ӘЛ-ФАРАБИДІҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
Руханият
2020 жыл қазақ халқы үшін мерейтойға толы, мерекелік күндері көп жыл. Елге келген індетке байланысты осынау игі шаралардың басым бөлігі қашықтан, яғни онлайн режимде өтуде. Әлем деңгейінде аталып өтетін мерекелік іс-шаралардың бірі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы болса, екіншісі есімі дүние жүзіне мәлім, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан, мезгілдің қатыгез сынынан мүдірмей өткен, тарих перзенттерінің бірі және бірегейі – Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы.
Қазақ даласынан шыққан ғұламалар жайлы еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихи сананы жаңғырту үшін, ең әуелі, ұлт қаһармандарын үлгі тұтуға, олардың өнегелі өмірі мен артына қалдырған құнды еңбектерін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауды тапсырған еді. Қазіргі дүниені дұрыс танып, білу үшін, жақсы өмірлік жол таңдауда қателеспес үшін және жаңа мыңжылдықта білімді, тәрбиені адамгершілік пен ізгілікті дамыту үшін біз әр уақытта, әр дәуірде өзімізге дейінгі ұтымды идеялар мен қағидаларға сүйенгеніміз жөн. Оларды данышпан-ойшылдардың еңбектерінен ғана кездестіруге болады. Сондай құнды мұралардың иесі, киелі Отырар жерінен шыққан, ғұлама ғалым – әл-Фараби. Ол өзі өмір сүрген орта ғасырлардың өзінде адамзат ілімінің молайып, ақыл-парасаттың толысуын, оқу-ағартудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын атап айтты. әл-Фараби педагогика, психология, эстетика мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға, білім беру саласына жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ, ол парасаттылық пен ағартушылықты, білімпаздық пен ізденімпаздықты жақтаған үлкен гуманист. Ол бірнеше ғылым салаларын қамтитын 150-ге тарта трактаттар жазған.
«Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығының астарынан бір ғана мәселені, яғни, бала тәрбиесінің өте күрделі үдеріс екендігін айқын аңғаруға болады. Тәрбиені қажет ету мәселесінің адамзат қоғамымен бірге жасап келе жатқаны да талас тудырмайды. Өйткені, жас ұрпақ ғасырлар бойында қалыптасып, жүйеленген тәлім-тәрбиені, баба салтын санасына біртіндеп сіңіріп, оны дағдыға айналдырып отырады. Тәрбие мәселесі әрбір кезеңде озық ойлы ойшылдар мен тәлімгерлердің еңбектері мен пайымдық ой-пікірлерінен де көрініс тауып отырған. Солардың ішінде, өз заманында «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби де тәрбиеге ерекше мән береді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы» деген әл-Фарабидің атақты қағидасына сүйене отыра, алдымен, ұлы ойшылдың тәрбие жөніндегі ілімдеріне тоқталуды жөн көрдім. әл-Фараби шығармашылығында көрнекті орын алатын мәселенің бірі – тәрбие. Тіпті, оқып-білім алу, ғалым адам болу мәселесін тәрбиемен тығыз байланыстырады. Ол «Бақытқа жету жайында» атты еңбегінде тәрбиеге анықтама бере келіп: «Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген
этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту әдісі деген сөз… осы қасиеттер және бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан-дүниесін баурап алатындай және адамдарды осыған жан-тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді», — деп жазды.
Адамдарды, әсіресе, жастарды тәрбиелеуде ғалым бірінші орынға шынайы бақытқа жетуге кепіл болатын мінез-құлық тәрбиесін қояды. Кең мағынада алып қарасақ ғұлама бұл тәрбие ауқымына еңбек, эстетика, дене, гуманистік, патриоттық тәрбие түрлерін қоса қараған секілді. «Азаматтарды бақытқа жетелеудің жолы» атты еңбекте: «Қала әкімі мен мұғалім бірдей дәрежеде тәрбиеші болып табылады. Мұғалім бала тәрбиелесе, әкім қала тұрғындарын тәрбиелейді»,- деп ой түйеді. Оның пікірінше: «Оқып-білім алу арқылы дүниені танып білуге, оның әсемдігі мен толыққандылығын байқауға болады. Әрі оқып-білу үшін, әртүрлі кәсіпті меңгеру үшін, адамгершілік қасиетті қалыптастыру
үшін, талмай еңбек етіп, ерік-жігерді дамыту қажет, әрі оған тәрбиелеу және өзін-өзі тәрбиелеу арқасында жетуге болады». Ғалым тәрбиелеу әдістерін «Қатты әдіс» пен «Жұмсақ әдіс» деп екіге бөліп қарастырады. Ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтап кеткен. Қазіргі тәрбие үрдісі тұрғысынан қарағанда «қатты әдіс» деп отырғаны – «жазалау», ал «жұмсақ әдіс» деп отырғаны – «мадақтау». Демек, Фараби педагогикалық ықпал ету әдістерін алғаш ұсынған, оның тиімділігін дәлелдеп кеткен ғалым десек, қателеспейміз. Әбу Насыр әл-Фараби тәрбиеге көнбейтін, жөндеуге, түзетуге болмайтын адам болмайтынын, тек үйретуден, баулудан жалықпау керектігін айтады. Ғалымның бұл ойын Абайша айтсақ, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға».
