Басты ақпаратМерекелерРухани ЖаңғыруРуханиятТұлға

АБАЙ — АҚЫН, АБАЙ — ДАНА

Қазақтың ортақ мақтанышына айналған халқымыздың ұлы перзенті, ақын, философ, ғұлама Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде, соның ішінде ЮНЕСКО аясында өткізілетін ауқымды іс-шаралар басталып та кетті.

Осы орайда ауданымыздағы мектептер мен мәдениет орталықтарында А.Құнанбаевтың мерейтойы қарсаңында және еліміздегі төтенше жағдай кезінде онлайн шаралар, конференциялар өткізілсе, одан өзге әртүрлі іс-шаралар да қолға алынуда. Біз өзіміздің ұлы тұлғамыздың есіміне кір келтірместен Абайдың бай шығармашылық мұрасын насихаттап, жас ұрпаққа қалдырған өсиеттерін мүлтіксіз орындауға міндеттіміз. Абай өз ғұмырының ақырына дейін қазақ балаларын оқуға, білім-ғылыммен айналысуға, рухани дамуға және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын бойға жинауға шақырғанын білеміз. Дана ақын келер ұрпақты «жүрегімнің қуаты, перзенттерім» деп бағалаған. Айтылған сөз, жазылған жауһар ойлар бірінші кезекте соларға бағытталған. Жат мінез-құлықтан аулақ болудың нақты жолдарын меңзейді. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» – деп толғайды ұлы ғұлама. Замана атты ұлы күштің, феодализм дәуірінің құрсауында қалып қоймай, ұлы бабамыз ұлтының бүгіні мен ертеңіне, болашағына алаңдады. Ол туған халқын қараңғылықтың бұғауын бұзып, жарқын күндердің шуағына бөленетін жолдарды іздестіруге шақырды, тіршілік мақсаты мен мұраты ілім мен ғылымда деген берік тоқтамға келді. Ұлы дала философы және ағартушысының өмірден озғанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның бейнесі туған халқына, туған ұлтына жақындай түсуде. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік Туы төбемізде желбіреген кезеңде ұлы ойшылдың жауһар жырлары мен мазмұны терең ой-танымдарының құндылығы артып келеді. Бұл бүгінгі жаппай жаһандану дәуірінде де өте өзекті. XXI ғасырда өмір сүріп жатқан азаматтар, әсіресе, жас толқын үшін осы айтылған өсиеттердің құндылығына ешкім де шек келтіре алмайтын шығар. Абайдың «Толық адам туралы» тәлімі жоғары адамгершілік нормаларын, рухани мәдениетті және жастардан жан-жақты білімді талап етеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтып өтті. Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек: «Абайды білу – өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдығы – жетілудің көрінісі». Біздің ауданымыздың әрбір азаматы Абайдың шығармашылығын терең зерттеп, өзі үшін өмірлік маңызды бағыт-бағдарды табады деп сенеміз. Абай шығармашылығы тек қазақ халқының ғана мұрасы емес. Шетелдіктер қазақты Абай арқылы таниды, ақынның жырлары арқылы бағалайды. Оның жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға толы шығармалары бүкіл халықаралық қауымдастыққа жатады, әлемдік мәдениеттің бөлігі болып табылады.

Ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу біздің еліміздің әлемде танылуына тың серпін беретініне сенімдімін. Абай есімі жаңа Қазақстанның брендіне айналуы керек, сондықтан оның шығармаларын біздің елден тыс жерлерде де кеңінен насихаттау қажет деп ойлаймыз. Данышпан Абайдың артына қалдырған алтын мұрасы, асыл қазынасы, ұлы сезіммен жазылған дүниелері халықтың жүрегінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Сонымен қатар, қазақтың ұлы перзенті теңдессіз шығармаларын мұра ретінде ұрпағына қалдырды. Оларда оның бар өмірі, жарқын болашақ туралы арманы бейнеленген. Оның жалынды өлеңдері мен дана «Қара сөздері» ешқашан күшін де көкейтестілігін де жоймақ емес. Ұлы қазақ ақыны, әрі ағартушысының туындылары әлемнің 30-дан астам тілдеріне аударылған. Ақын есімімен әлемнің көптеген қалаларында көшелер аталып, оның құрметіне ескерткіштер орнатылған. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің әділдік пен адалдықтың ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден бір белгісі де осы болар. Бүгінде Абай туындылары барша қазақстандықтарды Отанына қызмет етуге шабыттандырады, олардың білімге, ғылымға ұмтылысы ұлттың мәдениет арқылы дамуын қолдауда.

 

Н.МОМБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button