Қоғам

ӘДЕПТІЛІК – ӘДЕМІЛІК БЕЛГІСІ

«Адам әдебімен көрікті», — дейді қазақ халқы. Халқымыздың осынау «әдеп», «әдептілік» ұғымының мәнісі тамыры терең ұлттық рухани мәдениетімізден бастау алады. «Әдеп» — термині түркі халықтарының орта ғасырдағы араб-мұсылман мәдениетінің ықпалымен енген. «Әдеп» сөзі моральдық категория, қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар деген мағынаны білдіреді. Олай дейтініміз, адамның сөйлеу мәнері, іс-қимылы, жүріс-тұрысы, өзін ұстай білуі оның мәдениетті, әдепті екендігін аңғартады. Адамның бойынан әдептілік қасиеттің көрінісі — ол парасаттылық пен адамгершілік. Әдептілік – адам бойындағы жағымды қасиет, оның қоғамда қабылданған әдеп талаптарын мінсіз орындауы болып табылады. Ол қоғамда, үйдегі тәлім-тәрбиенің негізінде қалыптасады. Қазақ этикасының қайнар көзі Еуразияның Ұлы даласында өркендеген ежелгі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мен түркі бірлестіктерінен нәр алады. Кіндік Азиядан табылған түркілердің Күлтегін, Тоныкөк жазуларында татулық, бақыт, дәулет сияқты әдеп ұғымдары жиі кездеседі. Әдепті арнайы ілім ретінде қарастырған ғұлама философ, ғалым – Әбу Насыр әл-Фараби. Ол әдепті жақсылық пен жамандықты айыруға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырып, «Әдептілік – әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы, қазынасы», — деп айтқан. Сондай-ақ, түркі халықтарының этикасын дамытуға үлес қосқан ғұламалар қатарына Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауй, Ахмет Игүнеки, Сүлеймен Бақырғани, қазақ хандығы тұсында өмір сүрген әйгілі қазақ ақын-жыраулары Асан Қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай ұлттық әдеп жүйесін жоғары тұғырға көтере білді. Олардың әлеуметтік-этикалық ойлары қазақ халқының әдептік сана-сезімінің қалыптасуына, кейінгі ұрпақтың ұлтжандылық, адамгершілік, рухта тәрбиелеуге ықпалын тигізді. Дана халқымыз: «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны – сабыр, жолдасы – кәсіп, қорғайтын қорғаушысы – мінез, бәрін тәртіпке реттейтін – әдептілік», — дейді. Бүгінгі таңда осы рухани құндылықтың мәнісі қоғамның қай саласында болсын, өзектілігін жойған емес. Соның ішінде ел тізгінін ұстап, халыққа қызмет жасап жүрген мемлекеттік қызметшілер жоғары мәдениеттің, парасаттылық, сыпайылық, кішіпейілділік, әдептіліктің мінсіз бейнесін халыққа көрсетуі тиіс. Қоғам мемлекеттік қызметшіні өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны Қазақстан Республикасына адал да қалтқысыз қызмет етеді деп сенім білдіреді. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі өте маңызды орынға ие. Яғни, кызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек. «Қазақстан-2050» стратегиясында кәсіби мемлекеттік аппаратты құру ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі болып белгіленген. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттің кәсіби дамуына, ел мүддесіне жауапты тұлға. Заман талабына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне талаптар күшейтілуде. 2015 жылы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың №153 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің «Әдеп кодексі» қабылданды. Мемлекеттік қызметтегі әрбір азамат халқымыздың жалпы қабылданған рухани құндылықтар жүйесін сақтауымен қатар, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастырып, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтауды үнемі назарда ұстауы тиіс. Біз әрқашанда бір-бірімізге жылы сөз айтып, өзіміз де сондай жақсы сөздер естіп жүрейік. Адам әрдайым бет сұлулығымен емес, ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен, мәдениеттілігімен әдемі.

М. МӘДІҒҰЛОВ, Іле ауданының әдеп жөніндегі уәкілі

Басқа жаңалықтар

Back to top button