА БОЛАДЫ?
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдама-сын және Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамында жүктелген кәсіби мемлекеттік аппарат құруға қатысты өзекті міндеттерді іске асыру мақсатында елімізде 2015 жылғы 23 қарашада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы қабылданған болатын.
Мемлекетіміз жаңғыру жолына түсіп, жаһандық өркениеттің жаңа белесіне ұмтылған сындарлы кезеңде қабылданған бұл заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіру, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған еліміздің басты құжаты болып табылады.
Демократиялық құндылықтар қашанда маңызды рөл атқаратын қоғам мен ашық және бәсекеге қабілетті басқару жүйесін құрудағы жинақталған әлемдік тәжірибеде мемлекеттік қызметке кіру конкурстық негізде жүзеге асырылып, меритократия қағидаты басты назарда ұсталады.Меритократия қағидаты мемлекеттік қызметшінің бiлiктiлiгi, қабілетi, жеке сiңiрген еңбегi және өзiнiң кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет баспалдақтарымен сатылап жоғарлауына, мансаптық өсуіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы негізінде елімізде мемлекеттік қызметшілердің кадрлық корпусы қайта қалыптасты. Нәтижесінде саяси және әкімшілік бағыттағы «А» басқарушылық қорпусы мен «Б» корпусы құрылды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» қолданыстағы заңнаманың 26-бабына сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет түсетін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін азаматтар ең алдымен уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тестілеуден өтуі тиіс.
Үміткерлер өздері таңдаған тестілеу бағдарламасы бойынша тестілеуді сәтті аяқтаса сертификат пен уәкілетті органның қорытындысын ала отырып екінші кезеңге өтеді. Екінші кезеңде үміткерлердің бастамашылық, жемқорлыққа төзбеушілік, стратегиялық ойлау, көшбасшылық сияқты іскерлік қасиеттері мен негізгі құзыреттерін, моральдық-адамгершілік бейнесін бағалауға арналған логикалық тестілеуден өтеді. Үміткерлер бұл кезеңді де сәтті аяқтаған жағдайда мемлекеттік органдардың интернет ресурстарында орналастырылған жалпы конкурс өткізу туралы хабарландыру бойынша сертификатта көрсетілген санаттарға сәйкес бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдар жарияланған мемлекеттік органда бейінді білімі бойынша жалпы конурсқа қатыса алады. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 27-бабында «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған конкурстың азаматтар арасындағы жалпы конкурс және мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс деген екі түрі көрсетілген.
Жалпы конкурс ең төменгі бос немесе уақытша бос, сонымен қатар, басқада деңгейлерге байланысты бос немесе уақытша бос «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін өткізіледі. Сондай-ақ, осы заңның 27-бабының 3-тармағында: «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін мемлекеттік орган осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізеді,оған оның ведомстволарының, аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері мен өзге де адамдар қатысуға құқылы» — деп көрсетілген.
Мемлекеттік қызметке алғаш кіретін азаматтарға олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарына сәйкестігін тексеру мақсатында 3 немесе 6 айға дейін сынақ мерзімі белгіленіп, арнайы тәлімгерлер бекітіледі. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін және сапасын айқындау мақсатында уәкілетті орган тарапынан олардың қызметін бағалау жүргізіледі. Нәтижесінде бұл мемлекеттік қызметшілерді көтермелеуге, оларды біліктілігін арттыру мақсатында қайта даярлауға, қызмет бабында жоғарлатуға немесе төмендетуге және өзге де шешімдер қабылдауға негіз болады. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңында азаматтардың мемлекеттік әкімшілік қызметке кіруі, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қағидалар мен шарттар, шектеулер анық көрсетілген. Мемлекеттік қызметте жұмыс жасағысы келетін жастар болса аталған заңды басшылыққа ала отырып, бақтарын сынап көруіне болады.
Соңғы кезде мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің персоналды дамыту жөніндегі жұмысты жетілдіру бойынша рөлін күшейтуге бағытталған белсенді шаралар қабылдануда, соның ішінде ең алдымен қызметкердің мансапты жоспарлау үдерістерін ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Кадр саясатындағы өзекті мәселенің бірі – біліктілік пен тұрақтылық. Бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі Мемлекеттік қызметшілердің имиджін көтеру және халық арасында мемлекеттік қызметшіге деген оң көзқарасты қалыптастыру болып отыр. Бұл мәселеге байланысты, азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдау конкурстарында, әсіресе әңгімелесу кезінде ситуациялық сұрақтардың қойылуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту, олардың біліктілігін көтеруге баса назар аудырылуда.
БАЙЗАҚОВ Диас Жәнібекұлы,
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы