Аудан жаңалықтарыҚоғамМәдениетРухани ЖаңғыруҰлы даланың жеті қыры

ЖЫЛ ӘКЕЛГЕН ЖЫР

    

Әдеби тамшы

 

Соңғы кездері жастар саясатын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Елдің кемел келешегіне кепіл болатын да жастар екенін ескерсек, оларға әрқашан қолдау көрсетіп отыру қажет. Ауданымызда талантты жастар жетерлік. Солардың бірі — облыстық, республикалық деңгейдегі мүшәйралар мен әртүрлі жарыстарды бағындырып жүрген талантты жас ақын Жансая Өтесінова. Жұртшылыққа шығармашылық ерекшелігімен, өзіндік қолтаңбасымен танылып үлгерген Жансая өткен аптада КазЦИК ауылының №42 орта мектебінде «Жыл әкелген жыр» атты жеке шығармашылық кешін өткізді. Жансаяның  сағыныш пен мұңнан, тазалық пен сұлулықтан тұратын өлеңдері көңіл толқынын тербеп, адам баласының жан дүниесін бірде мұңға, бірде шыңға сүйреп, беймаза күйге бөлейтіні шындық. Жансаяның өлеңге деген құштарлығы алғаш өзіне ота жасалып жатқан кезде ояна бастады. Бұл турасында Жансая: «Есту қабілетім нашар болғандықтан ота жасалған сол кезде анам әрдайым жанымда отырып, Мұқағали атаның өлеңдерін оқитын», – деді. Мүмкін сондықтан болар оның өмірлік музасы да – Мұқағали Мақатаев. Ақын қыздың пайым-парасаты жоғары, талғамы биік, арман-мақсаты шексіз. Жансаяның поэзиясы – өмірге құштарлықтан туған өлеңдер. Жас ақын:

Ақын болу Алланың берілер сүйген құлына,

Мұқағали жырлары серік болды жаныма, — деп тебірене жырлайды.

Жансая Өтесінова КазЦИК ауылында 2003 жылы 9 шілдеде дүниеге келген. Әкесі Елеусін теміржолшы болса, анасы Айман бастауыш сынып мұғалімі. Өзі отбасындағы екі ағасына еркелеп өсіп келе жатқан қызғалдақ. Қазір №42 орта мектептің 10 сынып оқушысы. Жансая әріп танымай жатып, өлеңге, поэзияға құштар болды. Өлең жазу нағашы жағымнан берілген болар дейді. 6-7 жасында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 30-ға тарта өлеңін жатқа оқып, екінші сыныпта 40 өлеңін және «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын, 3-ші сыныпта 60-қа жуық өлеңін және «Райымбек, Райымбек» поэмасын 4-ші сыныпта 90-ға тарта өлеңін жатқа білді. Жансая тек ақынжанды ғана емес, қоғамдық жұмыстардың да белсенді мүшесі. Бастауыш сынып оқып жүргенде Ақбота апайы жас таланттың өлеңге деген құштарлығын байқап, оны дамытуға үлес қосты. Жансая қандай жарысқа барса да қанжығасы бос қайтқан емес. Ол аз уақыт ішінде өз ортасын мойындатты. Алдыңғы ақындардың алымы мен қарымына көңіл бөліп, кейінгі толқындағы өз замандастарының бірталайын елең еткізген жас таланттардың қатарына қосылды десек артық айтпаспыз. Бүгінгі кеш Жансаяның алғашқы кеші емес. 2013 жылы «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын» тақырыбында кеш өткізсе, 2014 жылы «Болашағым, сен тұрсаң мен өлмеймін» тақырыбында жеке кешін өткізді. 2015 жылы Жансаяның «Тамшы» атты тырнақалды жыр жинағы Жазушылар одағының қолдауымен шығарылса, бүгін тамшысына тұмар қосылып, «Тамшы-Тұмар» деген атпен екінші жыр жинағы жарық көріп отыр. Бұл кітабы өз отбасының көмегімен жарыққа шықты. Жансая өз жырына арқау болатын «Ай мен Күн, Тамшы мен Тұмар ұғымының құдіреті» дейді. Әдеби шығармашылық кешті жас ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқумен бастады. Жас ақынның жыр кешін ұстазы музыка пәнінің мұғалімі Қалимаш Дүйсебаева жүргізіп отырды. Мектептегі «Мұрагер» домбырашылар ансамблінің мүшелері республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Мейірбек Сақтағанов өз шәкірті Ақжолмен «Ерке сылқым» күйін тамылжыта орындап, кештің сәнін келтірді. Әсем де әсерлі кеште жас ақын тек ақындығымен қатар өзінің әншілік қабілетін де көрсетіп, жеке дауыста және Құралай апайымен бірге «Қазақия» әнін тамылжыта шырқады. Жас та болса бас болып, жеке кітабы шықпай жатып, өлеңдері жинақтарға енгеннен танылып үлгерген ақынның өлеңін жаттап алған оқырмандар да бар екен. Бұл кеште де өзі құралпылас жеткіншектер жас ақынның жырларын оқыса, ақын қыздың достары әуелете ән салып, жақұт жырдан шашу шашты. Әсерлі кеш жас ақынның «Тамшы-Тұмар» кітабының тұсаукерімен жалғасты. Кітаптың тұсауын ардагер ұстаз, көпбалалы ана «Әлем халықтары жазушылары одағының» мүшесі Баян Топаркеліні және «Ғабит Мүсірепов» атындағы қордың директоры Ғабиден Жакеев сынды аға-апалары кесті.

