Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамРухани ЖаңғыруТұлға

СҮЙІНШІ САНДЫҚБАЕВ – ӨЛКЕМІЗДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ, ОҚУ-АҒАРТУ ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

Сандықбаев Сүйінші 1885 жылы Жетісу губерниясы, Верный уезі, Үлкен Алматы болысының №6 ауылында, қазіргі Алматы облысы, Іле ауданы, Н.Тілендиев ауылында дүниеге келген (ҚРОММ, 44-қ.1-т., 40829-іс. 175-п.; 41-қор, 1-тізбе, 644-іс). 1896-1900 жылдары ауыл молдасынан хат таныған.

1920 жылы С.Сандықбаев мамыр айының 1-де Өлкелік оқу-ағарту комиссарының нұсқауы бойынша, Верный қаласында ашылған Облыстық Қазақ педагогтарын дайындайтын 6 айлық курсын тәмамдап (АОММ, 177-қор, 1-т., 45-іс.6-п.), 1920-1923 жылдары Үлкен Алматы болысының №2 (қазіргі Комсомол) аулында алғаш ашылған Түркі(қазақ) мектыебінің меңгерушісі әрі мұғалімі болып қызмет атқарады (АОММ. 177-қ., 1-т., 26-іс, 195-п.). Ол ұстаздық қызметін атқара жүріп, 1921 жылы құрылған қазақ кедейлері мен жалшылар одағына мүшелікке кіреді (АОММ. 361-қ. 1-т., 260-іс.) Бұл одақ 1922 жылы Қосшы Одағы болып өзгертіледі. Қосшы Одағы – қазақ кедейлеріне егіндік жердің дұрыс бөлінуін қадағалап, олардың мүддесін қорғауға тиісті болатын. 1922 жылы қыркүйек айында С.Сандықбаев Үлкен Алматы болыстығының Қосшы Одағының төрағасы болып тағайындалады (АОММ. 1406-қ., 1-т., 18-іс, 81-п.). Ол кезде болыстықта өткізілетін іс-шаралардың барлығы Қосшы Одағымен келісіп атқарылатын.

1922 жылы мамыр айының 10-дағы Түркістан Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасының аудандарындағы көшпелі, жартылай көшпелі қазақтарды жерге орналастыру жөніндегі Бүкілроссиялық Орталық Комитетінің ережесін негізге алып, Жетісу әскери-төңкеріс комитетінің төрағасы О. Жандосовтың «өз мекенінен құнарсыз жерге қуылған қазақтарды туған жеріне қайта қоныстандырып, отырықшы ауылдарға айналсын» деген нұсқауына сүйеніп, Қосшы Одағының төрағасы ретінде С.Сандықбаев осы іске белсене кірісіп, Ресей өкіметі тұсында ежелгі атақонысынан қуаң, құм дала – Қарой, Жаманқұмға ығысуға мәжбүр болған Ү. Алматы болысының Шалаботбай жер қожалығының №4 ауыл тұрғындарын 1922 жылы атақонысына қайтарып, Ү. Алматы өзенінің жағасындағы бұрынғы қыстақтарының орны – Осташкино(қаз.Н.Тілендиев ауылы) селосының шетіне, киіз үйлерін тіккізіп, қайта орналастырады.

1921-1922 жылғы Үлкен Алматы, Кіші Алматы көшпелі, жартылай көшпелі болыстары мен орыс шаруалары қоныстанған Дмитриевка, Николаевка, Осташкино селоларынан қайта болыстық құрылып, «Үлкен Алматы болысы» деп аталады. Ү. Алматы болыстығының құрамына кірген Осташкино селосының атауы «Безводное» деп өзгертіліп, болыс орталығына айналады. Сол жылы Дмитриевка селосындағы пошта, телеграф Безводное селосына көшіріледі (АОММ. 349-қ., 1-т., 21-іс.).

1922 жылы қазан айында С. Сандықбаев қайта құрылған Алматы болысының атқару комитетіне мүшелікке алынады (АОММ. 349-қ.,33-іс, 213-п.).

