Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚазақстан жаңалықтары

Президент пәрмені КОРОНАВИРУС ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Бүкіл Әлемдік Денсаулық Сақтау Ұйымының 2020 жылғы ақпан айының 3-дегі мәліметіне сәйкес әлемде коронавирусты 92 мыңнан аса адам жұқтырып, оның ішінде 3100-дей сырқат қайтыс болды. Коронавирус жұқпасы әлемнің 75 мемлекетінде тіркеліп отыр. Алматы облысында коронавирус жұқпасы тіркелген жоқ. 2020 жылдың 6 қаңтарынан бастап шет елде жүрген ауданымыздың 538 тұрғыны оралды. Олардың барлығы амбулаториялық бақылауда болған. Ешқайсынан коронавирустың белгісі байқалмаған. Ақпан айының басынан бастап ауданға шет елден 79 адам келген. Олар тікелей амбулаториялық бақылауға алынған. Ауданымызда коронавирусқа қарсы алдын алу шарасы бойынша орталық ауруханадан бастап барлық округтерде арнайы фильтр бокстары мен емханадан төсектер қарастырылған. Орталық аурухнада 73 орынды арнайы оқшауланған бөлім ұйымдастырылған.

Бұл туралы аудандық аурухананың бас эпидемиологы Нұрсая Тұрарова:

– «Қазір ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ж.Бекшиннің 9-қаулысына сәйкес шет елден келген ауданымыздың азаматтарын үш категорияға бөліп қарастырып жатырмыз. Біріншісі, Қытай елінен келген азаматтар. Яғни, вирустың ошағы болған мемлекет. Екінші категорияда коронавирус жұқпасы он жағдайдан көп тіркелген шет мемлекеттерден келгендер болса, үшінші топқа он адамнан төмен коронавирус жұқпасы табылған шет мемлекеттерден келгендер. 1-категориядағы адамдарды 14 күнге ауруханада арнайы коронавирусқа арналған провизорлық (қарым-қатынаста болғандарға арналған) бөлімде жатады, одан кейін 10 күн бойы үй жағдайында бақылауда болады. 2-категориядағыларды 24 күн үйде бақылауда ұстаймыз. 3-категориядағы азаматтарды тек телефон арқылы қалын біліп, бақылап тұрамыз. Аталған күндер жәйден жәй алынып отырған жоқ. 14 күн коронавирустың инкубациялық кезеңі болып табылады. Аурудың белгісі осы күн аралығында білінеді. Қазірше бізде барлық бақылаудағы азаматтарымыздың денсаулығы қалыпты», – дейді.

Қазіргі таңда 20-28 ақпан аралығында шет елден келген барлығы — 79 азамат, яғни бірінші категория бойынша — 4 азамат, екінші категория бойынша — 17 азамат, үшінші категория бойынша — 57 азамат амбулаториялық бақылауда.

Аудандық орталық аурухана мен барлық округтердегі ауылдық ауруханалар бір реттік қорғаныс киімімен, жеке қолданатын киімдермен толық қамтамасыз етілген.

Қазір аудан әкімдігінен бастап, орталық аурухана қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, көші-қон полициясы тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқаруда. Ауданда коронавирустың алдын алу мақсатында аудандық әкімдіктің базасында штаб құрылды. Коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді, медициналық ұйымдары вирусқа қарсы дәрі-дәрмекпен, дезинфекциялаушы, асептикалық дәрілермен, бір реттік бетперделермен, қолғаптармен, қорғаныш костюмдерімен қамтамасыз етілді. Аудан әкімінің отырысында коронавирус жұқпасы бірнеше рет талқыланды.

Мамандар аурудың негізгі белгілерін де атап өтті. Олар – тыныс алу жолдарының қабынуы, дененің қалшылдауы, жөтел, ентігу және тыныстың тарылуы. Ауыр жағдайларда инфекция пневмонияға, ауыр жіті респираторлы синдромға, бүйректің істен шығуына және өлімге әкелуі мүмкін. Ауру сырқат адамнан сау адамға ауа-тамшылы жолмен беріледі. Коронавирусты жұқтырған әрбір адам өзінің айналасындағы 3 адамға жұқтыра алады. Адамнан адамға берілу дәрежесі әлі де толық зерттелмеген. Аурудың жасырын мезгілі 14 күнге дейін.

Тағы да ескерту: бір реттік бетперде кию маңызды. Өйткені короновирустың тамшылары болғандықтан бетперде сүзгісінен өтіп кету қауіпі төмен. Бір реттік бетперделерді тұмау және басқа да тыныс алу жолдарының респираторлы ауруларымен ауырған кезде ғана кию керек, деніңіз сау болса, ашық ауада болған кезде бір реттік бетперде кию қажеті жоқ. Адам көп шоғырланған және ауа алмасуы нашар жерлерде бір реттік медициналық бетперде қолдану, оны әр 3 сағат сайын ауыстыру немесе қолдан жасалған 4 қабатты дәке бетпердесін таңу, оны әр 3 сағатта жуып отыру керек.

Өкінішке орай аудан көлеміндегі дәріханаларда «медициналық маска» тапшы. Кейбір дәріханалар медициналық бетпердеміз біткеніне бір ай болды деп тұр. Бағасына келсек бір ай бұрын 25 теңге тұратын кәдімгі медициналық маска бүгінде 50 теңге, стерилденген қорабында 10 данасы бар бетперде 1500 теңге, бір күндік пластик бетперде 100 теңгеге дейін көтерілген. Баға одан әрі өсуі әбден ықтимал деп отыр дәріхана иелері.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне орай еліміздің түкпір-түкпіріндегі отырыс пен концерттерге тоқтау салды. «Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты отырыс пен концертті тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл коронавирустың әлемге таралуына байланысты қауіпсіздік мақсатында жасалып отыр», – деп жазды Президент Твиттердегі (https://twitter.com/TokayevKZ/status/) парақшасында. Ауданымыз да Президентіміздің осы пікірмен санаса отырып, мерекелік және спорттық, мәдени сайыстарды өткізуге аудан әкімдігі атынан уақытша тоқтау салынды.

Жоғарыда көрсетілген ұсыныстарды сақтай отырып, Сіз өзіңіздің және отбасыңыздың денсаулығын сақтай аласыз.

 

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button