ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ҚОМАҚТЫ МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІН ШЕШТІ
Қазір жылдағы дәстүрмен Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жыл 5 ақпанындағы «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығына сәйкес әр деңгейдегі әкімдер халық алдында жыл бойы атқарған жұмыстары туралы есеп береді. Ауыл әкімдерінің есебі аяқталған, өткен аптада аудан әкімі Бағдат Қарасаевтың есебі Междуреченскі, Ащыбұлақ, КазЦИК ауылдық округтерінде өтті.
Аудан басшысы өзінің есепті баяндамасында ауданның экономикалық-әлеуметтік салаларында қол жеткізген табыстарды жан-жақты талдап тұрып айтты. Әлі де болса орындалмай, орын алып отырған олқылықтар да, алдағы уақытта назар аударылатын басым бағыттар мен Президентіміз Қ. Тоқаевтың тапсырмасынан туындайтын міндеттер де сараланды. Әсіресе, әрбір округте болған есептерде сол жерге тән мәселелер де кеңінен қозғалды. Округтердегі таяу мерзімде атқарылуға тиісті негізгі басымдыққа ие бағыттар да сөз болды. Нақты тапсырмалар беріліп, жүзеге асуға тиісті мерзімі де белгіленді. Қойылған сұрақтарға тұжырымды жауаптар берілді. Сондай-ақ, әр ауылдық округтен қоғамдық қабылдаулар өткізіп, халықпен тікелей кездесіп мәселелерді көзбе-көз шешті.
Междуреченск. Междуреченск округі төрт ауылдан құралады, олар: Екпінді, Жауғашты, «Шабыт» ықшам ауданы мен округ орталығы Междуреченск ауылы. Междуреченск ауылдық округінің аумағы 68079 га құрайды, халық саны — 13338 адам. Ауылдық округте барлығы 65021 га ауыл шаруашылығы алқаптары бар, оның 46273 га — жайылым, 18734 га егістік, 3146 га суармалы. Алдымен округ әкімі С. Әбдібеков есеп бергеннен кейін, аудан басшысы Б. Қарасаев өз сөзінде бұл округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, барлық жұмыс саласының қамтылғандығын, «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы негізінде жақсы жұмыстар атқарылғандығын да айтып өтті.
Есеп беру жиналысы бұл округте де жағымды жаңалықтармен басталды. Мәселен, «Шабыт» ықшам ауданында жаңа орта мектептің бой көтеретіні жайлы айтқанда жиылған жұрт ду қол шапалақтады. Округке байланысты басқа да жұмыстары биылғы жылы қолдау табатынын айтты.
Жалпы округте «Каскелен» акционерлік қоғамы, «KazRusITG». акционерлік қоғамы, «Междуреченск Агро», «Жер Канаты», «Каскеленское» – астық және бұршақты дақылдарды өсірумен, сондай-ақ тұқым өндірісімен айналысады. «Междуреченск Агро», «Жер Канаты» — өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. «KazRusITG» — шошқа етін өңдеу және консервілеу, шошқа өсірумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар ауқатты округ. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында округ аумағында «Сокол» автодромына құрылыс жұмыстары жүргізілді.
«Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Екпінді ауылында балалар алаңы орнатылған. Округте еңбек нарығында тұрақты ахуалы сақталған. Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шаралары «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда.
Ауыл тұрғындары да ауызша және жазбаша түрде сұрақтарын қойды. Онда Екпінді ауылындағы №2 орта мектептің күрделі жөндеуден өтілуі, Междуреченск ауылындағы шеткі көшелердегі күл-қоқыстың тазаланбауы мен қатар көше жарығы жанбайтыны ашық жазылған. Бұдан да басқа жалғызбасты аналар мен жұмыссыз отырған отбасылар жұмысқа орналастыру, несие алуға көмек беру жөнінде өтініштерін білдірді.
Аудан әкімінің бұл ауылдық округке баса айтқан тапсырмасы ол – көгалдандыру және ауызбіршілікте болуын табыстады.
