Нұр-Сұлтан ауруханалары толуға жақын
Енді вирус жұқтырған науқастардың барлығын ауруханаға жатқызбайды
Елордада коронавирус жұқтырғандар санының күрт артуына байланысты енді олардың бәрін ауруханаға жатқызбайды. Тек халі орташа ауырлары және ауырлары ғана дәрігерлер бақылауына алынады.
Бұған дейін коронавирус жұқтырғандар арасында кімдердің ауруханаға жатқызылатыны туралы мәлімдеген болатынбыз.
«Ауруханаға жатқызу үшін коронавирус жұқтырған науқастың жағдайы орташа ауыр болуы тиіс. Егер симптомсыз болса, COVID-19-дың жеңіл түрімен ауырса, үйде амбулаторлық бақылауға алынады», — деді Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева.
Оның айтуынша, елорда ауруханаларында орын тапшылығы айтарлықтай сезіліп жатыр.
«Ауруханадағы орындар саны науқастардың көбеюіне қарай артып отырады. Оны жоспарлы жатқызуларды азайту, қайта жасақтау арқылы жүзеге асырамыз. Аймақтарда жетіспеушілік байқалмайды. Тек Нұр-Сұлтан қаласында дефицит жоғары. Жатын орындар 90%-ға толды. Дегенмен, қалалық мединциалық ұйымдардан бөлек, республикалық орталықтарды жасақтау арқылы орынды көбейтеміз», — деді Л. Ақтаева.
Оның сөзінше, елімізде коронавирус науқастарына арналған 36 684 орын бар. Соңғы күндері олардың саны 32,7 пайызға көбейген.