Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратРухани Жаңғыру

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ҚАЙНАРЫ

Әлемдік өркениетке  ілесу үшін жеке ұлт болып қалу – бүгінгі күннің кезек күттірмес өзекті мәселесі. Ал төл тарихымыз бен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, ұлттық тәрбиеге терең мән беру – ұлттық бірегейлікті сақтаудың қайнар көзі.

Тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың бүкіл зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен ғалымдар арасында қызу талқылауға түскен стратегиялық мақаласы – Қазақстан халқын рухани дамыту мен ұлттық сананы жаңғыртудың негізі. Бұл саяси-идеологиялық құжат қазақ халқының стратегиялық бағытын анықтайтын, өткеніміз бен бүгінгіні болашаққа үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының жаңа тұжырымдамасы болып табылады.

Мақалада Елбасымыз Қазақстанның үшінші жаңғыру кезеңіне қадам басқандығын және бұл жаңғыру еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуін мақсат ететіндігін атап айтып, болашақ қазақ халқын рухани кемелденген, Біртұтас Ұлт ретінде қалыптастырудың басымдықтарын ұсынады.

Н. Ә. Назарбаев рухани құндылықтарымызды алға тартып, руханияттың әр саласын түгендеп, тарихымыз бен мәдениетімізді дамыту жайлы айтылған зерделі пікірі көңілге қуаныш ұялатып, кемел болашаққа жетелейді. Әрине, дамыған елдердің қай-қайсысын алсақ та, ең алдымен ұлттық рухты дамытып, саясат пен экономика ұлт мүддесі үшін қызмет етуге бағытталған. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы халықты терең ойға жетелеп, өткенімізді саралап, бүгінімізді бағалап, ұлттық кодты сақтай отырып жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойымызға сіңіру керектігін сөз етеді.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеп жүрген біз үшін, ұстаздар қауымы үшін, бұл мақаланың маңызы зор. Себебі, Қазақстанның үшінші жаңғыруы материалдық құндылықтардан гөрі рухани құндылықтарға басымдық беріп, уақыт сынынан сүрінбей өткен, көне дәуірден бізге жеткен озық дәстүрлерімізді табысты жаңғырудың негізі етіп алуды көздейді.

Бірінші тарауда ұлттық сана мен ұшқыр ой, білім мен бәсеке, прагматизм мен ұлттық бірегейлікті сақтау, эволюциялық даму қағидаттарын тізіп берді. Бұл алты қағидат эволюциялық дамудың басты межесі болып табылады. Елбасы айтқандай, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуға бет бұрғаны көңілімізді көкке жеткізіп отыр. Эволюциялық дамудың негізі ретінде әлеуметтік және гуманитарлық білім саласын дамыту – бабалар мұрасы мен еліміздің ұлттық ғұрыптары, салт-жоралғылары және ұлттық тәрбие беру арқылы өскелең ұрпақ бойында ұлттық сана қалыптастырудың бірден-бір жолы деп түсінемін.

Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқының санасын жаңғыртудың екінші бағыты ретінде қанымызға сіңген жағымсыз дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидалардан арылып, ұлттық және жеке байлығымызды үнемді пайдаланып, қанағатшылдық пен қайырымдылықты, ұстамдылықты насихаттайды. Кезінде Абай Құнанбайұлы сынаған жағымсыз мінез-құлықтар, «өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншек, бекер мал шашпақтық» әлі күнге елімізбен бірге жасап келеді. Бұл құжат халқымызды оятып, рухани жаңғыру арқылы кереғар қылықтардан арылуға шақырады. Мақалада айтылған бағыттар жүзеге асса, 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуді бастаймыз. Еліміз латын қарпіне көшсе, туыстас түркі тілдес ұлттарға бір-бірінің тілін де меңгеру жеңілірек болады әрі түркі халықтарының бір арнаға тоғысуына бірден-бір септігі тиері анық. Сондай-ақ, «100 жаңа есім» және «әлемнің үлгілі 100 оқулығы» жобаларын Қазақстан білімі мен мәдениетін дамытудың бірден-бір жолы екенін көзі қарақты жандар айтқызбай түсінері хақ.

Жалпы алғанда Елбасы мақаласында орын алған игі бастамаларды кезең-кезеңге, бағыттары- на бөліп қарастырсақ, ел дамуы мен өркендеуі үшін Қазақстан халқына арналған бағдарлама яки Қазақстан халқының ұстанар ұстанымы мен ұлттық идеологиясы деп қабылдауға болады. Біз – болашағы айқын, бағыты жолға қойылған елміз. Енді осы бағыттан адаспай, ілгері ұмтылсақ, ел болып жұмыла әрекет жасасақ, Қазақ елі әлемнің озық мемлекеттерінің қатарынан көрінетініне бек сенемін.

З. ТУРЕХОДЖАЕВА,
№7 орта мектептің директоры

Басқа жаңалықтар

Back to top button