1923 жылы қарашаның 27-де Алматы болысының атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып бекітіледі (АОММ. 361-қ., 1-т., 151-іс. 19-п.).

Ол осы кызметті атқару барысында, оқу-ағарту бөліміне тікелей басшылық етіп, ауыл жастарының білім алуына көп көңіл бөліп, 1921-1923 жылдары Үлкен Алматы болыстығына қарасты 1, 2, 3, 4-ауыл деп белгіленген – қазіргі Чапай, КазЦИК, Комсомол, Қарой ауылдарында болыс бюджетінде, ал 1925 жылы осы болыстықтың Жалғызаяқ (Елтай), Қырғауылды, Тастақ, Ақсай, Қарасу, Тереңқара (КазЦИК) Ақши, Сандықбаев (Шилікемер), ауылдарында мемлекеттік бюджеттегі бастауыш мектептердің ашылуына мұрындық болады (АОММ.177-қ., 1-т., 163-іс, 6-п.; Сонда 221-іс, 5-п.; 590-іс.).

1923 жылы мамыр айында С.Сандықбаев Пішпек қаласында өткен Облыстық Қосшы Одағының съезіне (АОММ, 361- қ., 1-т., 212 іс, 35-п), ал осы жылдың қараша айында Алматы уезінің съезіне қатысады (АОММ, 361-қ, 1-т., 260-іс, 69-п.). Осы съездерде ол Алматы болысының атқару комитетінің делегаты ретінде сөз алып, ауылдардың әлеуметтік жағдайына байланысты бірталай көкейтесті мәселелерді көтеріп, оң шешімін табуға атсалысады.

1923 жылы Алматы уезінің басқармасының «Егер ауылдар мен селоларда екі исполком болса, оның бірі қысқартылып, қызметі өткізілсін» деген наурыздың 24-де шыққан №208 бұйрығына сүйеніп, Алматы болыстығының атқару комитетінің президиумының мамырдың 9-да өткен отырысында, Безводное селосының болыстық атқару комитеті қысқартылып, қызметі өткізілуі туралы қаулы қабылданып, Безводное селосының бар мүлкі мен іс-қағаздарын, волисполкомның төрағасы Кизимовтан тізімдеп өткізіп алу міндеті, Алматы болысының атқару комитетінің орынбасары С.Сандықбаевқа жүктеледі (АОММ. 361-қ., 1-т., 212-іс. 55-п.).

1923 жылы маусымның 19-да патша өкіметі тұсындағы Осташкино селосының орыс шаруаларының иелігіндегі бар мүлкі мен 1917 жылы салынған орыс шіркеуі мен священник тұрған үй және әкімшілік үйі жергілікті жұмысшы және шаруа депутаттары кеңесінің құзырына ақысыз өту жайындағы келісім шартқа қол қойылады. (АОММ. 361-қ., 1-т., 155-іс, 118-п.). Осы Безводное селосының мүліктері тәркіленіп, Алматы болыстығының құзырына өтуіне байланысты наразы болған орыс байлары С.Сандықбаевтың артына түсіп, жолын торып, өміріне қауіп-қатер туғызады. Сондықтан ол өзіне бірнеше рет жасалған орыс байларының жаулық әрекетінен қорғану үшін, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан кезінде қолына түскен тапаншасын өзімен алып жүруге рұқсат алу үшін, 1923 жылы Алматы уезінің атқару комитетінің төрағасының атына өтініш беріп, тапаншасын тіркеуден өткіздіріп, куәлік алады (АОММ. 361-қ. 1-т., 170-іс. 209-п.).