Есеп беру кезеңінде халық бір ауыздан аудан әкімінің атқарған жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Артынан аудан басшысы Междуреченск ауылдық округі тұрғындарын жеке қабылдауында қабылдады. Д. Дүйсенбаева №16 орта мектептің күрделі жөндеуін, жайылым жердің тапшылығын, учаскелік пунктің жеке меншікке өткізіп беруін сұрады. Г. Өмірбаева атаулы әлеуметтік көмектің жалғасын бола ма деген сұрақ қойды. М. Мугалова жер теліміне кезекке тұрғанын айтты, С. Жадыра шағын кәсіпкерлікті ашу үшін несие сұрады, К.Абдусалиева жұмысқа орналасу мәселесі жайлы өтінішін білдірді. Аудан басшысы барлық қойылған талаптар мен өтініштерді қабылдап оң шешімін шығарды.
Ащыбұлақ: Ащыбұлақ ауылдық округі 4 ауылдан, олар: М.Түймебаев, Жәпек батыр, Көкқайнар, Төле-би және 48 саяжайдан тұрады. Округ тұрғындарының саны статистикалық есеп бойынша 31 079 адам. 2019 жылы округ аумағында орналасқан өндіріс орындары 7 млрд. 431 млн теңге болатын өнім шығарды, округте жалпы 120 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген. Округ бойынша 2019 жылдың қорытындысы бойынша бүгінгі күніне 71 шаруа қожалығы жұмыс істейді, округ бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы 17 800 гектар жер бар, оның ішінде 1545 гектар егістік жер. Шаруа қожалықтарда 420 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Аудан әкімі Ащыбұлақ ауылдық округінің жұмыс жасауға мүмкіндігі мол екенін айтып, сенім білдірді. Барлық округке берген тапсырмаларын бұл жерге де беріп, нәтиже шығаруды тапсырды. «Туған жерге — тағзым» акциясы бойынша азаматтарды игі істерге жұмылдыруға шақырды. Сондай-ақ, биылғы жылы Ащыбұлақ ауылдық округіне екі орта мектептің құрылысы басталғанын айтып, үш ауысымдық оқуды қысқартудың алдын алу жұмыстарын жүргізу қолға алынатындығы айтылды. Яғни, округ аумағында М. Түймебаев ауылынан №19 мектеп жанынан 300 орындық жапсаржай құрылысы жүргізілуде және Жәпек батыр ауылынан 900 орындық мектеп құрылысы басталды.
М.Түймебаев ауылынан 600 орындық мектеп құрылысын жүргізуге жер телімі бөлініп құжаттары ресімделуде, Көкқайнар ауылынан 1200 орындық мектеп құрылысын жүргізуге жобалық сметалық құжаттары дайындалуда.
Тұрғындар арасынан жарыссөзге шыққан ауданымыздың Құрметті азаматы К.Қасымбеков, ардагер ұстаз И. Қызайбеков ауыл белсендісі И.Агадилов, ауыл белсендісі А. Смаилов бір ауыздан аудан басшысының есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Есеп беру жиналысынан кейін аудан басшысы Ащыбұлақ ауылдық округінің азаматтарын жеке қабылдауында қабылдады. А. Жайлыбай жер телімін алуға кезекте тұрғанын жеткізді, К. Кабулова жеке мәселесін шешіп беруін өтінсе, И. Баженов, И. Агадилов саяжай мәселесін қозғады. М. Елеусинова М. Түймебаев ауылының жарықтандыру және ауыз су тапшылығын қолға алуын өтінді. К.Сабиков Бәйтерек көшесіндегі 4 үйдің электр желісін жөндеуді ұсынды. Р. Еркімбекова «Акжолсадовод» саяжайындағы каналдың жабылып қалғаны жөнінде алаңдаушылығын білдірді. Аудан басшысы осы айтылған ұсыныстар мен өтініштердің орындалуын жауапты мамандарға табыстады.
Қойылған сұрақтарға жауап беріп отырған аудан әкімі ауыл тұрғындарының сұрағына нақты жауап беріп, қуантты.
Бағдат ТОҚАН