Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылым

АУДАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ

Ұлттық бірыңғай тестілеу Ащыбұлақ ауылдық округіндегі 20 орта мектепте №866 пунктінде бес күн бойы өтетін болады. Түлектердің қауіпсіздігі толықтай сақталған. 23-27 маусым аралығында ұлттық бірыңғай тестілеуге өтінім берілген 1359 түлек түгелдей кезең-кезеңімен өткізіліп жатыр.

Түлектерді тасымалдау «Жедел», «Саяхат» жауапкерлігі шектеулі серіктестіктері, қоғамдық көліктерімен қамтамасыз етуде. Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу орындары барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Биыл лег саны еселеніп, 5 лектен бес күн бойы өтеді. Тестілеу кезінде жергілікті полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Түлектердің ата-аналары үйде қалуы тиіс. Олар үшін тест өтетін аудиториядан онлайн көрсетілім арнайы http://www.instagram.com/ubt866/?hl=ru сайты арқылы ұйымдастырылған. Түлектер тест тапсыратын үстелдер нұсқаулықта көрсетілгендей 2 метр қашықтықта орналасқан. Мектепке кіреберіс жерге дезинфекциялайтын гигиеналық қолжуғыш қойылып, дезинфекциялық тоннел де қарастырылған. Әр түлекке екі бетперде беріледі. Аудиторияларда мемлекеттік комиссиядан
бөлек арнайы білім министрлігімен тағайындалған жоғары оқу орындарынан келген коммиссия мүшелері қатаң бақылауда алған.

Бірыңғай тестілеудің ең алғашқы күні бірден 18 мектептен, 272 бала тапсырса, екінші күні 9 орта мектептен 273 бала өз білімдерін сынады.

Өкінішке орай тестілеу кезінде өрескел қателікке жол беріп жатқандар да аз емес. «Бала, баланың ісі шала» демекші, бірі өздерімен бірге ұялы телефондарын жасырып алып кірсе, енді бірі «замазкамен» де ұсталды. Тест кітапшасының бетін жыртып алған түлектер де кездесіп жатыр.

Бақылаушылардың ескертуіне құлақ аспаған жас түлектер бірден аудиториядан шығарылып жатыр. Қуанатын да жағдайлар аз емес. Мысалы, 12 орта мектептің түлегі Айгүл Ниязова аудан көлемінде ең көп ұпай жинап, 129 баллмен көш бастап тұр.

Айгүл Ниязова тестілеу кезінде алған әсері жайлы сұрағымызға берген жауабында: «Биылғы Бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындығым өте жақсы болды. Отбасымызда төрт бала болсақ, менің алдымдағы аға-әпкелерім де мектепті «жақсы» деген бағамен бітіріп, тестілеуден жоғары балл жинағандар. Аллаға шүкір, барлығы мемлекеттік грант есебінде білім алды. Мен де отбасымның абыройын асқақтатып, грант иегері атанып, жоғары деңгейден көрінгім келді. Ата-анамның үмітін ақтау үшін барымды салдым. Тестілеу уақытында қобалжыдым. Жан-жағымызда камера.

Бақылаушылардың қатаң қадағалауы да әбігерге салып, психологиялық қысым түскендей әсер қалдырады екен. Өкінішке орай, дайындығымыз жартылай қашықтықтан өткеннен кейін өзінің белгілі бір қиындығы да болды. Бірақ, оған қарамастан алдыға қойған жоспарымды орындадым. Менің кейбір сыныптастарым мен жанымдағы құрбыларымның өз деңгейінде балл жинай алмауына осы қашықтықтан оқудың зияны тиген шығар», — деп өз пікірін білдірді. Біз де ауданымыздың әрбір түлегі жоғары жетістіктерге жетіп, білім шыңын бағындыруларына тілектеспіз.

 

Б.ТОҚАНҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button