Фараби «Бақытқа жету жолы» атты трактатында жастарды батырлық, жомарттық, қайырымдылық, қанағаттылық, шешендік, доспейілділік секілді қасиеттерді ұрпақ бойына сіңіру үшін қалай тәрбиелеу қажеттігі жайлы нақты баяндап, өзінің педагогикалық жүйесінің белгілі құрамды бөлігі ретінде бала тәрбиесі мен оқыту мәселесін қатар алып қарастырады. Ол баланың жеке және жас ерекшелігіне мән беріп, балаға қамқорлықпен қарап, қарым-қатынас жасауға баса көңіл бөледі. Ежелгі грек ойшылдарына сілтеме жасай отырып ғұлама балаларды белсенді түрде оқытуды 7-8 жасынан бастауды нұсқайды. Ол оқыту, білім беру мәселелеріне үлкен назар аударып, бұл тұрғыда көптеген түбегейлі, терең пікірлер айтқан. Ол «Философтардың қойған сауалдарына жауаптар» деп аталатын еңбегінде педагогика, оқу, оқыту мәселелеріне қатысты жайларға тоқталады. Мәселен, оқып-үйренуге «жаттап алу дұрыс па?» жоқ «түсініп алу дұрыс бола ма?» — деген сұраққа Әбу Насыр: «түсініп алған дұрыс, өйткені барлығын жаттап алу мүмкін емес, оларды белгілі бір байланыстары арқылы ойда топтастыру пайдалы»,- деп жауап береді. Бала тәрбиесі, қоғам мен халықтың балаларды оқыту жөніндегі қамқорлығы, жастарды халық өміріне байланысты біліммен қаруландыру, балаға оның жеке бас және жас ерекшеліктерін ескеріп, шын жүректен қамқорлықты қарым-қатынас жасау – барлығы әл-Фарабидің педагогикалық жүй- есінің құрамды бөлігі болды. Халықтан алып пайдаланылған көптеген ережелер оның ілімінің демократиялық, гуманистік өзегін құрады және педагогикасының озық бағыт- тылығын күшейтті. Ұлы ғұлама «ұстаздың мінез-құлық нормасы қандай болуы керек?» — деген сұраққа жауап бере отырып, балаға білім беру жөнінде, оған тәлім-тәрбие беру ісінде мұғалімге мынадай шарттар қояды: «Мұғалімдік еткен адамның өлшеуі (әдісі) тым өктем (қатаң) болмасын және асыра
босаңсытқан төмендікпен де болмасын. Егер тым қатты, үнемі ызғармен болса, онда оқушы мұғалімін жек көретін халге жетеді. Егер де өте босатып жіберген кішіпейілділік болса, онда оқушылар жағынан мұғалімді кем санау, ғылымына жалқау қарау қаупі туады»,- дейді. Бұл сияқты ұстамдылыққа, іскерлікке қол жету үшін Фараби атап көрсеткендей: «ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет, өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді». «Ұстаз ескерер бір жәйт – бұл шәкірттің мінез-құлқындағы жағымсыз мінезді, жағымсыз қылықты болдырмау, онда жақсы сипаттардың қалыптасуына мүмкіндік беру»,- деп атап көрсетеді Әл-Фараби. Адамның мінез-құлқын тәрбиелеуде ойшыл ұстаздардың жүріс-тұрыстарына, сөйлеген сөзіне, қимылына, жеке бас мәдениетіне баса назар аударып, оқушының сапалы білім алуына ұстаздың осындай қасиеттері үлкен роль атқаратынын айтады.
Сонымен, дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттің алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ойшылдың педагогикалық мұрасы да ұшан-теңіз, мол дүние екеніне көз жеткіздік. Ұлы ғұлама өз еңбектерінің басым бөлігін ұстаздық тұрғыдан, жас ұрпақты тәрбиелеу, қоғамның гүлденуін көздеп, тәлім-тәрбиелік мақсатқа орайластыра жазған. Иә, шәкірт тәрбиелеудегі Әбу Насыр әл-Фараби айтқан ұстаз бойындағы қасиеттерді бойымызға сіңіре білсек, білім мен тәрбиені ұштастыра алсақ, онда біз өзіміздің ұстаздық ұлы қызметімізде «Қайырымды қала тұрғындарын» тәрбиелеп, қоғамымыз ізгіленетін еді.
А. ОСПАНОВА,
№7 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі