Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМәдениет

«ПАНДШЕР» ТОБЫ ӘУЕЗДІ ӘНІМЕН ӘРЛЕДІ

Өткен аптада Байсерке ауылдық округіндегі №47 орта мектепте Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына байланысты аудандық Ауған соғысы ардагерлері бас қосты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жанды дауыс арқылы ән-күй тыңдап, мектеп оқушыларына ұлттық патриоттық тәрбие беру мақсатында есімі елге белгілі «Пандшер» ансамблі арнайы шақыртумен келіп Ауған жеріндегі орындалған әндермен өз шығармаларын орындады.

Бізге осындай кешті сыйға тартқан ауданымыздың белгілі кәсіпкер азаматы, аудандық мәслихат депутаты А. Скоропадский және аудандық Ауған соғысы ардагерлері. Ал, мектептегі керемет көңіл күй мен әуезді әнге бөлеуге мүмкіндік жасағандар Жаңаталап ауылындағы №25 орта мектептің директоры Н.Акманова мен №47 орта мектептің директоры Р.Болыс-баевалар.

Жиынға Байсерке ауылдық округінің әкімі Т. Отыншиева, Қазақстандағы жалғыз Кеңес Одағының батыры Б.Кременыш, аудандық Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері қоғамының төрағасы Б. Бесіров және аудан ардагерлері қатысты.

Шараның басты мақсаты мектеп жасындағы балалардың патриоттық сезімдерін арттырып, ұлтжандылыққа тәрбиелеу дейді ұйымдастырушылар. Талай зұлмат күндерді бастан өткерген соғыс ардагерлерінің жан жарасы жазылған ба?! Өткен күннен сыр ақтарып, марқұм болған жора-жолдастарын еске алды, артынша жас таланттардың өнеріне тәнті болып, «Пандшер» ансамблінің өнерін тамашалады. Кездесуге арнайы келген аудандық депутат Александр Скоропадский де ансамблге  қосыла әнмен шашу шашты.

Александр Скоропадский, ауған соғысының ардагері: — Балалар біздің болашағымыз ғой. Ертеңгі күн осылардың қолында. Осылар бізге қарап өседі. Біз қалай тәрбие берсек, қалай өнеге көрсетсек, үлгі көрсетсек бұлар отансүйгіш патриот болады, осы отанымызды қорғайтын осылар келешекте» – деп ағынан жарылды.

Айта кетейік «Пандшер» ансамблінің жетекшісі Алмасбек Айбарбаев ауған соғысының ардагері 1984 жылы 206 команданың құрамына әскери борышын өтеуге шақырылып, Ауған жеріндегі қызыл нүкте «Пандшер» шатқалындағы 682 мотоатқыштар полкінде әскери қызметін атқарған. 2014 жылы осы шатқалды атауымен ансамбль құрайды. Қазір ансамбльдің есімін елге танытып, патриоттық әндерді жанды дауыспен орындап жүр. Ол осылай өзін өнерге деген әскери қандыбалақ достарына деген құрметін көрсетіп жүр.

Жиын соңында сахнаға шыққан Байсерке ауылдық округінің әкімі Т.Отыншиева ұйымдастырушыларға және «Пандшер» тобына құрмет көрсетіп, рахметін айтып, мадақтама қағазын табыстады. Соңынан ескерткіш суретке түсті.

 

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button