ТӘРБИЕ БЕРУШІ ҚҰРАЛ
«Газет — халықтың көзі, һәм тілі», — деп кезінде Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ол рухани азық. Өйткені, жергілікті жердің тыныс-тіршілігін, ондағы болып жатқан оң өзгерістер мен жағымды жаңалықты бұқараға кеңінен жариялап отыратын бірден-бір басылым – аудандық газет. «Іле таңының» сарғайған беттеріне көз салып, зерделей білсеңіз, мұнда замана талаптарына сай атқарылған ауданның тыныс-тіршілігін байқайсыз. Басылым тарихы, ауданның да тарихы, елдің, жердің шежіресі.
Мен 1985 жылы аудандық пария комитетіне қызметке келгенімде газет «Ильич жолы» – «Путь Илича» деген атаумен аптасына 3 рет қазақ және орыс тілдерінде қазіргі Өтеген батыр (бұрынғы Энергетик) кентіндегі баспаханадан басылып, шығатын. Екі тілдік басылымды тәжірибелі журналист Байболсын Етекбайұлы Жұматаев басқаратын. Сол жылдары газетте Жасұлан Нұрғалиев, Дабыр Үшірбеков, Нина Устиненко, Ирина Новак, Алтай Мықтыбеков, Жігер Байтелесов, Максим Сәрсенов сынды журналистер еңбек етті. Аудандық газетте еңбек етіп, тәжірибесін шыңдаған бірқатар азаматтарға бұрынғы «Ильич жолы», қазіргі «Іле таңы» рухани ұстаз, әрі тәрбиеші болды. Өйткені олардың мұнда біліктілігі артып, өмірге көзқарастары қалыптасып, келер ұрпаққа өз қолтаңбаларын қалдырды. Солардың қатарынан белгілі журналист Шархан Қазығұловтың, Жігер Байтелесовтың, Ирина Новактың, Айткен Есдәулетовтың есімдерін мақтанышпен атауға болады.
Сол кезеңде газетте сын мақалалар жарияланса, бірден аудандық партия комитетінің бюросында қаралып, кемшілік жіберген тиісті жауапты қызметкерлерге шара қолданылатын. Іле өңірінің тұрғындары партияның жергілікті жердегі саясатын, ауыл өмірін, ұжымшарлар мен кеңшарлардың жұмысын, зауыт пен фабрикалардағы, өндіріс орындарындағы жаңашыл істерді, тың бастамаларды газет арқылы біліп отыратын. Аудандық газет арқылы тұрғындар Социалистік Еңбек Ері Құдайберген Дауылбаевтың, «Ленин» орденінің иегері Ахмедов Мамедтің, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері Қасымов Нұрмұханбеттің, Күнсұлу Шегебаеваның, Ақжолтай Текесбаеваның, «Қазақ ССР-і ауылшаруашылығының үздігі» Ерғали Мұсаевтың, атақты шошқа өсіруші Валентина Бережняктың өмірімен, еңбек жолымен, жетістіктері және табыстарымен кеңінен танысты. Сазгер әрі ақын Кеңес Алпысбаевтың, асылдың сынығы Төрткен Кененқызының шығармашылығы жиі насихатталатын. Әлі есімде сол жылдары аудандық газетті ауыл еңбеккерлері әсіресе шопандар асыға күтетін. Өйткені, әрбір апта сайын қазақ тілінде шығатын «Ильич жолы» газетінде ауандық мәдениет бөлімінің бастығы, «Жетісудың шайыры» атанған ақын Нүсіпбек Исахметовтың достық әзіл өлеңдері жарияланып, мекеме, совхоз басшылары сын садағына алынып жататын. Атақты шопандар да достық әзілден шет қалмайтын. «Бұл жолы Нүсіпбек Исахметов кімді сынады екен», — деп шопандардың газет оқып отырғанын талай рет көрдім.
Кейіннен мен аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқарғанымда газетке тіптен жақын болдым. Нарық экономикасы табалдырықтан аттаған сол бір кез тек аудан үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін сындарлы уақыт еді. Ұжымшарлар мен кеңшарлар тарап, өндіріс орындары құлдырап жұмыссыздық етек алды. Мұғалімдер мен дәрігерлер еңбекақысын, зейнеткерлер зейнетақысын айлап ала алмайтын. Коммунистік партия тұсында аудан бюджетінен және партия қаржысынан қаржыландырылып отырған газет те бұл қиындықтардан айналып өте алмады. Аптасына 6 мәрте қазақ және орыс тілдерінде оқырмандарға таралатын аудандық газет әупірімдеп айына төрт рет қана шығып жүрді. Газеттің сол кездегі бас редакторы Шархан Қазығұловтан бастап біраз тәжірибелі журналистер Алматы қаласындағы басқа басылымдарға кетті. Редакцияда үш-төрт қыз қалғанын да көзіміз көрді. Қаржының жоқтығынан газет шықпай, аз ғана қызметкерлер бір жарым жылдай жалақысыз қалды.
Қандай қиын жағдай болмасын редакцияда қалған аз ғана адам газеттің қайтадан жарыққа шығатынына сенімді болды. Олар өз басылымдарына адалдық танытып, қолдарынан келген барлық мүмкіндікті жасады. Газетті сақтап қалуда аянбай еңбек еткен тәжірибелі журналист марқұм Әлия Құрманбаеваның, Анатолий Яшневтың, қызметкерлер Сәуле Ботбаеваның, Ботагөз Қырбасованың, ұзақ жыл бас редактор болған Роза Айдарбекованың атқарған жұмыстарын ерекше атап өткен жөн. Бүгінде Елбасының, Қазақстан Республикасы Президентінің, облыс, аудан әкімдерінің саясатын жергілікті жерде жүргізіп, шын мәнінде халықтың үні болып отыр. Аудан тұрғындары газет арқылы ауылшаруашылығында, өнеркәсіпте болып жатқан жаңалықтар мен әртүрлі заңнамалармен кеңінен танысуда. Мұнда білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласындағы атқарылған игі істер, оқушылардың, жастардың шығармашылығы кеңінен насихатталынуда. Қазір жоғары технология заманы, ғаламтор, әлеуметтік желілер кең дамыған уақыт деп жатамыз. Солай бола тұрса да аудан айнасы- «Іле таңы» газеті өзінің мәні мен мағанасын, маңыздылығын, оқырманға қажеттілігін ешқашан жоғалтқан емес, жоғалтпайды да.
Е. ТҰРЫМБЕТОВ,
аудандық қоғамдық Кеңес төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, ауданның «Құрметті азаматы»