Денсаулық

АКУШЕРЛЕРГЕ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫН БІЛДІРДІ

Аулада азуын кезенген коронавирус қыдырып жүрсе де, ауданымызда айтар алғысын ұмытпайтын жаны жайсаң адамдар жеткілікті. Сондай жаны жайсаң жанның бірі Ынтымақ ауылының тұрғыны Несіпбаева Қарлығаш Тұрашқызы төртінші нәрестесін айы-күні жетпей босануына тура келді. Мүмкін қоғамдағы болып жатқан аласапыран жайттар көңіл-күйіне әсер етті ме, жас ана, мерзімінен ерте аудан орталығы Өтеген батыр кентіндегі перзентхананың табалдырығын аттады. Біздің ақ халатты абзал жандарға айтар алғысымыз осы жерден басталады. Қазір басы ауырып, балтыры сыздаса вирустың синдромы ма деп қобалжитын болдық. Біздің акушерлердің де басында осындай ойлар келгені белгілі. Бірақ Қарлығаштың жағдайын көргенде бірден алғашқы ойларынан сейіліп, дереу іске кіріскен. Дәрігер — ауырған жанның арашасы ғой. Оның қадірін дәл қазіргі уақытта сіз бен біз жақсы біліп отырмыз. Өз өмірін былай қойғанда, баланың денсаулығы таразыға түскен кезде ана жүрегі байыз таппай, жер дүниені қыдырып, баласының жолында құрбан болары анық. Уақытына жетпей туылған сәбидің даму кезеңі орта жолдан үзіліп, жарық әлемге дайындықсыз келіп, өмір сүруі не сүрмеуі бірінші Алланың қалауы, сосын дәрігердің біліктілігіне байланысты болмақ. Адамнан адам шығу – қиынның қиыны емес пе? Сондай жауапты сәтте ананың да, баланың да жанына
жалау болып, қолдау көрсетіп, қолдарынан келетін барлық ем-шараны жасап, әр анаға ерекше ілтипат білдіріп, әр баланың өмірі үшін күресіп, жауапкершілік танытатын да ақ халатты абзал жан ғой! Сәби, әсіресе мерзімінен ерте туылған бала өте сезімтал келеді екен. «Сәби мына өмірге өзінің керек екенін сезінуі маңызды» дегенді басты қағида етіп ұстанатын дәрігерлер осындай баланы иіскеп, сүйіп, жылы сөздерін аямайтынын естіп жатамыз. Тағы бір қызығы, медбикелер сәбиге бесік жырын айтып ұйықтатынын біріміз білсек, екіншіміз білмей жатамыз. Мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерді бөлек алып, оларға басқаша ем-дом жасалады. Әр балаға жеке медбикелер бөлініп, күндіз-түні көз алмай қарап, олардың әр қимылын, дем алысын бақылауда ұстайды. Балаға қосылатын әр аппаратты бақылап, уақытында қосып, өшіру – үлкен шаруа. Сол істі жауапкершілікпен атқарады. Жас сәбидің дәрісін берудің өзі үлкен шеберлікті талап етеді. Бұл жағдайды есте сақтап жүріңіздер. Жаңа туылған жас сәби, әсіресе мерзімінен ерте туылған шақалақ анасына дейін бесік жырын акушерлерден естиді. Дәрігер, акушер-мейірбикелер қызметтік міндеттерін ғана емес, сол жерде барша балаға аналық қамқорлығын да көрсетеді. Осы бір өмірдің сатысын көзбен көріп етене араласқан басты кейіпкеріміз Қарлығаш Тұрашқызы өз сөзінде: «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» — дейді атамыз қазақ. Бұл сөздермен көп нәрсе айтқым келеді. Кішкентай нәрестемді аман алып қалған, үлкен ықыласпен қараған дәрігер-неонатолог Сандыгүл Аязбаева, Жанар Махамбеталиева, Айгул Алтеновна, Алтынгүл Алматаевнаға ерекше бас иемін. Сондай-ақ, отаны сәтті жасап, өзіме де үлкен қамқорлықпен қараған акушер-гинекологтар Эльвира Хасановна, Айжан Амантаевна, Алия Жүсіпқызына және барша перзентхана медбикелеріне алғысым шексіз. Осы аты аталған медицина қызметкерлері өз ісінің шебері екендігіне көз жеткізген жағдайым бар. Еңбектеріңіз жана беруіне шын жүректен тілектеспін!» — деп шынайы алғысын айтып, ағынан жарылды. Қым-қуыт заманда алғысты айта алатын адамдардың да көп болғаны қандай жақсы. Айтар алғысымыз да, алғыс айтатын адамымыз да көп болсын, ағайын!

Бағдат ТОҚАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button