 

ҮЛКЕНДЕРДЕН БІР ТІЛЕК:

Қалимаш Дүйсебаева, №42 мектептің музыка пәнінің мұғалімі:

Баланың бойындағы өнерді тани білу, кішіпейілділік, сыпайылық, тілектестік, сыйластық сияқты қасиеттерді дарыту және өзгелерді қадірлей, сыйлай, құрметтей, тыңдай білуге, кешірімді болуға үйрету –  ұстаздың басты міндеті. 30 жылдық ұстаздық тәжірибемде зерделі де, зерек, өнері мен білімі қатар ұштасқан көптеген шәкірттерді байқадым. Осы тұста өзінің қатарластарынан зеректігімен оқ бойы озық келген шәкіртімнің бірі – Жансая Өтесінова. Ғұмыр-дария толқынында құрақ қармағына қармалған сөз шабақтарыңды шалқар көлге шашудай қылып шашқайсың! Кітабыңның көлемі пышақтың жүзіндей жұқа болғанымен, ішінің әлемі өрілген бұрымдай, төбенің ұшындай, бөрінің тісіндей боларына мен сенемін.

Ғабиден Жакеев, «Ғабит Мүсірепов» атындағы қордың директоры:

Алғаш Мұқағали Мақатаев талантын бағалаған Әбділда Тәжібаев болған екен. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінің 1960 жылғы 18 наурыздағы нөмірінде Мақатаевтың өлеңіне баға бере отырып: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!» деп жазған. Сол секілді, Жансая айналайын, өнердегі талантың шарықтап, биіктерден көріне беруіңе тілектеспін. Өзіңнің музаң болған Мұқағали Мақатаев жарты ғасырға жуық ғұмырында 1000-нан астам өлең жазса, сенің өмір жолыңда алар асулар, шығар биіктерің көп болсын деймін!

 

ТҮЙІН:

Поэзияны жасайтын – ақын. Әдебиетте еркек ақын, әйел ақын шығармашылығы деген ұғым жоқ. Ақын деген бір ғана ұғым бар. Сондықтан да ақын поэзиясы бәрімізге ортақ. Мейірім бар жерде – өмір бар. Таза махаббат әрқашан да адамға ізгілік, мейірімділік сыйлайды. Жыр жауһарларын ардақтаған, ақынын дәріптеп, өлеңге құрметпен қараған жас, кәрі де осы кешке жиналғандай. Сондықтан парасат биігіндегі арда өнерді өлтірмейтін қазақ деген халықтың рухы да мықты бола бермек. Ендеше, жас ақынға қызғалдақтай әсем ғұмыр мен сұлу да мағыналы жырларың көп болсын, қаламың мұқалмасын деп тілейміз! Жыр айдынында қалықта, самға, Жансая!

 

Нұргүл САБАҚАНОВА

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button