Алматы облысында үш ауысымда оқытатын мектеп саны азаюда
Алматы облысында үш ауысымда оқытатын 38 мектеп бар. Мұның тең жарымы Іле ауданында орналасқан. Ауданда мектеп жасындағы бала саны жыл сайын өсіп келеді.
Мұндай жағдайда жаңа білім ошағының қабырғасын қалау ауадай қажет. Былтыр ауданда 4 бірдей жаңа мектептің құрылысы басталған. Бұған 7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Аудан басшылығы осы арқылы үш ауысымдағы мектеп санын азайтуды көздеуде. Айталық Ілеге қарасты Түймебаев ауылындағы №19 мектепте 1200 бала қысыла-қымтырыла білім алуда. Мектептің өзі әуелде 340 оқушыға арналған екен.
Ауылда жылына 90-100 балаға дейін мектеп табалдырығын аттайды.
Амалсыз үш ауысымда оқытатын мектептің жанынан әзір 300 орындық нысан салынып жатыр.
Мектеп директоры Маржан Есенбаеваның айтуынша Іле ауданына қоныс аударушылар көп. Осы себепті үш ауысымдағы мектеп саны да артуда.
“Мектепке жапсарлас орналасатын нысанның құрылысы аяқталғасын үш ауысымда оқыту мәселесі шешімін табады. 1200-ден аса оқушыны сыйғыза алатын боламыз. Оның үстіне ескі ғимаратта асхана, спорт және мәжіліс залдары жоқ еді. Ал жаңа жобада мұның бәрі қамтылған”, – дейді ол.
Мектепке жапсарлас орналасатын жаңа ғимарат осы оқу жылында қолданысқа беріледі. Құрылыс басында 80-ге тарта жергілікті тұрғын тер төгіп жүр.
Іледегі құрылыс бөлімінің аға маманы Ержан Тұрысбаевтың айтуынша құрылысы қызу жүріп жатқан өзге білім ошақтары 2021 жылдың тамыз айында тапсырылады.
Оның ішінде Қараой ауылындағы 900 орынға арналған мектеп бар. Осынау білім ордасы қолданысқа берілгесін ауылдағы үш ауысымда оқыту мәселесі шешілмек. Құрылыс орналасқан 80 адамның бәрі де жергілікті тұрғындар.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінде әзір Іледе 48 бар. Оның 15-і үш ауысымда оқытады.
“Алдағы 2-3 жылдың көлемінде ауданда 10-ға тарта мектеп салынады. Ол өз кезегінде үш ауысымды оқытуды жоюға оң әсер етеді”, – дейді мамандар.