КӨКІРЕГІ СЕЗІМДІ, ТІЛІ ОРАМДЫ
Абай өлеңдерінен қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің шындығы, қазақ халқының сезім-сыры, арман-тілегі, ұлттық ерекшелік қасиеттері түгел көрініп, сезіледі. Ұлы ақын «Абайдың қазақ әдебиетіне XIX — XX ғасырларда еткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей, сөзін оқу арқылы, естіп ұғыну арқылы, талай ақын жыр жазды» — дейді Мұхтар Әуезов.
Қазақ халқының ұлы ақыны,ағартушысы, қара сөздің хас шебері, философ, қазақ әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі – Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 175 жыл толады. Қазақты тану үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт.
Келешек ұрпақтың Абайды тануы, қара сөздерінен ғибрат алуы үшін, Абай мұрасын насихаттап, ақындығын, адамгершілік қасиеттерін насихаттау – біздің парызымыз.
М. Әуезовтың «Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Өзге балалардан гөрі, басқа бір ермек, бөлек бір дос тапты. Онысы – әжесі. Онан қала берсе, шешесі. Абай биыл ғана анық байқағандай. Мұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесін дәмді ғып қызықтырып айтады» — деп басталатын «Бала Абай» әңгімесінің желісімен Әнуар Молдабеков атындағы №6 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігі ұйымдастырған сахналық көріністе Абайдың балалық шағынан бастап-ақ орнымен сөйлей білетіндігі, үлкенмен үлкенше сөйлесе алатын салмақтылығы, ауыз әдебиетін білуге, есте сақтауға ұмтылысы, жас та болса үй иесіне тән қонақжайлылық көрсете білуі, мейірімділігі, текті ұрпақтан шыққан жас Абайдың балалық шағынан хабар беретін сахналық көрініс қойылды.
Тақырыпқа сай безендірілген мектеп фойесіндегі қазақ үйдің көрінісі, мол жайылған дастарқан, бай үйін суреттейтін бөлме жабдықтары, малды ауылдың тыныс-тіршілігін елестететін әуен сахналық көріністің көркін арттырды.
Үйдің төрінде Абайдың сүйікті әжесі – Зере жан-жағына, немерелеріне сүйсіне қарап отырады. Абай күндегі әдетінше, әжесінен әңгіме, ертегі тыңдағысы келіп: – Е-е. Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен… – деп әжесінің қойнына кіріп кетті. Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құламерген» бәрі де айтылып еді. Әңгімелерін түсте де, кешке де айтқыза беретіні туралы сөз етілді. Сырқаттанып жүрген Абайдың көңілін көтеру үшін үйдегілер барын салып ертегі, аңыз, жыр, қиссалар айтып береді. Сахнада қос анасымен бірге үстел басында Абай отыр. Сырттан иттің «Бөгде біреулер келе жатыр» дегендей шабалаңдаған дауысы, одан кейін аттың дүбірі естілді. Келгендердің кім екенін Ұлжан барып біліп келді.
– Ал, балам, әжең мен екеуімізді қажай беруші едің, әңгіме, жырдың дүкені, міне, жаңа келді. Мына кісі Барлас деген ақын. Байкөкше ағаны білесің, бұрын да келіп қонақ болған, — деп Ұлжан Абайға қарап, жымиды.
Келген қонақтар жайласып отырғаннан кейін, Абайдың көңілін аулап жыр-дастандар айтып беретін тұсы жиналған көрерменге жақсы әсер етті.
Барлас ақын мен Байкөкше жыршы Абайлардың үйінде қонақта.
Ертесіне жүруге ыңғайланған екі ақынды Абайдың тілегі бойынша Ұлжанның әлі біраз күн қонақ болып, жатып кетуін сұраған тұсы қонақжайлылықпен қоса Абайдың рухани дамуына оң әсер берген Барластардың рөлінің зор болғандығын көрсету болды.
Ақындардың бір айдай Абайлардың ауылында қонақ болуы, Зере әженің айтуымен қонақтарға шапан жауып аттандыруы дәстүріміздің бір көрінісін насихаттау болды.
Барластың Абайға:
– Шырағым, ер жетерсің,
Ер жетсең, сірә, не етерсің.
Алысқа шырқап кетерсің,
Шындасаң, шыңға жетерсің,– деп бата берген тұсы жиналған көпшілікке,өскелең ұрпаққа да берілген бата іспетті болды.
«Ұлы халықтың — Ұлы Абай» тақырыбына арналған «Бала Абай» атты сахналық көріністе жасы ұлғая бастаған, бірақ әлі де айтары көп, шежіреші әженің рөлін мектебіміздегі ұлағатты ұстаз – Жұрымбаева Райгүл Қайнарбайқызы шебер сомдады.
Абайдың анасының тәрбиелі, ақындыққа жақын,әнші, қонақжай кісі болғандығын, қазақ тілі пәнінің мұғалімі М. Жұрымбаева шебер ойнап көрсетті. Барлас ақынды мектебіміздің жас жыршысы – 10 сынып оқушысы – Біргебай Арсен, Байкөкше жыршыны әнге жаны құмар – Хасенов Мақсат сомдаса, Абай рөлін 1 сынып оқушысы – Баянды Әлібек сомдап,өзінің өнерін көрсетті. Абайдың аузынан шыққан өлең шумақтарын жаттап алып жүрген Шәкәрім рөлінде – Баянды Әнуар ойнады.
Іс-шараны қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің жетекшісі К.Дүйсенкалиева Абайдың:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң – арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан,- деген өлең жолдарымен қорытындылады.Оқушыларға кішіге мейірімді, досыңа қайырымды, еңбексүйгіш, шыншыл да қамқор болсаң, өсе келе ата-анаңның, Отаныңның мақтаны боласың, — деп тілек айтты.
Әнуар Молдабеков атындағы №6 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігі