ОНЛАЙН СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ
Биыл мектеп бітіруші түлектердің қоштасу кеші карантинге қарамастан өтетін болды. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Л. Каткеева: «Алматы облысы білім басқармасы 2020 жылдың 6 мамырдағы №192 «Мектеп бітірушілер туралы» жарлығына сәйкес карантин режиміндегі тәртіптерді сақтай отырып түлектерге аттестат табысталады – деп, білім саласындағы жаңалықпен бөлісті. Сондықтан 25 мамыр күні 1-10 сыныптағы оқушыларға онлайн режимінде сынып сағаттары өтеді. Қазір жалпы білім беру мекемелеріндегі мектеп директорының оқу, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары 9-11 сынып оқушыларының аттестаттарын толтырып, таратуда. Мемлекеттік емтихандар болмайтындықтан, қорытынды баға төрт тоқсан бойы алынған бөлім бойынша және тоқсандық жинытық бағалау қорытындысы бойынша есептелініп қойылады. 3-4 маусым күні барлық санитарлық талаптарды орындай отырып, арнайы шақырылатын қонақтарсыз, тек түлектердің өздеріне ғана аттестат табыстау рәсімі өтеді. Биылғы өзгешелік — жылдағыдай түлектердің дәстүрлі сауық кеші мен салтанатты жиын болмайды. Сонымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізуге дайындық жұмыстары басталды. Онда тестілеуге қатысатын түлектерді тасымалдау, тамақтандыру сияқты шаралар ұйымдастырылмақ. Осыған байланысты №866 пункте, яғни Ащыбұлақ ауылдық округі, М.Түймебаев ауылындағы 20 орта мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, биыл 11 сыныпты 1687 оқушы аяқтаса, Ұлттық бірыңғай тестілеуге 1359 түлек қатысатын болады. 214 оқушы «Алтын белгіге», 90 түлек «Үздік аттестатқа» үміт артып отыр. Ал, 9 сыныпты бітіретін 4106 баланың 582-сі үздік атанбақ.
Б. ЧОЙБАСОВ