Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпарат

КАДЕТ СЫНЫБЫНЫҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Қазақ халқы қай кезде де ел ертеңіне алаңдап, болашағы ұрпақтың тәрбиесіне аса көңіл бөлген. Тұтас ұлттың, өз халқы- ның аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары сан түрлі. Мектепте оқушыларды тәрбиелеудің сегіз бағыты болса, соның ішінде, жас ұрпақты патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады. Тәрбиенің бұл бағыты жастарды өз Отанын сүюге, елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Қазақ халқының біртуар батыр ұлы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы патриотизм туралы: «Патриотизм – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну,өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау» — деп анықтама берген.

Патриоттық сезім өздігінен қалыптаспайтыны анық. Бала санасына кішкентайынан өз Отанын сүю, оны ішкі-сыртқы жаудан қорғау туралы ұғымды қалыптастыру қажет. Патриоттық сезімнің қайнар көзі – Отан, оның мазмұны туған жер, табиғат, оның байлықтары, тілі, тарихы, дәстүрі, туған өлкенің киелі орындары мен тарихи ескерткіштері, мәдени мұралары және Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін саяси және рухани пайымдаудан басталады. Балаға еліміздің мемлекеттік белгілерінің аса маңызды екенін, оны ерекше құрметпен мақтан тұту керектігін түсіндіре отырып, Отанды сүюге, халқымыздың игі дәстүрлерін құрметтеуге баулу керек. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауларының бірінде: «Патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ өзіңнің тарихыңды, ана тіліңді, шығу тегіңді білмей нағыз патриот бола алмайсың» — деп тұжырымдады.

Осы орайда, Елбасы Жол- дауын жүзеге асыру мақсатын- да Өтеген батыр кентіндегі №38 мектеп-гимназиясында Бастапқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі Андосов Ертай Дарименкуловичтің бастамасымен және Алматы облыстық Білім басқармасы мен ҚР Шекара қызметі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті директорының қолдауымен 2014 жылы тұңғыш «Жас шекарашы» кадет сыныбы ашылған болатын. Кадет сыныптарын ашу үрдісі өз жалғасын тауып, қазақ «Жас шекарашы» кадет сыныбы, №7 орта мектепте «Жас полиция», «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныптары, №13 орта мектепте «Жас полиция» кадет сыныбы ашылды. Кадет сыныптары еліміздің әр өңірінде әр түрлі әскери бағытта ашылып, жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиеге баулуда.

Үстіміздегі жылы кадет сыныптарының алғашқы қарлығаштары түлеп ұшып, №38 мектеп-гимназиясының «Жас шекарашы» кадеттері мектеп қабырғасын артқа тастап, үлкен өмірге қадам басты. Елімізде коронавирус індеті әлі де толыққанды ауыздықталмағандықтан биылғы мектеп бітіруші түлектер мектеппен қоштасу кешін тек салтанатты жиын ретінде тойлады. Онда да әрбір түлек пен шараға қатысушылар сақтық шарасын ұмытпай, арақашықтықты сақтап, бетперде тағып, өздерінің және айналасындағылардың денсаулығы үшін бей-жай қарай алмайтындықтарын көрсетті. Шараға кадет сыныптарының түлектері, «Кинология қызметі» Басқармасының бастығы подполковник Р. В. Денин және басқарма бастығының орынбасары подполковник А. У. Базаркулов және кадет сыныптарының әскери  тәрбие жетекшілері, ата-аналар қатысты.

Салтанатты шараны мектеп директоры Аскарбаева Гульнар Кульжановна ашып, бітіруші түлектерге сәт сапар тіледі. Ал, әскери жетекшісі Е. Д. Андосов болса кадет сыныбының ашылу тарихы мен кадеттерді тәрбиелеудегі басым бағыттар туралы тереңнен тартып сөз сөйледі. Өз сөзінде Ертай Дарменкулович: «Кадет сыныптарының түлектері – еліміздің болашақ қорғаны, жауынгері. Сондықтан да біз олардың тәрбиелі де білімді, өнегелі де өнерлі болып өсуі үшін бар күш-жігерімізді аямадық» — дей келе алғашқы қарлығаштарына үлкен өмірде сәттілік тіледі. Е.Андосовтан кейін сөз алған сынып жетекшісі И. А. Гуслякова, түлектердің ата-аналары да жүрекжарды ақ тілектерін айтып, алда келе жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеуден де сүрінбей өтулеріне тілектестік білдірді. Кадеттерге «Кинология қызметі» Басқармасының бастығы подполковник Р. В. Денин мектеп бітірушінің төлқұжаты – аттестат пен кадет сыныбының толық курсын тәмәмдағаны жайлы серти- фикатты табыстады. Сондай-ақ, «Жас шекарашы» кадет сыныбының әскери Туы 10 «А» «Жас шекарашы» кадет сыныбының оқушыларына ресми түрде табысталып, кинолог-мамандар шекарашы иттерімен бірге жүксалғышқа жасырынған жарылғыш зат пен есірткі тасымалдаушы адамды анықтап, шекараны бұзушыларды тұтқындау жұмыстарынан үзінді көрсетті. Мерекеліқ шара кадет сыныптарының 11 жыл білім алған мектебі мен ұстаздарына алғыс айтып, ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетелік, кадет сыныбын 19 кадет тәмәмдаса, оның ішінде 2 түлек «Алтын белгі» иегерлері атанды. Бітіруші түлектердің ішінде әскери мамандықты таңдап, болашақта Тәуелсіз Қазақстанның тыныштығын күзетіп, өмірін Отан қорғау ісіне арнауға бел буып отырғандар да бар. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, болашақ Отан қорғаушы азаматтарға сәттілік тілейміз.

Алмат ЕРЖАНОВ,
№7 орта мектептің
мұғалімі,
Кадет сыныбының
тәрбие жетекшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button