1924 жылы Қосшы Одағының ІV-съезінде, «Патша өкіметі тұсында, орыс шаруаларына тартып алынған қазақтардың жерлері, өздеріне қайтарылған көшпелі қазақ халқын отырықшылыққа айналдыру жөнінде комиссия құрылсын» деп шешім қабылданады. Нәтижесінде, шілде айының 30-да өткен Жетісу облыстық жер бөлімі коллегиясында осы мәселе қаралып, қабылданған қаулы бойынша (АОММ.489-қ., 1-т., 704-іс. 565-п.), Безводное селосындағы орыс шаруаларын сол кезде Алматы облысына қарасты Каменка мен 1-май селоларының бос жерлеріне орналастырады, ал С. Сандықбаевтың белсене кірісуінің арқасында, өз жерлеріне қайта оралған ауыл тұрғындары өз қыстақтарының орны – Безводное селосындағы бос қалған тамдарына орналасады. Ауыл халқының өтінішімен Безводное селосының атауы – «Сандықбаев сләні» деп өзгертіліп, болыстықтың орталығына айналады (АОММ. 361-қ., 1-т., 398-іс, 49-п.). Сөйтіп, 1924 жылы С.Сандықбаев бір отырықшы қазақ ауылының іргесін қалады.

«Сандықбай ауылы» 1934 жылы наркомзем шығарған Алматы облысының картасына енгені мұрағат құжатында көрсетілген (АОММ. 685-қ., 6-т., 34-іс.). Кезінде бұл ауылдың атаулары былайша өзгеріп отырған: 1868 жылы – № 4 ауыл (ҚР.ОММ. 44-қ., 1-т., 40829-іс, 175-п.).; 1910 жылы – Осташкино селосы (ҚРОММ. 19-қ., 1-т., 167-іс, 236-п.);1919 жылы – Утиное (АОММ. 349-қ., 1-т., 12-іс.); 1922 жылы. – Безводное селосы (АОММ. 361-қ., 1-т., 326-іс); 1924 жылы – Сандықбай ауылы (АОММ. 361-қ., 1-т., 326-іс, 191-п.); 1934 жылы – Шилікемер а. (ҚРОММ. 5-қ., 4-т., 83/а-құжат, 120-п.).

1924 жылдың қараша айының 4-де Сандықбаев ауылының халқы мен Алматы уезі сайлау комиссиясының өкілі Қораласбай Шобаловтың қатысуымен өткен осы ауылдың ауыл кеңесінің сайлауында, С.Сандықбаевты Ауыл кеңесінің мүшелігіне сайлайды (АОММ. 361-қ,. 1-т., 326-іс, 190-192-п.п.).

1925 жылы Алматы болыстығының төрағасының оқу бөлімін басқаратын орынбасары С. Сандықбаевтың тікелей араласуымен Алматы болысының орталығы – Сандықбаев ауылында алғаш ашылған Мемлекеттік бюджеттегі қазақ мектебі – «Сандықбаев мектебі» деп аталады. Осы мектептің алғаш меңгерушісі болып Нұрбеков Байтуған, ал мұғалімі болып Мыңсаринов Құсайын тағайындалды (АОММ. 177-қ. 1-т., 590-іс. 77-п.).

1928 жылы шілдеде Алматы мен Іле болыстарының негізінде Іле ауданы болып қайта құрылған кезде (АОММ. 224-қ., 1-т., 113-іс.), С. Сандықбаев 1928 жылдың қараша айына дейін Іле ауданының оқу бөлімін басқару барысында басқа ауылдардан келіп оқитын балалар үшін жатақхана салғызады. Сөйтіп, аудан орталығындағы Сандықбаев мектебі – Іле ауданының бүкіл ауылдарынан келіп оқитын балаларға арналған жатақханасы бар орта мектепке айналған болатын-ды. 1928 жылы осы Сандықбаев мектебінде КазПИ-дің 4-курс студенті кезінде, қазақтың белгілі ақыны Ғали Орманов бір айлық педагогикалық тәжірибеден өткені мұрағат құжатында көрсетілген (АОММ. 151-қ., 1-т., 15-іс. 20-п.).

