12 тамызда Сенат депутаттарының сайлауы өтеді – Ақорда
Сенатта барлығы 49 депутат бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жылдың 12 тамызы ҚР Парламент Сенаты депутаттарын сайлау науқаны өтеді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланған.
Жарлықтың толық мәтіні мынадай:
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 69 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өкілеттіктерінің конституциялық мерзімінің 2020 жылғы қазан айында аяқталатынына байланысты ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы 2020 жылғы 12 тамызға тағайындалсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, Сенатқа 14 облыстан, республикалық маңызы бар екі қаладан және астанадан екі-екі депутаттан сайланады. Сонымен қатар, тағы 15 депутатты Президенттің өзі тағайындайды. Депутаттардың мерзімі – 6 жыл.