Басты ақпаратБілім және ғылымРухани ЖаңғыруРуханият

САЛТ-САНАНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Елбасы Нұрcұлтан Назарбаевтың мақаласын оқып шығып, осындай ой түйгендейміз. Оның айтуынша, бұл ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн. Аймағымыздағы келер ұрпақтың алдындағы ардың ісін арқалап жүрген зиялы қауым Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ықыласпен түйсіне оқығаны анық. Олай дейтін себебіміз, мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ.

Мақалада: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – делінген. Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ. Әр халық ел болып ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды. Елбасының осы мақалада көтерген тағы бір маңызды, өзекті мәселесі – туған жерге деген махаббат. «…Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаныңтамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп атап өтті.

Расында, өзінің туған жерінің, туған өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Міне, патриотизм дегеніміз туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады.

Егер халықтың дәстүрі болмаса қалай дамып, қа¬лай өрістейді? Өткеннің тәлімді тәжірибесін алмай, алға қадам басуға бола ма? Кез келген халық шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрімен жаңаны жалғап барып қадам жасауы – оның өмір сүруінің алғашқы белесі. Осындай рухани тұтастық жоқ жерде ұлттық дүниетанымдық үзік пайда болады. Ұрпақ сабақтастығы деген халық болып ұйысып өмір сүру мүмкіндігі, жекешілдік емес, ұжымдық, елдік үрдіс болғандықтан ұлттық құндылықтарымызды дінімізбен сабақтастыра жаңғыртудың маңызы өте зор.

Н. САБАҚАНОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button