1920-1941 жылдары С. Сандықбаев Іле ауданының аймағында:1920-1923 жылдары №2 – Жайнақ (қаз.Комсомол), 1927-1929 жылдары. Қарауыл (Қарой), 1930-1934 жылдары. Сандықбай, 1935 жылы Еңбек, 1936-1938 жылдары Қарасу, ал 1939-1940 жылдары Шилікемер ауылдарында мұғалімдік қызмет атқарды (АОММ. 309-қ., 1-т., 21- іс, 4-п.  Сонда.151-қ.,1-т., 131-іс, 1-п., 65-п. Сонда. 499- қ., 3-т., 1-іс, 13-п.).

1921-1928 жылдары С. Сандықбаев Алматы болысының атқару комитетінің төрағасының орынбасарлығы мен Қосшы Одағын қоса басқару барысында, ауыл халқының мүддесін қорғау үшін съездерде өзекті мәселелер көтеріп, болыстық мектеп кеңесін құрып, ауылдарда мектептер, медпункт, пошта ашылуына, өзара көмек комитетін құрып, ауыл халқының әлеуметтік жағдайын, мәдениетін көтеруге үлкен үлес қосқан азамат. Сондықтан, Сандықбаев Іле ауданының оқу-ағарту ісін ұйымдастыруда елеулі еңбек сіңірген алғашқы ұстаз, игі істер атқарған қоғам қайраткері болып танылды.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, партия нұсқауымен С.Сандықбаевты жасына байланысты тыл жұмысына қалдырып, (қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының орталығы Ново-Троицк селосына ауданның атқару комитетінің 2-хатшысы қызметіне тағайындайды.

1943 жылы майдандағы жауынгерлерге азық-түлік жөнелту үшін, Шу ауданының атқару комитетінің өкілі ретінде Еңбекші ауылына жібереді. Ол Еңбекші ауылында мал фермасының меңгерушісі, мектеп мұғалімі, парторг қызметтерін қоса атқарады. 1943-1946 жылдары ауыл халқын еңбекке жұмылдырып, майдангерлерге көмек жіберткізіп, еліміздің жеңіске жетуіне үлес қосқан абзал жан  1946 жылы Еңбекші ауылында дүниеден өтті.

Бүгінгі өскелең ұрпақтың ішінде, тарихта өзіндік орны бар, жас ұрпақтың білім алуына үлкен үлесін қосқан, осы өлкенің алғашқы ағартушы-ұстазы Сандықбаев Сүйіншінің өмір жолын зерттеуге қызығушылық танытып, ғылыми жоба жасаған оқушының бірі – Алматы облысы, Іле ауданының  Жәпек батыр ауылы №4 Орта мектебінің оқушысы Алманбекова Индира Қуанышқызы. 2003 ж. И.Алманбекова Кіші ғылым академиясының аудандық ғылыми-тәжірибелік конференциясында және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен Қ.Р. Кіші ғылым Академиясының 29-ші ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Өлкеміздегі тұңғыш ағартушы, қоғам қайраткері – Сандықбаев Сүйінші» атты ғылыми жобасын қорғап,  ҚР Кіші ғылым академиясының 1 дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар С.Сандықбаевтың тарихтағы өзіндік орны туралы деректер Республикалық баспа беттерінде жарияланды. Атап айтсақ, С.Сандықбаевты өмір жолы мен халқына сіңірген еңбегі жайлы Үміткен Сүйіншіқызының Жетісу энциклопедиясы, Қазақ батырлары, «Жетісу», «Ақшам» газеттері мен «Жетісуым, жеті құтым ырысым» атты кітабында мақалалары енгізілген.

Жоғарыдағы тарихи деректерге қарағанда, С.Сандықбаев Алматы облысы Іле ауданында оқу-ағарту саласына үлкен үлес қосып, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге болар игі істер атқарған – тұңғыш ұстаз, қоғам қайраткері. Сондықтан С. Сандықбаевтың ұлт болашағының білім алуына сіңірген ерен еңбегі өз деңгейінде еленіп, кезінде «Сандықбай мектебі» деп аталған мектептің тарихи атауы, бұрынғы өз ауылы – қазіргі Н.Тілендиев ауылының мектебіне қайтарылса нұр үстіне, нұр болар еді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button