БӨЛІНГЕНДІ БӨРІ ЖЕЙДІ
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады», — деп атам қазақ бекер айтпаған. Мемлекетіміз дүниежүзілік пандемия деп жаряланған аса қатерлі індет – коронавирустың кең таралмауына қарсы іс-шараларды жүзеге асырып, Төтенше жағдай салдарынан туындаған экономикадағы қиындықтарды еңсерудің жолдарын қарастырып жатқанда кейбір белсенділердің бас-басына ұйым немесе қозғалыс құрып, халықты митингіге шақырып, шу шығаруға үгіттеуде. Мұның арасында нақты жұмысы жоқ, қоғамға ешқандай пайда әкелмейтін көптеген жастардың ел ішінде алауыздық тудыратын ұйымдар мен қозғалыстардың жетегіне еріп, айтағына көнгендігі жақсылықтың нышаны болмаса керек. Көшедегі бей-берекетсіз жиналатын халықтың арасында жастардың көптеп кездесетіндігі жаныңды ауыртып, көңіліңді жабырқатады. «Ойды ой қозғайды» — демекші, осындайда көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол адамдардың пікіріне зәру болады екенсің. Содан да болар біз көненің көзі, асылдың сынығы, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», Іле ауданының Құрметті азаматы Төрткен Кененқызына жолығып, ардақты анамызды әңгімеге тартқан едік.
— Төрткен Кененқызы, сіз барлық саналы ғұмырыңызды педагогика саласына арнадыңыз. Демек, жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәлім-тәрбие беруде жинаған тәжірибеңіз ұшантеңіз. Айтыңызшы, біздің жарқын болашағымыз болар бүгінгі жастардың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы көңіліңізге қона ма?
— Көп жастардың әрекеті көңіл көншітерлік деп айта алмаймын. Өйткені, мемлекет саясатындағы негізгі бағыттардың бірі – жастар секторы. Жастар секторына Қазақстанда барлық кезде де айрықша назар аударылып келеді. Соған қарамастан кейбір жастардың жалқаулығы, енжарлығы, немқұрайдылығы мені көп алаңдатады. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Өзінің білімімен, үлкен табысымен, ақыл-парасатымен елімізге, тіптен шет елге танымал болған жастарымыз өте көп. Мәселен, менің білуімше, біздің ауданда 40 мыңнан астам жастар бар. Олардың арасында маргинал жастардың саны төрт жүзге жуық. Өз басым қазіргі уақытта «жұмыс жоқ» деп, екі қолын қалтасына салып бос жүргендерді түсінбеймін. «Екі қолға бір күрек» — дегендей, істеймін деген адамға кез-келген жерден жұмыс табылады. Өткенде аудандық газетте жарияланған «Жұмыс көп, ынта жоқ» деген мақаланы оқып отырсам, ауданда жұмыс орны жетіп артылады. Жастар неліктен құрылыс орындарында жұмыс істегісі келмейді? Себебі, жастарымыздың басым бөлігі жанын қинап, ауыр жұмыс істеуді қаламайды. Оларға портфель мен жұмсақ кресло қажет. Осыдан барып, жастар тәрбиесінде солқылдақтық танытып алдық па деген ойға келесің. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» — дегендей, соңғы 10-15 жылда кей отбасыда балалар тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлінбегендігі байқалады. Қазір елдің бәрі қу дүниенің жетегінде кетті. Осының кесірінен бала тәрбиесі өз-өзінен шетке ысырылды. Отбасында ата-ананың мейірімін,жылулығын көрмеген, еңбекке бойұсынбаған баладан қандай адам шығады? Жалқаулық та, бойкүйездік те отбасында дұрыс тәрбиенің болмағандығынан. Демек, отбасы тәрбиесі қоғамның өсіп, дамуына тікелей ықпал етеді.
— Ал, бұрынғы жастар қандай еді?
— Жаңа 10-15 жыл төңірегі деп бекер айтқан жоқпын. Яғни жиырма бірінші ғасырдың басына дейінгі жастарда еңбекке құлшыныс, оқуға ынта-жігер болды. Олар алдарына нақты мақсат қоя білді. Жоғарғы оқу онына түсе алмаса, колледжге баратын, ол болмаса жұмыс істейтін. Сенделіп бос жүрген біреуін көрмейтінбіз. Уақыты болмағандықтан, олар біреудің айтқаны бойынша жалаң сөзге еріп, құрғақ уәдеге сене қоймайтын. Ал қазір ше? Қолдары бос, уақыттары көп болғандықтан әлеуметтік желілерде кім не айтса, соған келісе салады. Үкіметке қарсы шығып жатқан «белсенділердің» қатарына оп-оңай қосыла салады.
— Сөзіңіздің жаны бар. Бұл күнде «алаңға шығамыз» деген кейбір қозғалыстың маңына жастар көптеп топтасып жатқандығын білер-сіз. Сонда бұл не? Тәрбиенің жоқтығы ма? Әлде даңғазалық па?
— Әрине, бәрі тәрбиеге байланысты. Санасы жоғары, білімі, өзінді ой-пікірі, көзқарасы қалыптасқан, жұмысы бар тәрбиелі жастар оған бара қоймайды. Қолынан ұялы телефоны түспейтін, әртүрлі түнгі клубтарда уақытын өткізетін, тер төгіп жұмыс істегісі келмейтін жастар айтаққа тез ереді. «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық аздырар адам баласын», — деп Ұлы Абай бекер айтпаған ғой. Тіптен олардың көбі берекетсіздікке бастайтын сан түрлі ұйымдардың бағыт бағдарын, мақсатын да жете білмеуі мүмкін. Қозғалыс деген осы екен деп көптің артынан еріп, даңғаза шуға қосылып кеткендердің бар екендігі шындық. Мұның арты жақсылыққа әкелмейді. Қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Шетелдегі, оның ішінде мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штаттарындағы орын алып жатқан дүрбелең, бассыздық бәз біреулердің халықтың арасына ши жүгіртіп, іріткі салуынан болып отыр деп ойлаймын.
— Көппартиялық пен ұйымдарға бөлінуге деген көзқарасыңыз қандай?
— Өз басым жалпы құрылып жатқан әртүрлі ұйымдар мен қозғалыстарға қарсымын. «Бөлінгенді бөрі жейді», — деген мақал бекер айтылмаған. Ұйым құрып алып, бөлінгеннен ештеңе ұтпаймыз. Керісінше, халықты, соның ішінде, жастарды жік-жікке бөліп, татулық пен бірлікке нұқсан келтіреміз. Көпті көрген, тәжірибесі бар ана ретінде айтарым, елімізде тұрақтылық болуын қаласақ, бейбіт өмір сүргіміз келсе әртүрлі ұйымдардың артынан ермей, тек бірлігімізді ойлағанымыз жөн. Белді бекем буып, алдағы жақсылықтарға үкілеп үміт артайық.
Іргеміз берік, еліміз тыныш болсын!
— Әңгімеңізге рахмет!
Аман болыңыз!
Сұхбатты жүргізген
Р. АЙДАРБЕКОВА