Аудан жаңалықтарыБес әлеуметтік бастамаДенсаулықҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі, Қазақстан Республикасында әлеуметтік тәуекелдердің туындауына байланысты жоғалтқан табысының бiр бөлiгiн өтеу үшiн халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша нысаны ретінде енгізіліп, жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшыларға және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар табыстарынан әлеуметтік аударымдарды төлеуде. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына төленетін әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ай сайын жүргізіледі.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік тәуекелдердің алты түрі бойынша әлеуметтік төлем төлеуді жүзеге асырады, атап айтқанда, еңбек ету қабілеттілігінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы бойынша, жүктілікке және босануға байланысты, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа редакциядағы  «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңы күшіне енді.

Заң ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері мен еңбек өтілінің арасындағы байланысты нығайту үшін жасалған.

Сонымен қатар, жаңа редакциядағы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) негізгі бағыты МӘСҚ еңбекке қабiлеттіліктен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы жағдайларына әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлерін қайта қарауға бағытталған.

Бұл ретте, 2020 жылдан бастап, әлеуметтік төлемдер мөлшерін анықтаған кезде, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде 5 жылдан астам қатысу өтіліне әр жыл үшін жүйеге қатысу өтілінің коэффициенті 2% -ға артты. Мысалы, егер Заңның бұрынғы редакциясы бойынша, 5 жыл немесе 10 жыл жүйеге қатысу өтілі бар азаматтар үшін, әлеуметтік төлем тағайындағанда коэффициент- 1 деп алынса, 2020 жылдың 1- қаңтарынан бұл азаматтар үшін коэффициент – 1,10 деп есептелінеді.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалу деңгейін жоғарылату мақсатында, әлеуметтік төлемдердің мөлшері медициналық-әлеуметтік сараптама нақты белгілейтін жалпы еңбек ету қабілеттілігінен айырылу денгейіне сәйкес, атап айтқанда 30% -дан 100% -ға дейін анықталатын болды. Мәселен, егер бұрын 95% еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі үшін 0,7 коэффициенті қолданылса, енді жаңадан ол 0,95 болады.

Мысалы, орташа айлық табысы 150 мың теңгені құрайтын, жүйеге 10 жыл қатысу өтілі бар және жалпы еңбек ету қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 95% болып белгіленген жұмыскер үшін төлем мөлшері жаңа параметрлерді ескере отырып 53 183 теңгеден 79 394 теңгеге дейін өсті (өсім 49,3%).

Сонымен бірге, аталған жұмыскер 1-топтағы мүгедек үшін 59 872 теңгені құрайтын, мүгедектігі бойынша бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады, сәйкесінше жүйеге қатысушы үшін төлемнің жалпы сомасы 139 266 теңгені құрайды (бюджет және МӘСҚ).

Осылайша, жұмыс істеген және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болған адам екі жерден (бюджеттен және МӘСҚ) төлем алады, ал жұмыс істемеген адам тек бюджеттен ғана алады.

Асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында Заңда асырауындағылар санының коэффиценті арттырылды:

1) асырауындабірадамболса 0,4 -тен 0,5-ке дейін;

2) асырауындаекіадамболса 0,5-тен 0,65-ке дейін;

3) асырауындаүшадамболса 0,6 -дан 0,8-ге дейін;

4) асырауындатөртжәнеодан да көпадамболса 0,8-ден — 1,0-ге дейін.

Жалпы алғанда, әрбір коэффициенттің өсуі бұрынғы көлемнің 25% құрайды.

Мысалы, орташа айлық табысы 150 мың теңгені құрайтын және 10 жыл жүйеге қатысу өтілі бар асыраушы қайтыс болған жағдайда, асырауындағы үш балаға төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері жаңа параметрлерді ескере отырып 45 585 теңгеден 66 858 теңгеге дейін артты. (өсім 46,7% -ға)

Асырауындағы үш балаға бюджет есебінен асырауынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 57 689 теңгені құрайды, сәйкесінше төлемнің жалпы сомасы – 124 547 теңге болып есептеледі. (бюджет және МӘСҚ)

Бұл төлем түрінде де, егер қайтыс болған азамат, жұмыс істеп, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болған жағдайда, оның отбасы мемлекеттік бюджеттен және Қордан төлем алады.

МӘСҚ еңбек ету қабілеттілігінен айырылуы және асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер ұзақ мерзімге төленетін төлемдер болып табылады.

Жалпы еңбек ету қабілеттілігінен айырылу дәрежесі шексіз белгіленген жағдайда еңбек ету қабілеттілігінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлем азамат зейнеттік жасқа жеткенге дейін төленеді, ал, асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал оқу орнының күндізгі бөлімнің студенті болған жағдайда, оқу бітіргенше, бірақ 23 жастан аспайтын мерзімге дейін төленеді.

Сонымен қатар, жаңа редакциядағы Заңымыз жұмысынан айырылған және белсенді түрде жұмыс іздеумен айналысып жүрген адамдардың әлеуметтік қорғалуын арттыруды көздейді.

МӘСҚ жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем жұмысынан айырылған және тұрғылықты жеріндегі Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға тағайындалады. Егер бұрын жұмысынан айырылуы бойынша табысты алмастыру деңгейі соңғы екі жылда орташа табыстың 30 % құраса, ал жаңа Заң бойынша бұл көрсеткіш 40% дейін арттырылды және де бұрын төлем 1 айдан 4 айға дейін тағайындалса, ал 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады.

Бұл ретте, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға еңбек ету қабілеттілігінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы және жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алушылардың барлығына бірдей, әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа параметрлерін қолданылып, төлем мөлшерлері қайта қаралды.

Мысалы, жұмыссыз ретінде тіркелген азамат, жүйеге қатысу өтілі 10 жыл, орташа айлық табысы 150 мың теңге болатын жұмыскерге жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемнің мөлшері 45 000 теңгеден 66 000 теңгеге дейін арттырылды (өсім 46,7 %). Бұл ретте, аталған төлем 4 айдың орнына 6 айға төленеді.

Жаңа Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін еңбек ету қабілетінен айрылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айрылу жағдайлары үшін алушылардың әлеуметтік төлемдерінің мөлшері 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жаңа параметрлерді ескере отырып қайта есептелді. Орташа алғанда, Заң бойынша көрсетілген әлеуметтік төлемдердің мөлшері кем дегенде 30% -ға ұлғайтылды.

Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында Заңда ҚР Үкіметінің шешімі негізінде олардың мөлшерін жыл сайын арттыру көзделген. Осылайша, ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер(еңбек ету қабілетінен айрылу, асыраушысынан айырылу бойынша) 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тағайындау параметрлерін өзгертуге байланысты арттырумен қоса, әлеуметтік төлемдер мөлшерлері 5 % арттырылды.

Сондай ақ, жаңа редакциядағы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңымен проактивті түрде әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша  мемлекеттік қызметтер көрсету көзделген. Проактивті принцип әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш беру сипатынан біртіндеп бас тарту  және хабарлама жіберу жолына көшуді білдіреді. Бұл жағдайда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арасында деректер алмасу жолымен азаматтардың тиісті жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер алуға құқықтары өзекті болады.

Тұтастай алғанда, жаңа редакциядағы Заң азаматтардың жұмыспен қамтылуын заңдастыруға, олардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуын ынталандыруды және жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруды көздейді.

Сонымен қатар, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ www.gfss.kzсайтынан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толық ақпарат алуға болады.

 

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры

Алматы облысы бойынша филиалының бас маманы

Абдрахимов Е.А.

Басқа жаңалықтар

Back to top button